Қоғам • 12 Тамыз, 2019

Құрбан айт – ұлық мейрам

32 реткөрсетілді

Кеше еліміздің барлық мешіттерінде айт намазы оқылып, күллі мұсылман баласы үшін ұлық мейрам – Құрбан айт басталды. Яғни, айт намазынан кейін әркім өзінің мүмкіндігіне қарай құрбан шалу құлшылығын орындады. Бұл рәсім әлі де екі күн жалғасады.

Аталған құлшылықтың маңызы туралы шығыстанушы ғалым Заур Жалилов осы әрекеті арқылы мұсылман баласы Алланың  ризашылығына бөлену­ге үміт ететіні туралы айта келе, бұл мейрам Орта Азия халықтарының ежелгі салты бойынша діни мазмұнынан бөлек, тағы бір қыры гуманистік аспекті­лерге негізделген өте зор құндылық дейді. Демек, мұсылман баласы осы құл­шы­­лығы арқылы Жаратушыға жақын­дау­мен қатар, туыстарына қамқорлық жасап, жағдайы төмен адамдарға көмек қолын созуы екі бастан анық нәрсе.

Өйткені Ұлы Иеміз біздің бір жапы­рақ етке мұқтаж емес. Құран кәрім­нің «Хаж» сүресінің 37-ші аятында: «Олардың (құрбан малының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Тақуа­лықтарың ғана жетеді» деген ашық үкім бар. Осындағы аяттың тірі тәпсірі тәріз­ді мына бір сүннет амалын айтпай кетсек болмас. Бірде үлкен сахаба Омар ибн Хаттаб (р.а.) құрбандық шалу үшін түйе сатып алыпты. Келе жатып алған түйесінен де семіз үлкен түйені көріп қалып, Алланың ризашылығы үшін ана семіз түйені соямын дегенінде, пайғамбарымыз оған: «Омар, сойған малының еті де, қаны да Аллаға бармайды, тек сенің ықыласың ғана жетеді. Атап қой­ған малыңды соя бер» дегені жайлы хадис бар.

Яки жоғарыда айтылған шариғат үкімдерін қазақтың жалпақ тілімен жеткізер болсақ, құрбандық құлшылығы әуелі бір Аллаға бағытталып, шалынған мал еті жоқ-жітіктің жыртығын жамай­тын көңіл қуанышына айналуы керек. Өзі­нің білімдарлығымен аты шыққан төртінші халифа Әли ибн Әбуталиф айтқандай, байлар кедейлерге көмектесіп тұрса, ал кедейлер дүние үшін ақыретін сатпаса, ондай елде ешқашан бүлікшілік болмайды.

Кейбір адамдар тарапынан құрбандық шалу рәсімін ысырапшылдыққа балап, бейуаз мал байғұсқа обал деген сыңайлы пікірлер де айтылып қалып жатыр. Әрине жеке тұлғаның өз ойы мен жеке пайымы болғаны дұрыс. Дегенмен біз білетін бір ақиқат бар. Адам өлшеулі, Алла өлшеусіз. Абай атамыз 38-ші қара­ сөзінде айтқандай, «өлшеулімен өлшеу­сізді білуге болмайды». Оның сыр­тында құрбан шалу құлшылығының пай­да болу тарихы тым тереңде. Дін­тану­шы Мұратбек Қыстаубаев бауыры­мыз­дың пайымынша, құрбан айт мер­екесі 642 жылы пайғамбарымыз Мұхам­медтің (с.а.у.) нұсқауымен ұлық пайғамбар Ибраһимнің құрметіне орай қалыптасқан.

Ол ненің құрметі дегенге тоқталар болсақ, барлық пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһимге түсінде Алла тағала «ұлың Исмайылды құрбандыққа шал» деп аян береді. Ұлы Жаратушының үкімін қалтқысыз орындау үшін қарт пайғам­бар баласын жетектеп, қазіргі Мекке қаласының шет жағы Мина жазы­ғына құрбандыққа шалуға алып келеді. Дәл үкім орындалар сәтте Алла тара­пынан уахи түсіп, Исмайылды боса­тып, оның орнына мынаны шал деп көктен қошқар түсіреді. Міне, содан бері Ибра­һим пайғамбардың Жаратушыға шынайы берілген құрметі үшін кейінгі барлық мұсылмандарға ақырзаманға дейін құрбан шалу міндеті жүктелген.

Сонымен қатар құрбандыққа шалынатын малдың да шариғат бекіткен шарты бар. Бұл шарт сақталмаса құрбандық қабыл емес. Ол қандай шарт? Біріншіден, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдары жарамды саналады. Құрбанға шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) құрбандық мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтын дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей тым арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген.

Құрбан шалуға ниет еткен мұсылман­ның атқарар әдебі жайлы Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқармасының тарапы­нан бекітілген «Ислам ғылым­халы» атты кі­тап­та, мал бауыздай­тын пы­шақ өте өт­кір болуы шарт, одан кейін құр­бан­дықт­ың басы құбылаға қара­тылғаны дұ­рыс, со­ңын­да малдың аяғын жақсылап бай­лап ба­уыз­­да­мас бұ­рын міндетті түрде «Бисмил­ляхи, Аллаху акбар» деп дұға жасайды, делін­ген.   

Ислам ғалымдары құрбандықтың етін Құран кәрімде айтылған «Құрбанның еті­нен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен ке­дей­лерге жегізіңдер» деген аят бойынша, ет­тің бір бөлігін иесі өзі алады, бір бө­лі­­­гін жағдайы нашар адамдарға тара­та­­­ды, үшінші бөлігін садақа ретінде жоқ-жі­­тікке берген абзал деген пәтуаны ұстан­уда.

Сөзіміздің соңын Алматыдағы Нұр-Мүбарак ислам университетінің док­торан­­ты, исламтанушы Қуат Қабдол­даның әлеуметтік желіге жариялаған: «Егер құрбан шалатын болсаң малды қаншаға сатып алғаныңды көпшілік ортасында, достарыңның жанында айтпа және қымбатқа алсаң ренжіме. Өйткені бұл құрбандығыңды Аллаға жақындау ние­ті­мен шалып отырсың. Алла тағала се­нің айтқаныңды естиді, сондықтан ғиба­датыңды жақсы ниетпен орында. Себе­бі ол Алланың бұйрығы. Жарат­қан Иеміз Құранда: «Кім Алланың белгі­лерін ұлықтаса күдіксіз ол жүректің тақуа­лы­ғынан» деп бұйырған» деген құнды пікірімен аяқтағанды жөн көрдік. 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Байсал тартқан балалар өлеңі

Әдебиет • Бүгін, 08:30

Күзетшіге мұқтаж елміз

Қоғам • Бүгін, 08:25

Қыңыр кісі – бір жақ...

Аймақтар • Кеше

Айдаһар үңгірі

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар