Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Көкжотада ат спорты мектебі бар

830 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

...Көкпекті ауданында шағын ғана Көкжота деген ауылда небәрі жүзге тарта түтін бар. Ауылдың көкпаршылары бірнеше жылдан бері ауданды былай қойып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыс әкімінің жүлдесі үшін өткізілетін халық ойындарында жүлделі орындарды ешкімге бермей келеді. Былтыр бас жүлдені иеленсе, оның алдындағы жылдарда екінші, үшінші орындарға табан тіреді. Тіпті аудан командасының бірнеше жігіті облыс құрамасына мүше, олар да жыл сайын республикалық жарыстарда алдыңғы орындарды иеленуде.

Көкжотада ат спорты мектебі бар

Жақында біз Көкжота ауылында болып, ауылда тұрса да ауданның намысын абыроймен қорғап жүрген атан жілікті, апай­төс көкпаршылармен жо­лық­қан едік. Көкжоталық көк­пар­шы­ларды өз ісінің майталман шебері, көкпар десе ішер асын жерге қоятын Дархан Рәпеков жастайынан баптаған екен. Амал бар ма, ауданның көкпарын өрге сүйреген, өзінің мол тәжірибесін жерлестеріне үйретіп кеткен Дархан Рәпеков абайсызда қайтыс болды. Оның ұлы, ауылда мал дәрігері болып қызмет ететін Дарын Ахмадиев әке ұлағатын бойына сіңіре білді. Дарынның бауыры Еламан да – аудан құрама командасының белді мүшесі. Қазір команданы тәжірибелі Қанат Биқатов баптап жүр.

Көкжота ауылындағы ескі мек­­теп ат спорты мектебінің ие­лі­гін­де екен. Осы жерде көкпар аттары күтімде. Қанат Қалибекұлы ақжарқын, әңгімеге шебер азамат екен, көкейіміздегі сауалды айтпай-ақ түсініп, атқарып жатқан істерімен таныстыра жө­нел­ді.

– Алғашқыда, яғни 2007 жы­лы Көкжотада ат спорты клубы құрылды. Екі жылдан кейін мені клуб директоры қызметіне тағайын­дады. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Ат спорты клубында көк­паршылар дайындадық, қажетті аттарды баптадық. Көкпарға қазақи аттар жарамсыз. Таза қанды ағылшын тұлпары болмаса, көкпарға шаба алмайсыз. Қаржы тапшылығы салдарынан осыдан үш жыл бұрын клуб жабылып қалды. Өткен жылы ауданға жаңа әкім келді. Ұлттық спорт десе ішер асын жерге қоятын Асхат Смаилов аудандағы ат спорты клубының неге жабылып қалғанын зерттеп, ат спортын қайта жандандырды. Қажетті қаржыны тауып берді. Сөйтіп ат спорты мектебі жұмысын қайта бастады, – дейді Қанат Биқатов.

Қанаттың айтуынша, көк­пар­ға шабатын аттар жылдам, аттың тізгінін тартқан кезде иесінің не ойы бар екенін түсі­нетін, ақылды, шеңберге жа­қындаған кезде кілт оңға, солға бұрылатын таза қанды ағылшын тұқымды тұлпар болғаны жөн. Жергілікті биемен будандастырылған ағылшын тұ­қым­ды көкпар аттарының ба­ға­сы арзан емес. Ең арзаны 800 мың, ал қымбаттары бір жарым миллион теңгеге жетеді. Мә­селен, Кавказдан келген «Шырақ» атты тұлпар кесек болса да шалт қимылдайтын, ымды түсінетін жануар. Үлкен Нарыннан жет­кі­зіл­ген «Нарын», Ресейден келген «Домбыра» аттары да – көкпарға жарамды сәйгүліктер.

– Түркістан мен Жамбыл облыс­тарының көкпаршылары 8 ай бойы көкпар тартады. Ол жақ­та күн қатты ыстық, демек олар қазір демалыста. Ал біз бол­сақ дайындықты бір сәтке де бәсең­деткен жоқпыз. Көкпарға шабатын аттар бабында болғаны дұрыс. Аптасына бір рет, кейде екі рет муляжбен көкпар тартамыз. Оның салмағы 25 кило. Оңтүстікте көкпар спортына ерекше көңіл бөлінеді. Қаржы да мол. Шығыста көкпар спортымен Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті аудандары мықтап шұ­ғыл­­дана бастады. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың қолдауымен бір­не­ше жігітіміз жалақы ала бастады. Қазір бюджетіміз екі есе артып, 10 миллион теңгеге жетті. Мұның ішінде атты баптауға, жем-шөпке деген қаржы бар, – дейді Қанат.

Шағын ғана Көкжота ауы­лы­ның аудан намысын қорғап жүрген көкпар тартқан арманшыл азаматтарының ұлттық спортқа қосып жүрген үлестері осындай қомақты...

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы