Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Жетігенші Сәуле Кәрібайқызы өзі тұтынған жәдігерлерді Алматы музейіне тапсырды

769 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көнеден жеткен жетіген аспабын алғаш қолына алып, Ықылас халық музыкалық аспаптар музейі қызметкерлерінің күшімен құрылған «Сазген» этно-фольклордық ансамблі құрамында алғашқылардың бірі болып өнер көрсеткен Сәуле Кәрібайқызы Мерекеева жақында өзі тұтынған жәдігерлерді Алматы музейінің қорына тапсырды.  

Жетігенші Сәуле Кәрібайқызы өзі тұтынған жәдігерлерді Алматы музейіне тапсырды

Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының  даму жөніндегі орынбасары Қайрат Тарбаевтың айтуынша, музейтанушы, этнограф,  Сәуле Мереке еліміздегі ең алғашқы жетігенші қыз. Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Мәңгіліктің ең керемет символы, адам еңбегі мен талантының, ізденісі мен махаббатының, қайғы-қасіреті мен қуаныштарының жемісі. Өмір шындығы дыбыстық көркем бейнелермен көрсететін өнердің ұлттық саласы – қазақ музыкасын, сонымен қатар еліміздің мәдениетін, тарихын сақтап, зерттейтін музейлерді дамытуда, насихаттауда Сәуле Кәрібайқызының еңбегі ерекше. 

1981 жылы құрылған «Сазген» этнографиялық ансамблінің ең алғашқы мүшелерінің бірі. «Сазгеннің» бір ерекшелігі оркестр мүшелері музыкалық аспаптарда ғана ойнап қоймай, аспаптарды зерттеп, ғылыми негіздері туралы мәліметтер жинаумен айналысып жүрген ғалымдар. Сәуле Кәрібайқызы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында бас қор сақтаушы болып жұмыс істеді.  

Алматы музейіне өзі жинаған жәдігерлерді тапсыруы – өнерге жанашырлығы деп санайтын мамандар Сәуле Кәрібайқызының қазақ музыкасын зерттеудегі, сақтаудағы еңбегі ерекше деп бағалайды.  Музыка бір дыбыстардың үйлесімділігі ғана емес, қазақ халқының ең бай рухани мұрасы, қазынасы. Өмірдің шындығын, құбылыстарды музыканың, әуеннің тілімен, дыбыстың көркем бейнелері мен көрсете алатын қазақ музыкасының құдіретін дәріптеді. Еліміздің мәдениетін, тарихын сақтайтын, зерттейтін музейлер жұмысы бағытында да көптеген еңбектер жазды. Зейнетте жүрсе де жастарды, мектеп оқушылары қазақ өнерінің музыка тарихымен таныстыруын жалғастырып келеді. Қазақ ғылымындағы аспаптану деген үлкен бағытты дамытып, Швейцария, Үндістан, Франция, Иранда өткен фестивальдерге қатысып, қазақ музыкасын әлемге танытуда еш жалыққан емес. Қыздар институтында «Ақтұмар» этномузейін құрып, қазақтан шыққан қыз-келіншектердің жәдігерлерін, өмірбаяндары туралы зерттеулерін жүргізіп келеді.

 

АЛМАТЫ