Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкер Ш.Смайлова Маңғыстау облысының жерді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жер телімін мемлекет меншігіне кері қайтару туралы талабына байланысты кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған болатын.
Нақты айтқанда, жеке кәсіпкер Ш.Смайлова Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында орналасқан, кафе, шаштараз және дүкен құрылысын салу үшін, көлемі 0,1250 гектар, жеке меншік құқығындағы жер учаскесін, сыйға тарту туралы келісім-шарты негізінде алып 2014 жылы әділет органында тіркеген.
2015 жылы аталған жер учаскесін игеру мақсатында, тиісті мекемелерден рұқсат қағаздарын алып, жұмыс жобаларын жасақтатып, сараптамалық қорытындыға ие болады. Одан әрі тұрмыстық жағдайына байланысты жер телімін игеруге мүмкіндігі болмаған.
2018 жылы Маңғыстау облысының жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының өкілдері келіп, Смайлованың жер телімі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауына және игерілмеуіне байланысты заңдылықтың бұзылуын жою туралы нұсқама беріп, жерді игеру үшін бір жыл мерзім уақыт белгілейді.
Осы бір жыл ішінде кәсіпкер жер телімін толық тастан қоршап, темір есіктер орнатып, нысанның құрылысын бастау үшін жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын қайта алып, нобайлық жобасын қайта жасақтатып, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылысын бастау үшін барлық рұқсат қағаздарын рәсімдеген.
- Соған қарамастан облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы 2019 жылы кәсіпкердің жерін тексеріп, оны игермеді деген уәжбен, мәжбүрлеп мемлекет меншігіне қайтарып алу туралы талап арыз берген. Сөйтіп Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен азаматтық іс қозғалған. Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бұл іспен толық танысып, қарсы пікір мәтінін дайындап, сот отырысына кәсіпкердің уәкілі ретінде қатысып, дәлелдемелік деректерді ұсынды, дейді ӨКП директорының орынбасары Әмірғали Жанаев.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мәжіліс кезінде тараптардың пікірін тыңдап, жинақталған дәлелдемелік деректерге баға бере келе, сот шешімімен талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша даулы жер телімі кәсіпкер пайдасына шешілді.
Маңғыстаулық кәсіпкердің 12 млн теңгеге жуық қаражаты өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен төленді. Жеке кәсіпкер М. Боқаев Ақшұқыр мектеп-лицейіне оқушыларды тасымалдаған қызметі үшін ауыл әкімінің қаражат аудармай отырғанын мәлімдеп, кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген еді.
Оқушы тасымалы бойынша Ақшұқыр ауылы әкімі аппараты мен жеке кәсіпкер арасында шарт жасақталып, іскер өз міндетін толық орындаған. 14 адамды жұмыспен қамтып, тиісті салықтарын да уақытылы төлеген.
Алайда, ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айлары үшін орындалған жұмыстарға ауыл әкімінің аппараты 11 725 000 теңге көлемінде қаражатты аудармай отырғаны анықталды. Соның салдарынан кәсіпкер жұмысшылардың жалақысын бере алмай, олар тарапынан да наразылық туындады.
Бұл дауды сотқа жеткізбей, жан-жақты қарап, оң шешімін табу мақсатында, кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы мен Ақшұқыр ауылы әкімі аппаратының өкілі қарызды жақын арада аударатынын мәлімдеп, уәделерін берген болатын.
Қазір 12 млн тг жуық қаражат толық көлемде аударылып, кәсіпкер арызы толық қанағаттандырылды.
Мәселелері оң шешілген кәсіпкерлердің қуанышында шек жоқ.
- Бірнеше ай бойы жергілікті атқарушы органнан маңдай тер, еңбек ақымызды ала алмай қиналып жүр едік. Қол астымыздағы жұмысшылар да жалақысына қол жеткізе алмай наразы болып келген. МО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Сотқа сабылмай-ақ, даулы мәселені оң шешіп беруге көп күш жұмсады. Кәсіпкерлердің құқын қорғайтын осындай мекеменің болғаны үлкен қолдау, дейді кәсіпкер М. Боқаев.
Маңғыстау облысы