Спорт • 12 Тамыз, 2019

Елдос Сметов жас дзюдошыларға шеберлік сабағын өткізді

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11 тамыз күні Олимпиаданың күміс жүлдегері, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасының көшбасшысы Елдос Сметов елорданың жас дзюдошыларымен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Нұр-Сұлтан қаласындағы «B-Platinum» спорт кешенінде ұйымдастырылған даңқты балуанмен кездесуге 50-ге жуық жасөспірім дзюдошы қатысты деп хабарлайды Olympic.kz. 

Елдос Сметов жас дзюдошыларға шеберлік сабағын өткізді

Біздің болашағымыз жастар. Сондықтан, үлкен спортта ұрпақтар сабақтастығы болғаны абзал. Біз бар білгенімізбен жас буынға бөліссек, бізден кейінгілер де тәжірибесімен бөлісіп, кішіге үйретіп отырады деп сенемін. Осындай ашық кездесулер балалардың спортқа деген құлшынысын одан әрі оятып, жігерлендіретіні анық, - дейді Елдос. 

Чемпионмен кездесуге тек қана спортшылар емес, олардың ата-аналары мен Елдостың елордадағы жанкүйерлері де жиналды. 

Елімізде дзюдо өте қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінде ересектер, жастар, жасөспірімдер құрамасының бәрінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Олардың барлығы ата-аналардың балаға дұрыс жол бағыттап, жаттықтырушылардың балалармен тыңғылықты жұмысының нәтижесінде деп ойлаймын, - деген Сметов спортта тек спортшы емес, ата-ана мен жаттықтырушылардың да еңбегі орсан зор екенін атап өтті. 

Кездесу соңында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Данияров бастаған бір топ бапкерлер құрамы Елдосқа алғысын айтып, шапан жауып, алдағы әлем чемпионатына сәттілік тіледі. Айта кетерлігі, Елдос Сметов 25 тамыз – 1 қыркүйек арасында Жапонияның Токио қаласында өтетін дзюдодан  Әлем чемпионатына қатысады.