Қоғам • 13 Тамыз, 2019

Шипа тек шетелде ме?

706 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіне сәйкес, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде жоғары технологиялы қызметтер көрсетіледі. Кейде біздегі әдіс-тәсілдің қауқары жетпеген немесе науқастар донор тапшылығына тап болған жағдайда шетелге барып тегін емделе алады.

Шипа тек шетелде ме?

2012 жылдан бастап қолға алын­ған игі іс үшін жыл сайын мемлекет қазы­на­сынан мил­лиард­тап қаржы бөлініп, Ден­сау­лық сақтау министрлігінің №544 бұйрығы бұлжытпай орындалып келеді. Мысалы, биылға 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бас­тапқыда шетел­­ге науқастар 20 түрлі диагнозбен жібе­­рілсе, бүгінде қазақстандықтар 8 түрлі дерттің түрімен ғана шет мемлекеттер медицинасының көмегіне жүгінеді. Бұл біздегі медицинаның мүмкіндігінің артқанын көрсететіні даусыз. Сондай-ақ соңғы жылдары әлем­дегі үздік кли­ни­калардың білікті маман­дарын елі­мізге ша­қырып, күрделі операция­лар­ды медициналық орта­­лық­­тары­мызда жасауға жол ашыл­­ды. Соның нәтижесінде мил­лион­­­даған қаржы үнемделіп қана қой­­май, пациенттер үшін де қо­лай­лы жағ­дай туды. Бұған қоса ақ желеңді кәсіп иелерінің өзара тә­жірибе алмасуына септігін тигізді.

Шипаны шетелден іздеген­дерге квота үлестіретін «Әлеу­мет­тік ме­ди­ци­налық сақтандыру қоры» КЕАҚ жақын­да Түркия­дағы «Мехмет Акиф Эрсой» гос­питалы Балалар кардиология­сы жә­не аритмология бөлімінің жетекшісі Якуп Эргүлді және Израильдегі «Шнай­дер» балалар медицина орталығы Кар­­­дио­хирургия бөлімінің меңге­ру­шісі Джордж Френкельді елі­міздің бас қаласына шеберлік сабағын өткі­зуге шақырды. Бі­лікті балалар кардио­хи­рургтері Ұлттық ғылыми кардио­хирур­­гия орталығында 5 жасқа толма­ған 21 сәбиге бірегей опера­ция жасады. Шетелде ғана ем­делуі тиіс бала­ларға операция­ның бұл орталықта жасалуы жай­дан-жай емес еді. Былтыр «Ұлт­тық ғылыми кардиохирур­гия орталығы» АҚ басқарма төр­ағасы, елі­міздің бас кардиохи­рургы Юрий Пя за­манауи әлем­­дік медицинаға соны сер­піліс әкелген CARMAT толық жа­сан­ды жүрегін имплантациялау тә­­жі­рибесімен бөліссе, әлемде тұң­ғыш рет сымсыз механикалық жүрек (FIVAD) орнату операция­сы да осы орталықта сәтті жасалып, жаһанды жалт қаратты.

Жалпы, жыл басынан бері Меди­ци­налық сақтандыру қоры шетелде емдеуді қажет ететін 121 пациенттің құжатын қараған. Оның 30-ы отандық клини­ка­ларда емделмек. Ұйымдасты­ру­шы­л­ардың айтуынша, опера­ция­лар­дың барлығы шетелдік мамандардың қатысуымен өтеді. Оған шамамен 222 млн теңге бөлінген.

 Елде емделудің артықшылығы көп

Елімізде емдеу мүмкіндігі жоқ сырқат түрлеріне берілетін квотаны алу үшін ең алдымен, құжаттар талапқа сай болуы тиіс. Сосын шетелдік ұйыммен шарт жасалады. Науқастың барлық шығындарын төлеу осы шарт негізінде жүзеге асады. Бұған қандай ауру түр­лерінің кіретінін егжей-тегжейлі түсін­дірген «Әлеу­меттік медициналық сақ­­тан­дыру қоры» КЕАҚ Басқар­ма төр­ағасының орынбасары Ерік Байжүнісов әсіресе 18 жасқа дейінгі балаларға ба­сымдық бері­летінін айтты.

«Еліміздегі меди­цинаның дамуына байланысты қазіргі таңда науқастарды 7-8 диаг­нозбен ғана шетелге жібе­ріп жатырмыз. Оның қатарына радио­хирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ, кибер-пышақ) талап ететін мидағы, жүйкедегі және көздегі қатерлі ісіктер, тін немесе ағзасын алмастыруға мұқтаж аурулар жатады. Былтыр 86 науқасты шетелге жіберіп емдетсек, биыл олардың саны 80-ге жетті. Өкінішке қарай кейбір тұқым қуалайтын, даун синдромы, ДЦП, аутизм сияқты аурулар емделмейді. Оған қажетті дәрі-дәрмектер, оңалту орталықтары елімізде бар. Соны дұрыс түсіну керек», дейді Е.Байжүнісов.

