Қоғам • 14 Тамыз, 2019

Жалған тарих жарға жығады

1216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үнді халқының қайраткері Жавахар­лал Неру «отарланған елдің тарихын отар­лаушы жазады» дегені сияқты ке­зінде қазақтың үлкен ақыны Ғафу Қайыр­беков жорта аңқаусып: «Осы орыстың хан­дарының бәрі ақылды да, қазақтың хандары неге ақымақ» деп қиналатын көрінеді.

Жалған тарих жарға жығады

Расында, отарланған елдің тарихы бұрмаланбай қоймайды. Бұл үрдіс уақыт ұзай келе ұлттық сананың сансырауына соқтырады. Атақты француз қолбасшысы Наполеон айтқандай, жеңім­паздар тарихы ғана қоғамдық санаға сіңіріліп, жеңілгендер тарихы өшеді.

Кеңес заманында қазақ тарихы жеңіл­гендіктен, марксистік идеолог, отаршылық көз­қарас тұрғысынан жазылып, жарымжан күйге ұшырады. Бүтін ұрпақ ұзақ жыл осы жарымжан тарихпен сусындады. Оның зардабы ұлттық сана мен тарихи танымның бұзылуына зардабын тигізді. Тіпті бұны айтасыз, жоғарыдағыдай идеологиялық үстемдіктің салдарынан зиялы маман тарихшылар арасында өз халқының тарихынан жеріну үрдісі қалыптасты. Мысалы, академик, профессор Серғали Толыбеков «Кочевое общество казахов» деп аталатын көлемді еңбегінде қазақ халқында мемлекет те болған жоқ, тарих та, мәдениет те болған жоқ десе, тоталитарлық дәуірде жарық көрген «Қазақ ССР тарихында» қазақ халқы ұлы орыс ұлтының қамқорлығы арқасында адам болған, мәдениет үйренген, яғни орыс отаршылдығы қазақ үшін бауырмалдық пен қамқорлықтың қайнар көзі делінді.

Марқұм жазушы-этнограф Ақселеу Сей­дімбекше айтсақ, қазақ халқы осы уақытқа дейін өз тарихына империялық Ресейдің көзімен қарап келді. Бүтін ұрпақ сол талғам-таныммен тәрбие алып өсті. Ресейдің отарлау саясатына қолшоқпар болғандарды шетінен «Орта Азияны жабайылықтан құтқарушылар» деп оқытты. Осыдан кейін ұрпағы өз бабаларын өздері тілдеуге, өз аталарын өздері қорлауға мәж­бүр болды. Өйткені дүниеге тек қана әрісі еуропалықтардың, берісі империялық Ресейдің көзімен қарау өмір заңы еді. Ең сұмдығы, мұндай сорақылық тек қана тарих пәнінің еншісі болып қойған жоқ, сонымен бірге көркем әдебиет, кино, театр, бейнелеу өнері сияқты рухани өрістердің баршасына улы тамырын жая орнықты.

Ал тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлт тарихын танытудың салқар көші оңа­лып кете қойған жоқ. Оған себеп те бар­шылық. Кеңестік кезеңде қалыптасқан еуроцен­тристік көзқарас шын тарихымызды танып білуге мойын бұрғызбай отырса, екінші жақ­тан эрозияға ұшыраған ұлттық танымның өзі тереңге тарта алмай қайраңдап қалып жатыр.

Соның салдарынан қазіргі тарихтану мәсе­лесінде қазақ ұлтын асыра мақтап, тари­хын бірыңғай батырлық, ерлік үлгісі ретінде баяндау етек алып барады. Бұл ұрпақ­ты жалған тоғышарлыққа тәрбиелейтін келеңсіз құбылыс. Яғни, өткен ғасырлардағы отаршылық зардабынан құтыла алмай отырып «бабаларымыз батыр болған» деп бүгінгі жас ұрпақты қалай сендіре алмақпыз. Бізді осындай келеңсіздіктен құт­қаратын жол, тың тәсіл – заманауи әдіс­теме қолдану нәтижесінде жаңадан тарихи сана қалыптастыру және бұқараны бұрынғы құлдық кеспірден құтқаратын жол салу.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы мен ұлттың тарихи-таным түйсігін жетілдіруге бағытталған «Ұлы да­ланың жеті қыры» сияқты бағ­дарламалық ма­қалалары іздегенге сұраған дегендей, бүгінгі қоғамға өте қажет дү­ниелер. Мұны халқымызды рухани жетілдіретін бірден-бір бағыт десек те болады. Бірақ осының өзін ұқсата алмай отырғанымыз өкінішті-ақ.

Осы орайда, қазақтың жаужүрек қолбас­шысы Бауыржан Момышұлы: «Ренжитінім – ұлтымның тарихы ұмытылып барады. Кешегі Санжар Асфендияров, Мұхаметжан Тынышпаев ағаларым – бірі дәрігер, бірі теміржол инженері болса да, тарихымызды жазуға шама-шарқынша үлес қосты. Ол кісілер жат пиғылдылардың аяқ-қолы­мызға ғана емес, ой-санамызға, арман-қия­лымызға кісен, бұғау салғанын сезді, түсінді. Ермұхан Бекмахановтың ерлікке, елдікке толы талпынысы да тарихшыларды тас қайрақтай қайраса керек еді. Өкініштісі, олар жасқаншақ, жалтақ. Ең бастысы, біздің бүгінгі тарихшыларымызға рухани сезімталдық жетіспейді» деп, өкініш білдіруі қазіргі таңда бүгінгі біз үшін де өте бір өзекті мәселеге айналып отыр.