Руханият • 13 Тамыз, 2019

Қасиетті ұяның тұрғындары

763 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балиғатқа жетпей әкесіз қалған перзент жетімдіктің тауқы­метін тартпай қоймайды. Сондықтан болар, жетімнің жары Құдай деп, ел арасында оны «сағыр» деп те атайды. Латым – ана­сы өлген бота. Сонымен бірге өгей шешеден шапалақ жеген баланы да солай атайды. Құранда жетімдер туралы тікелей он жеті жерінде айтылған болса, ал ишаратпен айтылған аяттар одан да көп. Жетім жылағанда, аспан әлемі тітірейді. Жетімдер үйі мен­ мешіт екеуі бірдей қасиетті ұя саналмақ.

Қасиетті ұяның тұрғындары

Ғұлама Абдулла ибн Мүбәрак қажылық сапарға шығады. Бір елді мекенге жетіп, түстенеді. Ымырт кезде бір әйелдің арам өлген тауық өлексесін алып бара жатқанын көріп, оны тоқтатады. Мұсылманға өлексе жеуге бол­майтындығын айтқанда, әлгі әйел қиын жағдайынан хабар береді.

– Төрт кішкентай балам бар. Әкелері болса дүниеден озған. Перзенттерімді қарайтын, болысатын адам таба алмадым. Бала­ларым аш. Арам өлсе де, мен үшін адал болар деп, балаларыма осы өлексені апара жатырмын, – дейді. Сонда Абдулла ибн Мүбарак қасындағы қажылыққа шыққан барша қауыммен бірге өзі кері қайтады. Ал барлық қа­ражатты осы жетімдерге үлес­тіреді. Қайтар күні дерлік қайыр істі жасағандар өздерін қа­жы­лық­та жүргендей түс көреді. Бұл қажылық ниеттерінің қабыл болғандығының ишараты еді.

Мұсылманды Жаратқанның рақымына әрі мәңгілік жәннатқа жетелейтін ұлы амалдар қатарын­да, шынайы иман, ата-анаға құрмет, жетімге қамқорлық, ме­шіт­­ке байлану, Құранмен сырласу, на­маз – оразамен орайласу, ағайын бауырдың ынтымақта болуы ерекшеленген.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбары­мыз өзі әкеден екі айында жетім, алты жасында анадан­ ла­тим қалды. Жетімдіктің ащы дәмін өз басынан өткерген пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с) алдына бір жетім бала келіп, көршісінің ісіне шағымданады. Көршісі өк­темдікпен оны басынып, құр­ма ағашын өзіне меншіктеп ал­ған еді. Пайғамбар (с.ғ.с) оны ша­қыртады. Жетімнің ағашын өзіне қайтаруын сұрағанда, бер­мей­тіндігін айтады. Осылай­ша дағ­дарып тұрғанда, Алла елшісі (с.ғ.с):

– Жетімнің құрмасын өзіне қайтар. Егер оны берсең, саған пейіштен бір құрма ағашын уәде етемін деді. Бұл ұлы уәде де ол адамға әсер етпеді. Алайда, ма­ңайда тұрған Әбу Дарда (р.ғ) бұл сөзге жігерленіп:

– Егер мен осы құрманы алып, жетімге қайтарып берсем,­ жәннаттағы сіз уәде еткен құрма дарағы менікі бола ма? деп сұрайды пайғамбарымыздан. Ке­лісімін алысымен, өзінің зәу­лім үйімен және ғажап құрма бақшасымен алмасады. Бүгінде осы оқиғаның кейіпкерлерінен ешкім жоқ болса да, жәннаттағы Әбу Дарданың уәделі құрмасы оны күтіп тұр.

Аллаға шүкір, дана еліміздің иманды азаматтары, қауқарлы кәсіпкерлері жетімдер үйіне жиі бас сұғатын болды. Тіпті ондағы балаларды үйлеріне алып кетіп, ата-ана қамқорлығын көрсетіп бағуда. Бұл орасан зор сауап.­ Батыс елдерінде бір жетім үйінде 200 баланың дерлігі маусымды ауруларға шалдығып, жиі ауыра­тын көрінеді. Ішінде жал­ғыз бір ғана жетімек еш ауырмайды. Мұндай ғажайыпқа аң-таң болған тәрбиешілер мұның мәнісін түсінбейді. Ал оның себебі сол – жетімді егде жастағы тәрбиеші үнемі күніне үш реттен құшағына қысып, басынан сипап отырған. Міне, осы мейі­рім­діліктің арқасында бала барша сырқат аурудан аулақ болғандығы дәлелденген.

Бүгіндегі әке-шешесі тастап кеткен балалар тірі жетімдер санатында. Ең налытатыны сол жеті­мек­терге тиесілі Алла алдын­дағы міндетті болған алиментті төлемей, қашып жүрген көкек азаматтар намыссыз тірі өліктердей. Олар Алланың алдында қатты жауапқа тартылады.

Тарихы терең еліміз жесі­рін жылатпай, жетімін телмірт­пей, бауырына басқан. Тек біз­дің халқымызға ғана тиесілі әмеңгерліктің даналығы осында болар. Бір жетімін күлдіріп, қырық періштені қуантып, жеті шелпегін таратқан елімізде жетімдер моншағы жерге тамып түспей, аналар бауырында әкенің әлпешінде өссін деп дұға тілейік.

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы имам

 АЛМАТЫ