Күрделі аурулардың көбеюін ол былайша түсіндірді: «Әрине, аурудың түрі көп. 10 мыңнан астам диагноз бар. Бұрынғы уақытта жаңа туған нәрестелер шетінеп кете беретін, себебін анық­тау қиынға соғатын. Ал қазір еліміздегі ауруханалардың тех­­ни­калық жағынан жақсы жаб­дық­талуына және маман­дары­­мыз­дың біліктілігінің жоғары­лауы­на байланысты терең орна­лас­­қан қатерлі ісік сияқты күрделі дерттерді дер кезінде байқап жатырмыз. Тіпті кейбір аудандық ауруханаларда осындай диаг­ноздар ерте анықталуда. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Осыған бай­ланысты шетелге жіберілетін нау­қас біздің орталыққа келіп уақыт жоғалтпайды. Құжаттары рес­пуб­ликалық комиссиядан өткен соң тұрған жерінен тіке­лей шетел­ге жіберуге мүмкіндік тууда».

Ерік Байжүнісовтің айтуынша, қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шетелдік білікті мамандарды елімізге әкеліп шеберлік сыныптарын көптеп өткізуге күш салып отыр. Шеберлік сыныптары әртүрлі тақырыптармен жыл сайын өтеді. «Бұл жолы біздің ұйымдастыруымызбен 21 балаға жасалған операция да соның аясында жүзеге асқан шаруа. Бұл – бірінші кезеңі. Екінші кезеңін күзге жоспарлап отырмыз. Әдетте бір пациентті шетелде емдетуге 60 мың доллардан 300 мың долларға дейін төлейміз. Ал оны елімізде өткізсек, сол қаржыға бес адамды емдете аламыз», дейді «Әлеуметтік медициналық сақ­тан­­дыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

Ұлттық ғылыми кардиохирур­гия орталығы Балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов бұл жолғы операциялардың ешқайсысы да жеңіл өтпегенін айтты. Тіпті кейбір операциялар еліміз­де тұңғыш рет жасалған. «Орта­лықта жыл сайын 500-ден астам балаға операция жасаймыз. Бұл жолы шеберлік дәрісі аясында шетелдік мамандардың көмегімен жасалған операциялардың бар­лығы күрделі. Кейбірі еліміз­де тұңғыш рет жасалды. Мысалы, өкпе артериясын унифокали­за­ция­­лау бойынша күрделі операция болды. Яғни балада туабітті өкпе артериялары жоқ және өк­пе­ге қан тасымалдайтын аномалды біткен тамырлар болған кезде, осы аномалды дамыған қан тамырларын қосу арқылы өкпе артериялары жасалды. Осын­дай екі күрделі операция өтті», дейді ол.

1 адамның ағзасы 6 науқастың өмірін сақтап қалады

Ресми дерекке сүйенсек, елі­міз­де үш мыңдай адам бүйрек транс­­плантациясына мұқтаж бол­­са, бауыр алмастыруды қажет ете­­тін пациенттердің саны мыңға жуық­­тайды. Қазақстанда жылына 1 млн адамға бір ғана донор табылады екен. Оның көбі туыстық донор. Ал жүрек трансплантация­сын қажет ететін науқастардың саны 300-ге дейін жетуі мүмкін. Бұ­­ған тін­дерді транспланттауды қосыңыз.

«Бізде технология дамыған­мен, донорлық жүйенің қалыптас­пауына байланысты балалардың ағзаларын алмастыру операция­лары жасалмайды. Мысалы, сүйек майы, ақ қан ауруы сияқты өте қатерлі дертке шалдыққан сәби­лерді емдеудің бірден-бір жо­лы – қанын алмастыру. Бұл опе­ра­­ция бізде жасалады, бірақ донор­лар­дың тапшылығына бай­­ла­ныс­ты шет­елдің көмегіне жүгіну­ге мәж­бүрміз. Донорға мұқ­­т­аж жандар­дың саны күн­нен-күн­ге көбейіп келеді. Трансп­лан­толо­гияны дамыту үшін донор жеткілікті болуы керек», дейді Е.Байжүнісов.

