Қоғам • 12 Тамыз, 2019

Шенеуніктің көптігі пайда ма, зиян ба?

744 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әрбір адамның өзіндік ерекшелігі болатыны сияқты әр мемлекетте де өзіндік ерекшелік бар. Кешегі Кеңес Одағынан шыққан елдердің бір ерекшелігі сол – біздерде шенеуніктер отряды орасан зор. Бұл бізге бюрократиялық социалистік жүйеден қалған мұра. Ол кезде дүниенің бәрі өкіметтікі, меншік те тек мемлекеттікі болған соң, бақылау көп болсын деген болуы керек, шенеуніктерді қаптатып жіберген. Соның зардабын әлі де белшеден кешіп келеміз. Кейде бұл кесел тіпті асқынып кетеді.

Шенеуніктің көптігі пайда ма, зиян ба?

 Ал дамыған шетелдерде шенеуніктердің саны салыстырмалы түрде көп емес. Бірақ шетел­дердегі мемлекеттік қызметшілердің санын айтқанда біз кейде асыра сілтеп жібе­ретініміз де бар. 128 млн халқы бар Жапонияда 9 мың ғана шенеунік қана бар екен деген сөздерді біздің ақпарат құралдарының біразы таратып жіберіп, оны депутаттарға дейін мысал қылып, көпке дейін ауыздан түспеді. Ал шын мәнінде Жапонияның барлық мемлекеттік қызметкерлері 584 мыңдай екен. Олар «қатардағы қызмет» және «айрықша қызмет» болып екіге бөлінеді. Осының соңғысы ғана 9 мыңнан артық. Халық санына шаққанда бұл елде 219 адамға бір шенеуніктен келеді. Ал халқының саны онымен қарайлас Ресейдегі (142 млн) шенеуніктер саны 1 млн 273 мың көрінеді. Демек, 111 адамға бір шенеуніктен келеді. Осының өзі бюджетке орасан зор салмақ, соншама артық шенеунікті ұстау үшін жыл сайын миллиардтаған қаражат артық шығындалады. Екі мемлекеттің экономикалық дамуын салыстыратын болсақ, жер мен көктей. Табиғи ресурстары Ресеймен салыстырғанда жоққа тән Жапония әлемдегі үшінші экономика. Бұл жапон технологиясының жоғары дамуымен ғана емес, жұмысты ұтымды ұйымдастыра алғандығының, бюрократиялық кедергілерді азайтқандығының арқасында қол жеткізіліп отырған табыс.

Он сегіз миллион ғана халқы бар Қазақ­станда 100 мыңға жуық шенеунік бар екен. Демек, бізде әрбір 180-дей адамға бір шенеу­ніктен келеді. Салыстырмалы түрде айтқанда орта деңгейде екенбіз, алайда жұмыс сапасы, шенеуніктердің біліктілігінің сын көтер­мейтіні туралы талай жерде айтылып жүр. Шенеуніктер корпусын ұстау үшін біздің елдің бюджетінен жыл сайын 600 миллиардтан артық қаражат бөлінеді. Сондықтан оларды қысқарту туралы әңгіме үнемі айтылуда.

Әрине, экономиканың дамуын жеделдету үшін шенеуніктер қатарын жедел қысқарту керек десек, қателесеміз. Оның үстіне, негізінен біреудің қол астында істеуге бейіл біздің халқымыз «қысқартуға» іліксе, жарым-жартылай психологиялық депрессияға ұшырап, елде әлеуметтік толқулар тууы да мүмкін. Бірақ солай болады екен деп шенеуніктер санының тым көптігінің салдарынан көзге ұрып тұрған әлеуметтік, экономикалық дамудың да тежеліп отырғанын да айтпай қоя алмаймыз. Мысалы, бір рұқсат қағаз беру орнында төрт адам істейді делік. Рұқсат қағазды қатардағы маман дайындайды. Сондықтан кәсіби шебердің жарты-ақ сағатта дайындайтын құжатын қиналған жас маман бір күнге созады. Одан оны бас маманға көрсетеді. Соңғысы қателіктерін көрсетіп, жөндеп әкелуге жұмсайды және оны бір емес, бірнеше рет қайтаруы мүмкін. Қағаздың осылай қыдыруының өзі кем дегенде 1-2 күнге созылады.

Сонымен не керек, осындай төрешілдік кедергілердің кесірінен құжат бастықтың алдына барып, ол қол қойып, мөрін басқанша кем дегенде 10 күн өтеді. Ал бұл уақытта шұғыл бітуге тиісті шаралар қаңырап, қарап тұра­ды. Зарығып тапқан клиентінен де бизнес­мен айрылып қалуы мүмкін, бәсекелесі де алдын орап кетеді. Міне, осындайлардың бәрі аяқ­қа тұсау болып, бизнесті жүргізуге кедергі кел­тіреді. Ал пысықай адамдар ондайларды тез шешу үшін пара тықпалайды. Сөйтіп сыбайлас жем­қорлыққа бастайтын қылмыстық істердің өзі шенеу­ніктердің көптігінен, оралымсыздығынан еріксіз туатын процесс секілді көрінеді...

Қорыта айтқанда, бір қағазға қол қоюға қатысты төрт адамды екі адамға азайтуға әбден болады деп ойлаймыз. Бұл мемлекеттік қаражаттың үнемделуіне, төрешіл кедергілерді азайтып, бизнестің алға дамуына, белсенді жас толқынның өзінше жұмыс істеп, іскерлікпен айналысуына мүмкіндік берер еді.

Осыдан тура бір жыл бұрын сол кездегі Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес агенттігі жалпы Қазақстан бойынша 4500 мемлекеттік қызметкерді қыс­қартуды жариялаған болатын. Бұл бір жылөда бюджеттің 5,5 млрд теңгесін үнем­деуге мүмкіндік береді екен. Елбасының Ұлт­тық жоспарына сәйкес бәсекелестік ортаға беріл­ген мемлекеттік қызмет түрлерінің ар­қа­сында қол жеткізілген бұл қысқартулар бір­қатар ведомстволар қызметтерінің сапасын арттыр­ғаны­мен жалпы шенеуніктер армиясы әлі де оңтай­ландыра түсуді қажет ететіндігі көрініп тұрады.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20