Қоғам • 09 Тамыз, 2019

Қазақстанда автожолдардың нашар сапасына қарсы күрес күшейтіледі

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР ИИДМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мен Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандумның басты мақсаты жолдың нашар сапасына қарсы бірлескен күрес болып табылады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда автожолдардың нашар сапасына қарсы күрес күшейтіледі

Құжатқа қол қою барысында жол секторындағы ірі мердігерлік компаниялардың басшылары өз пікірлерін білдірді. Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының президенті Әсет Асаубаев құрылыс сапасын арттырудың негізгі тетігі ретінде «Кәсіби кодексті» енгізу мәселесі бойынша сөз сөйледі. Бұл кодекс құжатқа қол қойған компанияның жұмыс сапасымен келісетінін білдіреді.

Ең өткір мәселелердің бірі – экологиялық зиянды деп саналатын ескі асфальт қалдықтары. «Жол активтерінің ұлттық жол-көлік орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушы Замир Сағынов құрылыс қоқыстарын қалдыратын компаниялар үшін айыппұлдарды ұлғайтуды ұсынды.

Сонымен қатар құрылысшылар күніне орай 2019 жылы 9 тамызда Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы Қазақстанның автожол саласындағы еңбек ардагерлерінің, «Атамекен» ҰКП, автомобиль жолдары комитеті, Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшыларының қатысуымен Қауымдастық мүшелерінің кезектен тыс конференциясын өткізді.

Конференцияда 2019 жылдың 1-жартыжылдығындағы қауымдастықтың қызметі туралы есеп, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы, ҚР Автомобиль жолдары инженер-құрылысшыларының кәсіби кодексі қабылданды, сондай-ақ Қауымдастықтың кеңесі мен тексеру комиссиясының мүшелері сайланды.

Салтанатты жағдайда автожол саласының еңбек ардагерлері Ботагөз Байғожина, Татьяна Сигачева, Мамырбек Жырымбаев, Тагир Рафиков, Дамир Алимов естелік сыйлықтармен және кәдесыйлармен марапатталды.

Конференцияға қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының бизнес пен ИИДМ арасында диалог орнату, норма шығармашылық бастамаларды шығару кезіндегі маңызды рөлін атап өтті, автожол саласына эскалацияны қайтару мәселесі бойынша жұмыс бағытын атап өтті.