Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Сегіз құдықтың сыры немесе жер қапқан жоба

780 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ағын суы жоқ Маңғыстауда жерасты су көздерін тиімді пайдалану мыңғырған мал мен тұрғын халықты сумен қамтып, тұрмыстық өзге де қажеттілікті молынан өтеп келді. Бұл бұрынғы кезеңге қатысты әңгіме, ал қазіргі технологияның дамып, теңіздің ащы суын тұщыту немесе өзге де су көздерін табуға қатысты мүмкіндіктер пайда болған кезде ауыз су мәселесін тек мемлекет шешетін маңызды мәселе етіп қордаландыра берудің, қолда бар мүмкіндікті ысырып тастап, жылдан-жылға соза берудің астарында не жатыр – жалқаулық, жаныашымастық, әлде қаржылай алыс-беріс...

Сегіз құдықтың сыры немесе жер қапқан жоба

Маңғыстауда 2008 жылы облыс басшысының №422 қаулысы негізінде өңір жайылымдарын­да құдықтар қазу, оны арзан ба­ламалы электр энергиясы көз­­дерімен жабдықтау, суар­малы егін шаруашылығын дамы­ту арқылы өңірде мал шаруа­шылығының жем-шөп базасын ұйымдастыру, жайылымдарды суландыру қызметімен айналысатын мемлекеттік ком­муналдық кәсіпорын құрылды. Мекеменің алдымен қолға алған жобасы – Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылдық округінің елді мекендерін арзан сумен қам­ту үшін аталған ауылға су тартқыш имараттарын орнату болды. 2011 жылы теңіз жаға­сындағы тереңдікте табиғи сүзіл­ген тұздылығы аз суды ауыл тұр­ғындарының шаруашылық-тұрмыстық кәдесіне жаратуы үшін өндіруді мақсат еткен жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен 282 млн теңге қаржы бөлініп, «Маңғыстаусараптама» ЕМК тарапынан №15-0487/10 санды қорытынды берілген. Сондай-ақ 2012 жылы Маң­ғыстау облысы құрылыс бас­қар­масы жариялаған тендер қорытындысымен «Әли­хан құрылыс» ЖШС нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген болатын. Осылайша жұмысын заңға сай бастап, мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорын Ақшұқыр ауылы маңындағы теңіз жағалауынан 15-25 метр қашықтықта сегіз ұңғыма, яғни құдық қазды және әрқайсысы 300 текше метрлік екі резервуар салды. Құдықтардан тартылған теңіздің табиғи тұ­щытылған суы сораптармен құ­быр арқылы су қоймасына – резервуарларға жеткізіліп, одан әрі су таситын көліктер арқылы тұтынушыларға тасымалданады.

Қызметшілерге арналған екі пәтерлік тұрғын үй, құдықтардың жұмысын автоматты басқару үшін операторлық бөлме, қой­ма, жабдық гараждар мен қоршауы бар кешеннің бірінші кезеңі жұмысының аяқталып, салтанатты ашылуы қуанышты жағдайда өтті. Себебі көпшілік мемлекет арнайы ақша бөліп, келісті кешенді іске қосқан соң ауылда су мәселесі біржолата бол­ма­ғанымен, біршама шеші­леді деп үміттенді. Өйткені теңіз жағалауында құм мен тасқа табиғи сүзіліп тұрған тұз­дылығы төмен – 1 литріне 2-3 грамнан келетін суды тұрғындарға мал мен егін суарып, кір-қоңын жуып пайдалануы үшін тиімді деп түсіндірілді. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты, бұл жаңалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 6 қа­зандағы №651-656 (27728) санында «Ақ­шұқырда су бұлағы аққан күн» деген тақы­рыппен басылды.

Жобаның екінші кезеңінде Ақшұқыр ауы­лында екі желіден тұратын заманауи ішкі су жүйе­лерін салу, теңіздің табиғи тұщытылған суын энергияны үнем­дейтін сапалы, отандық су тұщытатын қондырғыларды орнату арқылы ауыз суға лайықтап тұщыту-тазарту, жерасты суын байытып, көкөністерді суаруға су дайындау, судың құрамын күнделікті зерттейтін зертхана, эксплуатация жұмыстарымен айналысатын учаске ғимаратын және өзге де өндіріске қажет құрылыстарды са­лу жұмыстары жүргізілу керек болатын. Бұл жобаны дайындау, сараптамадан өткізу, өзге де құжатқа қатысты жұмыс­тарға 17 млн теңгеден астам қара­жат жұм­салғанымен, жоба тосқауылға тап болды.

