14 Наурыз, 2013

Демократиялық мемлекеттегі электораттық процесс – үздіксіз құбылыс

415 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Демократиялық мемлекеттегі электораттық процесс – үздіксіз құбылыс

Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:41

Жыл сайын елімізде кезектi сайлау не шығып қалғандардың орнына сайлау сияқты түрлі сайлау науқандары болып жатады. 2013 жылы да біраз сайлау науқандары болғалы тұр. Қоғамның басты назары алдағы әкiмдер сайлауына ойысып отырғанымен, қазіргі уақытта елімізде екі өте маңызды сайлау науқаны нағыз қызған шағында өтіп жатыр, бұл – Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына сайлау және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау.

 

Бейсенбі, 14 наурыз 2013 2:41

Жыл сайын елімізде кезектi сайлау не шығып қалғандардың орнына сайлау сияқты түрлі сайлау науқандары болып жатады. 2013 жылы да біраз сайлау науқандары болғалы тұр. Қоғамның басты назары алдағы әкiмдер сайлауына ойысып отырғанымен, қазіргі уақытта елімізде екі өте маңызды сайлау науқаны нағыз қызған шағында өтіп жатыр, бұл – Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Парламент Сенаты депутатының орнына сайлау және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау.

Олардың алғашқысы алдағы жұма күні, 15 наурызда өтеді, ал екiншiсі наурыздың соңғы жексенбiсiнде болады. Осы науқандардың өткізілу барысы туралы бізге Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВ әңгімелеп берді:

– Бақыт Сәрсенбайұлы, әңгімемізді әуелі Сенат сайлауынан, және, ең алдымен, оқырмандарға Парламенттiң жоғары палатасының депутаттарын сайлаудың жалпы тәртiбін еске сала кетуден, сондай-ақ шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткізудің себебiн түсiндiруден бастауды жөн көріп отырмын.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Парламенттiң жо­ғары палатасының он бес депутатын рес­пуб­лика Президенті тағайындайды. Қал­ған 32 депутат тиісті өкілді органдардың бір­лес­кен отырыстарында әр облыстан, респуб­ликалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан алты жыл өкiлеттiк мерзiмге сайланады. Сайланатын Сенат депутаттарының жартысы әр үш жылда қайта сайланып отырады. Сонымен, палатаға кезектi сайлау да осындай аралықпен өткiзіледi.

Бірақ өмірдің бір орында тұрмайтыны белгілі және кез келген депутаттың заңда белгіленген себептермен өзінің депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыра алмайтын жағ­дайларға кез келуі әбден мүмкін. Осындай себеп­тердің бірі – депутаттың басқа мемлекеттік қызметке та­ғайын­далуы. Міне, Солтүстік Қазақстан об­лы­сы­нан шығып қалған депутаттың орнына сай­лаудың өткізілуі де осы себепке байланыс­ты болып отыр.

– Дегенмен, Сенат депутаттығына кан­ди­даттардың осы санатына қойылатын та­лаптар өзгерiссiз қалып отыр емес пе?

– Әрине, олар Конституция мен сайлау заңнамасының нормаларымен айқындалған. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті об­лыстың, республикалық маңызы бар қа­ланың не республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.

– Ұсынылу рәсiмi қандай? Солтүстiк Қазақстан облысында неше кандидат ұсынылды және тiркелді?

– Сайлау туралы заңға сәйкес, Сенат депутаттығына кандидаттарды мәслихаттар ұсынады, сондай-ақ, өзін өзі ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Тiркелу мүмкiндігін алу үшiн «үміткерлер» облыстың мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде 10% -ының қолдауына ие болуы тиіс. Сондай-ақ мәслихаттардың әрқайсысында олар депутаттардың 25%-ының өздерін қолдайтын қолдарын жинауға құқықтары болды.

Ортсайлауком бекіткен Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтiзбелiк жоспарына сәйкес Солтүстік Қа­зақстан облысынан шығып қалған Сенат де­путаттығына кандидаттарды ұсыну 27 қаң­тардан бастап 14 ақпан аралығында, ал тіркеу 2013 жылдың 22 ақпанына дейін жүргізілді.

Сайлау науқаны барысында барлығы бес үміткер ұсынылған болатын. Олардың үшеуін облыстық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттар ретінде тіркеді. Олар – өзін өзі ұсыну тәр­ті­бі­мен өз кандидатураларын ұсынған Е.Қар­баев пен Қ.Сәдуақасов, сондай-ақ, Тайынша ау­даны мен М.Жұмабаев ауданының мәс­ли­хаттары ұсынған С.Біләлов. 2013 жылғы 12 наурызда Е.Қарбаев жеке өтініші бойынша өз кандидатурасын алып тастады.

26 ақпанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында «2013 жылғы 15 наурызға тағайындалған, Солтүстік Қазақстан облысынан шығып қалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлауға арналған сайлау бюллетені туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулымен сайлау бюллетенінің мәтіні бекітіліп, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық сайлау комиссиясының бюлле­тень­дерін жеткізіп беру мерзімдері (13 наурыздан кешіктірмей) айқындалды. Қазіргі уақытта барлық бюллетеньдер жеткізілді.

