Аталған шара хакім Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Мерекелік жиын барысында «Ұлы даланың дана ойшылы – Абай», «Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра» иллюстрациялық-кітап көрмелері, «Abai поэмалары. Өлеңдері мен аудармалары. Қара сөздер. Әндері» мен «Абай-челлендж» кітаптарының тұсаукесері, «Құнанбай» кино көрсетілімі, «Абай – ұлттың рухани гиппократы» атты дөңгелек үстел, «Абай бейнесі суреткерлер көзімен» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Рухани кешке жиналған қалың көпшілік Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып» атты әндерін қосыла шырқап, өзге ұлт өкілдері ана тілдерінде ақын өлеңдері мен қара сөздерін оқыды.
Іс-шараға қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ақын Бақытжан Тобаяқов, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы Әнес Сарай, сатирик Көпен Әмірбек, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты. Сондай-ақ ақын ауылынан келген Абайдың ұрпағы Ақылбайдан тараған Ләйлә әже шежіре тарқатып, жиынның көркін қыздырды.