Орманды алқаптардың өзі де осындай күйге ұшырауда. Сондықтан дала өртінің қаупі ушығып тұр. Ерейментау ауданына қарасты Қойтас селолық округіндегі Масақбай жайылымының маңы өртеніп жатыр. Алдын ала есептеуге қарағанда тілсіз жау қазірдің өзінде 280 гектар жерді жалмап кеткен. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрып, өртті сөндіру бағытында қауырт жұмыс істеуде. Өрт сөндіруге департаменттің 12 техникасы мен жеке құрамның 52 адамы, орман шаруашылығының 3 техникасы мен 14 жұмысшысы, сондай-ақ, өрт сөндіруге қолғабыс етуге келген еріктілердің 22 техникасы мен 120 адамы жұмылдырылған.
Өрт қаупі молайған шақта 30 мәрте орман өрті шыққандығын, 207 гектар алқаптағы құрғақ шөптің тұтанып, 59 өрт оқиғасы тіркелгендігін айта кетелік. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 46 адам жауапқа тартылып, облыс тұрғындары арасында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі қанша мәрте айтылса да, кейбіреулер әлі де салғырт қарауда. Қазір сөндірілмей тасталған темекі тұқылының өзі табиғатқа орасан зор шығын әкеледі. Қайыңы мен қарағайы қаулай өскен Біржан сал ауданының ормандарын сегіз мәрте өрт шалды. Ал Бурабайдың қайталанбас сұлу дидарына кіреуке түсірген 5 өрт оқиғасы болды.
Алда орақ науқаны. Ол кезде де өрт қаупі еселене түседі. Сондықтан, жол жиегіндегі жолақтың енін үлкейтіп, төрт метрге жеткізе жыртқан жөн. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына ескертіліп, мәселенің мәнісін ұғындырсақ, даланың дидарын сақтап қаламыз.