Расымен, «басы ауырмаған­ның Құдаймен ісі жоқ». Ерік Әбенұлының пікірінше, халық­тың таным-түсінігін өзгертпей, бұл жұмысты алға жылжыту мүмкін емес. «Дүниежүзілік донорлар банкі бар. Оған кірмек түгілі аяқ басқан да жоқпыз. Әлі сол демологиямен алысып жүрміз. Шетелдің клиникала­ры бізге тек донор тауып беріп қана оты­ра бермейді ғой. Сендер де до­нор банкін ашыңдар дейді. Бір адам­ның ағзасы алты адам­ның өмірін сақтап қалады. Сол тұр­ғыдан қарағанда нағыз құдай­шыл­дықтың ісі осы деп есептей­мін. Әйтпесе ақшаны шетелге мил­лиардтап шашып отыра береміз», дейді ол.

 Алаяқтарға алданатындар көп

Отандық медицинаның қау­қары артқанымен, шетелге мем­ле­кеттің квотасынсыз, өз қара­­жатымен емделетіндердің саны азаймай тұр. Әрине мұ­ның себебін жан-жақты қарас­тыруға болады. Біреуге расын­да ел ішінде ем жоқ болса, өзіміз­дің дәрігерлерге сене қоймай­тындардың да қатары аз емес. Яғни «біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді». Осы осал тұсымызды шетелдік кейбір клиникалар өз пайдасына айналдырып жатқан көрінеді. Мони­тордың ар жағында отырып-ақ жаны қысылып жан-жақтан шипа іздегеннің іші-бауырына кіріп, бастапқыда аз ақшамен емдейміз деп сендіріп, кейіннен тереңге батыра беретіндер көбейіпті.

«Көптеген қазақстандық, әсіресе ата-аналар алаяқтарға жиі алданып жатыр. Олар кез келген науқасты емдейміз деп жауап жазып, аз сомаға келісіп шақырып алады. Тексеруден өткен соң бағаны 10-20 есе өсі­ріп, қақпанға түсіреді. Мұн­дай жағ­дай жиілеп кетті. Сондық­тан кли­ника таңдаған кезде отан­дық ғылыми-зерт­теу институттарына, меди­ци­на­лық орталықтарға барып кеңес алған жөн. Өйткені біз­дің мамандар дүние жүзінің көп­теген кли­никасында өткен семи­нар­­ларға, конференцияларға жыл сайын қатысып жүр. Олар қай клиниканың сенімді екенін біле­ді. Әрине әлемде клиникалар өте көп. Медициналық сақ­тан­дыру қоры олардың барлы­ғын зерт­теп, іріктеп отырады. Талапқа сай келгендерімен ғана жұмыс іс­тейміз. Оның өзіне мо­­ни­торинг жүр­гізіп, сапалы­ларын қал­дыра­мыз. Сол себепті біз ал­­­дан­ған адамдардың шығы­нын өтей алмаймыз», дейді Е.Байжүнісов.

Науқастардың 70-80 пайызы жазылып келеді

Жоғарыда айтқанымыздай, шетелдің клиникалары жай­дан-жай таңдалмайды. Қазақ­стандықтар тек сенімді әрі сапалы қызмет көрсететін ұйым­дар­ға жіберіледі. «Біз науқастар­ды шетелге жібергеннен кейін оның халін, жүргізілген емнің сапасын күнделікті бақылап отыра­мыз. Емнің нәтижелілігіне қарай клиникаларға мониторинг жүргі­зіледі. Сондықтан біз па­циенттерді ең сапалы меди­ци­налық көмек көрсететін клини­каларға ғана жібереміз. Жал­пы алғанда біз жіберген науқас­тар­дың 70-80 пайызы сәтті емде­ліп оралады», дейді «Әлеу­меттік ме­дициналық сақтан­дыру қоры» КЕАҚ Басқарма төр­ағасының орынбасары.

Оның айтуынша, еліміздегі емдеу мекемелерінің көбісі шетел клиникасынан еш кем емес. Оларда бар күрделі қондырғылар біздегі 5 орталыққа қойылған. Дәрі-дәрмек барлық елде бірдей. Ал жаңа онкологиялық орталық ашыл­са, мүмкіндігіміз тіпті есе­леп артпақ. «Науқастарды тек шетелде емдетеміз деген дұрыс емес. Құдайға шүкір, эконо­ми­камыз артып, технология­мыз дамып жатыр. Көп ұзамай Ұлт­тық нейрохирургия орталығын­да жаңа технология – гамма-пы­шақ іске қосылмақ. Егер бұл қол­данысқа енсе, біз айтқан терең ор­­на­ласқан қатерлі ісіктерді емдеу­ге мүмкіндігіміз болады. Ең басты мақсатымыз – дүние жүзін­де бар технологияны Қазақ­стан­ға алып келу, кез келген дерт­т­і елімізде емдейтін деңгейге жету», дейді Е.Байжүнісов.