– Сонымен, қазір кандидаттар сай­лау­дың негізгі кезеңін, яғни дауыс беруді күтуде ғой. Бұл үдеріс қалай өткізілмекші?

– Өте орынды сұрақ. 13 наурызда сағат 24.00-де сайлау алдындағы үгіт аяқталды. Енді барлығы дауыс беру барысында шешіледі. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарына сайлау жанама сайлау құқығы негiзiнде, яғни таңдаушылардың – Солтүстік Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылады.

Таңдаушылардың тізімдері жергілікті БАҚ-та жарияланды. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және оның нәтижелерін жариялауды Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы бір күннің ішінде – 15 наурызда жүргізеді. Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледі. Бірлескен отырыста Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы төрағалық етеді. Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мен өкілдерінің қатысуы қажет. Қазіргі уақытта таңдаушылардың бірлескен отырысы өтетін үй-жайда облыстық сайлау комиссиясы дауыс беру пунктін ұйымдастырып, оған кабиналар, жәшік және т.б. қойды.

Сенат депутаттарын сайлау жөнiндегi бiрлескен отырыстың өткiзiлгенiн куәландыратын құжат Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты хатшысының сайлау комиссиясына тапсыратын бiрлескен отырыс хаттамасы болып табылады. Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы дауыстарды санауды осы дауыс беру пунктінде жүзеге асырады. Дауыс беру нәтижелері дауыстарды санау хаттамасында көрсетіледі, оған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қойып және таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі, хаттама сайлау күнінен бастап екі күндік мерзімнен кешіктірмей, Ортсайлаукомға жіберілуге тиіс.

– Кандидаттың жеңу шарттары қандай? Жеңу үшін дауыс санының қарапайым арифметикалық көпшілігі жеткілікті ме?

– Егер Сенат депутатын сайлау жөнiндегi отырыста болған таңдаушылардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi. Қайта дауыс беру Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптары сақтала отырып, бастапқы дауыс беру болған күнi өткiзiледi.

– Сайлау қорытындылары қашан жарияланады?

– 2013 жылғы 21 наурыздан кешіктірмей, Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындыларын белгілеп, 24 наурыздан кешіктірмей БАҚ-та жариялауы тиіс.

– Түсінікті. Ал мәслихат депутаттарын сайлау науқаны қалай өтпекші?

– Қазір ол да өзінің соңғы межесіне жақындап қалды, бірақ 31 наурызда болатын дауыс беру күніне дейін кандидаттардың үгіт жұмыстарымен белсене айналысуына әлі уақыттары бар.

Республиканың 13 өңірінде 57 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына барлығы 6 облыстық, 13 қалалық және 38 аудандық мәслихат депутаттары сайланатынын естеріңізге сала кетейін.

Сайлау науқаны барысында 167 кандидат ұсынылды. Қазіргі сәтте кандидаттарды тіркеу аяқталды. 157 адам тіркелді. Бүгінде сайлау алдындағы үгіт жүргізілуде, ол 29 наурызда 24 сағатта аяқталады. Сайлау күнінің алдындағы күні және дауыс беретін күні сайлау алдындағы үгітке тыйым салынған. Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Орталық сайлау комиссиясына шағымдар мен өтініштер келіп түскен жоқ.

– Саяси партиялар осы сайлауда белсен­ділік көрсетті ме?

– Барлық саяси партиялардан 59 мәслихат депутаттығына кандидат ұсынылды, тағы 108 кандидат өзін өзі ұсыну құқығын пайдаланды. Тіркелген кандидаттарға қатысты айтар болсақ, 60 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері болып табылатынын мәлімдеді, 68-і – партияда жоқ, тағы 29-ы өздерінің партияға мүшелігін көрсетпеген.

– Кандидаттардың орташа жасы қандай және олардың қаншасы әйел?

– Кандидаттардың орташа жасы – 40 жас. Тіркелген кандидаттардың ішінде – 119 ер адам және 38 әйел адам бар. Мамандығы бойынша: 41-і оқытушы; 22-сі инженер; 13-і ауыл шаруашылығы мамандары (агрономдар, зоотехниктер және т.б.); 12-сі экономист; 9-ы заңгер; 4-еуі дәрігер; 23-і басқа мамандық иелері.

– Иә, осы наурыз айы электораттық оқи­ғаларға толы екен. Сізге сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды айта отырып, алдағы сайлауда сайлаушылардың белсенділік көрсететініне сенім білдірейік.

– Мен де сенемін және мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау болатын сайлау округтерінде 16 нау­рыздан бастап азаматтар тиісті учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылардың тізімдерімен таныса алатынын, сайлаушылар тізімдеріндегі өзі туралы деректерді тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы екенін естеріңізге салғым келеді.

Барлық азаматтарды осы мүмкіндікті қалт жібермей, дауыс беру күні өз таңдауларын жасауға шақырамын.

Әңгімелескен

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».