Ілкіде Алакөлге адам келсе деуші едік, енді көлдің Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысында орналасқан қос қапталдағы жағалауында жаздыгүні ине шаншар орын жоқ. Бұл – өңір экономикасы үшін, отандық туризм үшін жақсы, әрине. Бірақ табиғат ана тіксініп тұрғандай. Өйткені табиғатты пайдаланушылардың тәртібі келіспей тұр. Қазір жағалаудағы жұрт жанына жайлы тынысты іздесе, демалушы қалтасын сауған кәсіпкер ісінің ілгерілей беруін ғана ойлайды. Ал қызмет көрсету, қоршаған ортаны қорғау қаперге кіріп шықпайды. Соның салдары – жағалауда бей-берекет орналасқан қонақ үйлерден шыққан тонналаған қоқыс демалыс аймағынан ұзамай-ақ әр жерге төгіледі. Қатаң қадағалаудағы қоқыс полигондары жоқ. Қалдық суларды сорушы-тасушы техникалар да жеткілікті емес. Көктемгі қар суымен құлдилап мұның бәрі көлге құйылады. Сарқынды су септиктерге жиналады. Орталық кәріз құбыры тартылмаған. Ал облыс әкімдіктері көлге жыл сайын жүздеген мың, тіпті миллионға жуық турист келгеніне есеп берумен шектеледі. Ал олардың есебіне сай әлеуетті инфрақұрылым ең алдымен тазалық-санитарлық шараларына арналуы тиіс қой. Бұл жердің топырақ қыртысының ерекшелігі – жерасты суларының жердің үстіңгі қабатына тым жақын орналасуы әрі көл суымен байланысуы. Яғни көлге үлкен қатер төніп тұрғанын байқау қиын емес.
Таяуда Алматы облысының Экология департаменті сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша «ALMATRADEGROUP» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Су көл жағасында орналасқан екі бассейнге (балалар мен ересектерге арналған) заңсыз орнатылған құбырлар арқылы ағызылып келіпті. Департамент өкілдері кәсіпорынның құжаттарын қарап, судың сынамаларын алды. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы нәтижесінде қоршаған ортаға сарқынды судың рұқсатсыз ағызылғаны анықталды. Экологиялық заңнама бұзушылықтары үшін әкімшілік айыппұл салынды, сарқынды суларды ағызған құбырларды жою туралы ұйғарым берілді. Сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы анықталуда және аталған мекеменің қызметін тоқтату туралы сотқа талап арыз берілмек.
Тиісті органдардың мәліметінше, қазір су ресурстарының сапасы тұрақты, қоршаған ортаға қауіп байқалмайды. Десе де, алаңдауға негіз бар. Өткенде ғана тағы бір демалыс үйінен Алакөлге тұрба арқылы су ағызылған болатын. Қазір аталған жерден алынған сынамаға зертханалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі, Алматы облысы əкімдігі жəне құқық қорғау органдары мамандарынан тұратын арнайы комиссия мүшелерінің араласуымен көл жағасында орналасқан «Көктем гранд резорт» ЖШС қонақ үйі қазір көлге су ағызуды тоқтатты. Тексеру соңында көлге су ағызған кәсіпкерлерге қатысты шара қабылданбақ.
Осы іспетті кешенді тексеру жұмыстары қызмет көрсету орталықтарына қажет. Ал осы аралықта Алакөл жағалауына орталықтандырылған кәріз жүйесі мен су желісі инфрақұрылымының жобасын ойластыруды тездеткен ләзім.