Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Көктөбе баурайын бір күнде екі рет өрт шарпыды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жексенбінің кешінде Алматыдағы әйгілі Көктөбе баурайы өртке оранды деген хабар әлеуметтік желі арқылы желдей есті. Мәлім болғандай, 11 тамыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14.28-де қалалық 101 қызметіне Көктебе мұнарасына таяу маңдағы тау алқабында өрт тұтанғаны  туралы хабар келген.

Көктөбе баурайын бір күнде екі рет өрт шарпыды

Ішкі Істер Министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметтовтың мәліметінше, далалы алқаптағы өрт сағат 19.58-де толығымен өшірілді. Тосын жағдай тау бөктерінде орын алғандықтан өртті бірден сөндіру оңайға соқпаған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 50-ге тарта маман мен қос бірдей тікұшақ жұмылдырылды. Жауапты ведомство өкілдері хабарлағандай, адамдар мен ғимараттарға ешқандай залал төнген жоқ. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров: «Өрттің жеке секторға ауысуының алдын алдық. Тікұшақтар қайтарылды. Суды лақтыру жұмыстары 12 рет орындалды. Судың жалпы көлемі 36 текше метр. Бұл, осындай жалындарды өшіруде шешуші құрал болып табылды. От толығымен сөндірілді.Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы кезекшілік атқару үшін оқиға орнында қалды» деп мәлімдеген болатын. Төтеншеліктерден бөлек «Алматы тазалық» кәсіпорнының суару көліктері де тілсіз жаумен күресуге қатысты. Өрт мың шаршы метр аумақты шарпыған.

 Дәп осы күні араға бірер  сағаттар салып Көктөбе тауының маңынанан тағы да өрт шықты. Мамандар  қызыл жалынмен түн жарымына дейін арпалысты. Өрттің бетін қайтаруға 100-ден астам өрт сөндіруші, сондай-ақ 40-тан астам су шашатын және арнайы техника қатысқан. Жауаптылар тілсіз жаудың өршуі аптап ыстықтан болуы мүмкін деген жорамалға келіп отыр. Олардың айтуынша, бірінен соң бірі орын алған екі өрттің арасында ешқандай байланыс жоқ. Дегенмен оқиға орнына түн ортасында келген Алматы қаласының әкімі Бақыжан Сағынтаев ішкі істер және қорғаныс министрлігі өкілдерімен сөйлескенін және өрт салдары анықталып жатқанын жеткізді.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров өртті сөндіру кезінде бір адамның денесі табылғанын хабарлаған болатын. Артынша Департаменттің баспасөз қызметі Алматы полицейлері азаматтың кім екенін, оның қалай мерт болғанын анықтап жатқанын, өлім себебін анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалғанын айтты.

 

 

АЛМАТЫ