 

Сергелдеңге түскен сегіз құдық

Жоба бірінші кезеңі аяқталған соң тұралап қалды. Жұмыс орнына оны жүзеге асырушы мекеме мен жергілікті билік өкілдері арасында бітіспес дау бас­талды. Сол кездегі басшылық өкілдері имараттар нысанын Түпқараған ауданы балансы­на өткізуге, енді бірі нысанға белгісіз кәсіпкер қондырғысын орнатуға ынталы болды дейді деректер. Мысалы, мәселені жан-жақты талдап көруге талпынған республикалық қоғамдық тәуелсіз «Не хабар?» апталық газетінің 2014 жылғы 25 маусымдағы №25 (40) және 2014 жылғы 4 маусымдағы  №22 сан­дарындағы мақалаларға сүйен­сек, жергілікті билік өкілдері «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесін жапса да, имараттар нысанын Түпқараған ауда­ны балансына беретінін айтқан.

Ал Маңғыстау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық бас­қармасы «ұң­ғымалардан тартылатын су кө­лемі жеткіліксіз» деген уәжбен имараттарды қажетсіз санап, 761 млн 485 мың теңгеге Ақшұқыр, Сайын ауыл­дарына МАЭК-тің суын жеткізу үшін құбыр тарту жобасын жасақтап шыққан. Имараттарды салған және ор­наласқан жердің сол кездегі мен­шік иесі саналған, сондай-ақ мемлекет бюджетінен бөлінген ақшаға салынған нысанның жекеге өтіп кетуінен күдіктенген «Маңғыстау об­лыстық су жүйесі» мекемесі басшысы «Ұлтт­ық зияткерлік меншік институтынан» патент алып үлгереді және кәсіпорын басшылығы жергілікті билік өкілдерінің бұл әрекетін мемлекет қаржысына салын­ған жобаның жолын әдейі бөгеп, нысанды жекеменшікке өткізіп, судан табыс та­буға айналдыру үшін салған ылаңы, яғни рейдерлік деп санайды. Және ол имараттар орналасқан тұста су қорының мол екенін, 8 ұңғыманы 1,5 сағаттан кезек­тестіре қосу арқылы тәулігіне 4 мың текше метр суға қол жет­кізуге болатынын, ха­лықты қолжетімді бағамен бірінші кезең қорытындысымен тұрмыстық қажет­тілікке тұтынатын сумен, екінші жобадан соң ауыз сумен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Ұзаққа созылған талас-тартыс нәтижесінде билік тіз­гінін ұстаған тарап жеңіске жетіп, имараттарды орналасқан жер телімімен бірге аудан балансына өткізеді, жобадан, жерден айырылған «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесі ақыры жабылып тынады.

Аталған мекеме басшысының ай­туын­ша, олар жобаны әрі қарай жалғас­тыр­мақ болғанымен, нә­ти­­же шығара алмағ­ан, себе­бі олардың су кешенінің қондыр­ғыларын жоғары кәсіби дәрежеде пайдалану жұмыстарын жүр­гізуге тиісті мамандары және қар­­жы мүмкіндігі бол­маған.

 

Теңіз суын пайдаланудың тиімділігі бар ма?

Жобаны мемлекет мақұлдап, қыруар қаржы бөлді, демек бар болғаны. Каспий теңізі суының минералы жоғары – 1 литр суда 13 грамм тұз бар. Сондықтан теңіз суын тұщытып халыққа ауыз су ретінде ұсынумен көп жылдан бері өңірде «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС айналысып келеді. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған жоба аясында Ақшұқыр, Сайын ауылдарына тартылған құбырлар арқылы су осы кәсіпорыннан тасымалдаушылар мен ауылдарға жеткізіледі. Нақтырақ айтсақ, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-де тазартылған су «Каспий жы­лу, су арнасы» МКК су қой­масы арқылы «ҚазСуШар» РМК-на қарасты құбырмен аталған ауылдарға жеткізіледі. Қатысушының барлығының қызметінің құны есептелетінін ескерсек, «МАЭК-Қазатомпром» суының қымбат болмасқа амалы да жоқ. Оның үстіне қыруар қаржыға салынғанмен жиі жарылатын құбырлар су жетпеген ауыл тұрғындарына «жығылғанға жұдырық». Түпқараған аудандық әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, ауылға тәулігіне қажетті 4 мың текше метр су орнына қазіргі таңда 2 700 текше метр­ден аспайтын су кестемен берілуде. Сондай-ақ ауыз суға кететін шығынды азайту мақсатында ауыл тұрғындарына берілетін судың 1 текше метрі субсидия­мен 30 теңгеден айына 3,6 текше метр­ден аспайтын көлемде беріледі. Ауыз суды пайдалану көлемі мөлшерден асып кеткен жағдайда 1 текше метр судың бағасы 418 теңгеден есептеледі. Сондай-ақ Ақшұқыр ауылы маңынан қазылған 8 ұңғыманы жөндеп іске қосу үшін 200 млн теңге қаржы қа­­­­жет екені, құдықтар іске қосылған жағ­дайда ауыл тұрғындарының ауыз суына бөлінетін субсидия алынып тасталып, 2009 жылы монополияға қарсы мекеменің ауыз су бойынша бекіткен тарифтік бағасы 418,36 теңге барлық тұрғындарға міндетті болады делінген. Бірақ имараттар арқылы ауыл тұрғындарын арзан сумен қамтамасыз етемін деген мекеме басшылығы техникалық судың 1 текше метр бағасы 90-100 теңге, ауыз су ретінде құбырлар арқылы үйлерге таратылғандағы бағасы 130-140 теңге деп көрсеткен және имараттарды іске қосу үшін 20 млн теңге жеткілікті дегенді айтады.

