Адал еңбек абыройға бөлейді
Жұма, 29 наурыз 2013 1:39
Қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. Әсіресе, қазіргі бәсекелестік өрістеген шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалай және қайда дайындаған жөн? Мемлекет тарапынан мамандарды қайта даярлаудың тиімділігі бар ма? Шағын және орта бизнесті қарқынды дамыту бағытындағы қадамдар жемісін бере ме? «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Атырау облысына жұмыс сапары кезінде осы мәселелерге баса назар аударылды.
Жұма, 29 наурыз 2013 1:39
Қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. Әсіресе, қазіргі бәсекелестік өрістеген шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды қалай және қайда дайындаған жөн? Мемлекет тарапынан мамандарды қайта даярлаудың тиімділігі бар ма? Шағын және орта бизнесті қарқынды дамыту бағытындағы қадамдар жемісін бере ме? «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Атырау облысына жұмыс сапары кезінде осы мәселелерге баса назар аударылды.
Өйткені, елімізде жоғары оқу орнын бітірген жастар қапелімде тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Жұмыс берушілердің барлығы дерлік, әсіресе, өңірде қарқынды даму жолына түскен мұнай-газ өнеркәсібіндегі отандық, шетелдік кәсіпорындар жоғары оқу орнын бітірген жастардан үш не бес жылдық еңбек өтілі болуын талап етеді. Немесе, шет тілін меңгеруі сұралады. Қалай дегенде жас маманды жұмысқа қабылдамаудың сан түрлі айла-шарғысы жасалады. Жоғары оқу орнын бітіргенін дәлелдейтін дипломы болса да, тұрақты жұмыс таба алмай қиналған жас маманның бірі – Әсет Мұрзабаев. Енді ол «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы» аясында екінші мамандық алуды көздеп, Атыраудағы индустриялық колледжге оқуға түсіпті. Қазір электр жөндеуші мамандығын меңгеруде.
– Осы колледжде алған білімім алдағы уақытта тұрақты жұмысқа орналасуыма жол ашады деп ойлаймын. Мемлекет біз секілді жастардың болашағы үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруды қолға алғанына қуаныштымын. Екінші мамандықты меңгеруім – осы бағдарламаның жемісі, –дейді Әсет Мұрзабаев.
Индустриялық колледждің бүгінгі еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие сан алуан мамандық иелерін дайындауына толық мүмкіндігі бар. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңа дәуірдің озық технологиясымен жабдықталып, дуальді оқыту жүйесі де енгізілген. Соңғы 3 жылда бұл оқу орнын 3400 маман бітіріп, оның 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде аргонмен дәнекерлеушілер, құбыр құрастырушылар мен құрылысшы секілді аймақтағы ірі жобаларға қажетті мамандар даярланған. Мәселен, Наурызбек Айтпаев екі мамандықты меңгеріп, шағын және орта бизнес саласындағы мекемеге электрші болып жұмысқа орналасыпты. Жас маман қазір 100 мың теңгедей табыс табады. «Мен де «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен құбыр құрастырушы мамандығын алған едім. Алайда, екінші мамандықты меңгеру қажет болды. Сөйтіп, аталған бағдарлама арқылы электрші мамандығын алдым», дейді колледж түлегі Н.Айтпаев.
Өрімдей жастардың еңбекке орналасуына «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа доктринасында басымдық берілген. Атыраудағы индустриялық колледждің маман даярлау үдерісімен танысқан партия Төрағасының бірінші орынбасары жас буынды еңбекке баулудың маңыздылығына айрықша тоқталды. «Біздің ұлттық университеттердің маман даярлау сапасы жақсарып келеді. Бірақ, жоғары оқу орнын бітірген жастардың бәрі бірдей жұмыс таба ала ма? Осы мәселенің оңтайлы шешілуін алдын ала ойластыру қажет. Әрине, жастар абыройға бөленеміз, биікке көтерілеміз десе, оған тек қана білімнің, адал еңбектің арқасында қол жеткізетінін ұмытпауы қажет. Сол себептен, біз партияның доктринасында адал еңбек құндылығына баса назар аударып отырмыз», деді Б.Байбек.
Білікті маманның тек ірі компанияларға ғана емес, сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласына да қажеттігін кәсіпкерлер жоққа шығармайды. Сол себептен әр саладан нәсіп табатын кәсіпкерлер арнаулы орта оқу орындарымен байланыс орнатып, жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасауға көшіпті. Сондай мекеменің бірі – «Альянс-СК» серіктестігі мемлекеттің қолдауын да сезініп отыр екен. Серіктестіктің атқарушы директоры Андрей Типаковтың айтуынша, 2011 жылы пластикалық терезелер шығаратын қондырғыны іске қосу үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы несие алыпты. Соның нәтижесінде дайын өнім шығару көлемін 2,5 есеге арттырыпты. Өткен жылы 400 миллион теңгенің өнімін шығарған бұл мекемеде қазір 79 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Махамбет ауданының жастарымен де кездесті. Мұнда да ел ертеңі – жастарды тәрбиелеу мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Ең бастысы – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Әрине, оның жолдары сан алуан. Қарапайым еңбек адамының тәжірибесін насихаттау арқылы елдің өркендеуіне үлес қосудың маңыздылығын ұғындыруға болады емес пе? Б.Байбек қоршаған ортаға жанашырлықтың үлгісін «Жеңіс бағына» жас көшеттер отырғызу арқылы көрсетті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.