Арзан су көзі табылып тұрса оны болдырмай тастаудың, сондай-ақ арзан бағаны халыққа қымбат етіп көрсетудің астарында не тұр? Бірнеше мекеме арқылы тасымалмен келетін «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС суын өткізу ме, әлде, «Маңғыстау об­лыстық су жүйесі» мекемесі басшысы айтқандай, түпкі ой имараттар суын табысқа айналдыру ма? Егер теңіз жағалауында су көлемі аз болып, имараттар нысаны қызметі бұлыңғыр болса, мемлекет ақша бөліп, қолдамас еді ғой деген ой туындайды. Мемлекет қолдаған жобаны, жарты жолда омақастырып, қыруар ақшаны желге ұшыру түсініксіз жағдай...

 

Маңғыстауда су жоқ емес, сылтау көп

Сонымен, тағдыры тал­қы­­ға түскен жоба ақыры адыра­ қалды. Мемлекет 282 млн теңге құйған жоба бас-аяғы 5-6 жылда құм қапқан қаңқаға айналды. Қазір күзет ұйымдастырылмағандықтан, су кешенінің қондырғылары қолды болып, ұңғымаларға баратын электр желілері, кабельдер жоғалған. Резервуар жанында су таситын көліктерге су құятын будка, сорап стансасы бұзылған, ұрланған.

Халыққа су көптік етпейді. Тұрғындарға «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС суын ауыз су ретінде беріп, теңіз жағасында табиғи тұщытылған суды имараттар арқылы өн­­діріп, тұрмыстық қажеттіліктерге тұтыну үшін ұсынса Ақшұқыр мен Сайын ауыл­дарындағы қазіргі су мәселесін толықтай шешпегенімен, «жыртыққа жамау» болған болар ма еді?! Тіпті теңіз жағасында қоныс тепкен Сайын ауылының тұсынан құ­дық қазса, ауылды Ақшұқырдағы құ­дық­қа қосақтаудың қажеті болмас еді.

Ғаламторда Ресей су қой­маларына су тарту арқылы Кас­пий теңізінің жыл­дан-жылға тартылуына әсер етіп отырғаны, Иран құрғақшылықпен күрес жүр­гізу үшін Семнан провинциясына Каспийден жылына 200 млн текше метр су айдауды ұйғарғаны, Каспийдің суын тұщытып, оны ауыз су ретінде әрі өнеркәсіпте пайдалануға ниетті еке­ні айтылады. Қазанымен қарбытып жат­қандарға қызғана қарағанымызбен, қа­сықтап ала­мын дегеннің шаужайына жар­масып біз жүрміз. Кеңес Одағы ке­зінде кеңшарлардың мыңғырған малын қауғалап, беріректе Л-100 моторымен шыңыраудан суарып, су шы­ғатын жерден құдық қазудан қашпайтын, талай күрекпен, белмен түртпектеп қазған терең құдықтарынан су шықпай салы суған кеткен бабаларымыздың жанқиярлығын бүгінгі бар суды пайдалануға сан түрлі сылтау айтқандарға қарап ұғынасың.

Маңғыстауда судың тап­шылығы – мәңгілік тақырып, таусылмас сылтауға негіз. Та­биғаттың өзі беріп тұрған су­ды пайдалана алмау ауылдағы басқа мәсе­лелерді айтпағанда, су мәселесін жылдар­дан-жыл­дарға, әкімдерден-әкімдерге ұла­сып келе жатқан эстафета таяқшасына, ал «су жоқ» деген сөзді мәнін жоймайтын ұран­ға айналдырды және оның қашанға дейін созылары белгісіз.

...Қысқасы, жер қапқан қым­бат жоба – Ақшұқырдағы сегіз құ­дықтың сырын халық әлі түсінбей келеді...

 

 Маңғыстау облысы