Қоғам • 14 Тамыз, 2019

Жастар қылмыс жасауға неге үйір?

22529 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруы –жақсы құбылыс емес. Оларды мұндай теріс іс-әрекеттерге итермелейтін нендей күш? Қай кезде де жасөспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мәселелердің қатарында болып келеді. Осы орайда Ақтөбе облысы мысалында 2-3 ауыз ой-пікір өрбіткенді жөн көреміз. Қолда бар деректер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көріністері негізінен ұрлық, тонау, бұзақылық және жыныстық зорлау сипатында екенін көрсетеді.

Жастар қылмыс жасауға неге үйір?

Ақтөбе облыстық Полиция депар­таменті басшысының бірінші орын­басары Абзал Шотановтың мә­­лім­деуінше, өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда биыл өңірде жасөс­пі­рім­дер жасаған қылмыс 19 пайызға азай­ған. Оның есесіне аталған уақыт аралығында олардың тарапынан жасалатын ауыр қылмыстар санының көбейгені алдыңғы жағымды деректі жуып-шайып кеткендей әсер қалды­ра­ды. Ауыр қылмыс дегеніміз – адам өлтіру екенін ескерсек, бұл төбе ша­шың­­ды тік тұрғызбай қоймайды. Тағы бір қынжыларлық жайт мұндай дерек­тердің қаймағы бұзылмаған Ойыл, Шалқал секілді ұлттық салт-дәстүрлер құндылықтарына бай шал­­ғай аудандарда тіркелгендігі. Биыл­ғы жылы да осындай ауыр қыл­мыс­тардың саны көбейіп отырғаны алаңдатпай қоймайды. Әрине қыл­мыс жасаған жасөспірімдер жауап­кер­­ші­лікке тартылған. Осындай тәр­­­тіп олардың ата-аналарына да жа­­­салған, тіпті кейбіреулерін ата-аналық құқықтарынан айыру жөніндегі қатаң заң талаптары қол­­данылған. Қылмысқа бой ұр­ған жасөспірімдердің бірқатары арна­­йы мектептерге жіберілген. Осы­­мен бүкіл істі біттіге санауға бола ма? Әрине, жоқ. Мұнымен жас­өспірімдер арасындағы қылмыс дең­гейі төмендейтініне кепілдік беру қиын. Бұл ретте кәмелетке тол­ма­ғандар арасындағы ауыр қыл­мыс­­тардың көбеюінің басты себебі мен салдары не деген сауалға жауап іздес­ті­рілгені жөн. Біріншіден, осы орайда әлеуметтік-физиологиялық және психологиялық тұрғыдан толық өсіп, дамып жетіле қоймаған балалардың бойында осал, кемшін тұстары болуы табиғи үрдіс екенін терең түйсінуге тиіспіз. Басты мәселе барша қоғам мүшелері өзара бірігіп, олардың осал олқы тұстарын жетілдіруге көңіл аударса, мұндай қылмыстар азая түсетіні анық. Яғни, негізгі назар кә­мелетке толмағандар арасындағы бол­уы мүмкін қылмыстың алдын алуға әрі оны болдырмауға бағыт­тал­са, мұндай іс-шаралар өз нәти­же­сін берері белгілі.

Балалар мен жасөспірімдер ара­сын­дағы қылмысты азайту мен тө­мен­детудің басты жолдарының бірі – ювеналды полиция қыз­мет­кер­ле­рінің мәртебесін және біліктілігі мен жауапкершілігін көтеру деп білеміз. Мемлекет тарапынан қаржы­ландырылатын арнайы ішкі құры­лым­дар толық қайтарыммен қызмет жасауы керектігі ешқандай талас туғызбайды. Әйтсе де, бүгінгі күні өңірдегі ювеналды полиция инс­пекторлары арасында алдын алу шараларын үстірт жүргізуге бейім тұратындар кездесіп қалып жүргенін жоққа шығару қиын-ақ. Күрмеуі мол іс-шаралар кешені шеңберінде бірқатар жағдайларда нақтылық пен сындарлылық жетісе бермейтіні байқалып қалып жүр.

Бүгінгі күні облыста 164 ювеналды полиция инспекторы қызмет істейді екен. Өңірдегі кәмелетке толма­ған­дар­дың басына шаққанда, олардың санын аз деуге де, көп деуге де болмас. Егер осы 164 инспектордың бәрі сапалы нәтиже көрсетсе мүмкін жоғарыда көрсетілгендей, кәмелетке толмағандар арасындағы ауыр қыл­мыс­тар дерегі азаяр ма? Әсіресе қазіргі кезде өңірде тұрмыстық жағ­­дайы төмен отбасылармен қыл­мыс­тың алдын алу жөніндегі жүр­гі­зілетін жұмыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеру керектігі анық көрінеді.

Жасөспірімдер арасындағы қыл­мыс­тың алдын алу ісіне облыс­та­ғы білім беру орындары да сүбелі үлес қоса алатыны айқын. Бұған дейін облыс мектептері мен колледждерінде оқушылардың жанжалдасу мен тө­бе­­лесуі, олардың бірінің өліммен аяқтал­ғаны – олардың жүргізіп келген профилактикалық шараларының тиімсіздігі мен пәрменсіздігінің бір көрінісі болып жүрмесіне кім кепіл?

Осындай олқылықтың орнын толты­ру үшін Ақтөбе облыстық білім басқармасы тарапынан 2019-2020 жылдарға арналған ведомстволық жос­пар әзірленіп бекітілген. Бұл қадам қылмысқа баратын жеткіншектердің отбасылық жағдайларына жан-жақты талдаулар жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта биылғы жылы қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылған 63 жасөспірімнің отбасылық жай-күйі­не жасалған талдаулар оның 44 па­йызы толық отбасынан шыққанын көрсетіпті. Сондай-ақ тексерулер ке­зінде ата-аналар перзенттеріне өз дең­гейінде бақылау жасамайтыны, бала­ларына саналы тәрбие беру ісіндегі ата-аналық парыздары мен жауап­кершілігін сезіне бермейтіні анық­талған.

Өткен жылы Ақтөбе облысындағы бес жалпы білім беретін мектеп пен бес колледжде оқушылардың қылмыс жасау деректері тіркелген. Облыстық білім басқармасы биыл облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесе отырып, аталған теріс құбылысты жою үшін арнайы қанатқақты жоба әзірледі. Сондай-ақ аталған жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің басын қосатын жұмыс тобы құрылған. Осы оқу орындарында жастардың белгілі бір тобы кескіш және қадалғыш заттарды ұстап келгендері мәлім. Жұмыс тобы мүшелері бұл мәселе жөнінде де оқушылар мен ата-аналармен жеке әңгімелесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Журналистік зерттеулер жасөс­пі­рімдер қылмыс жасаған жағдайда өкілетті органдар кінәні сол жас­өс­пірімдердің ата-аналарына ауда­ру­ға тырысатынын көрсетеді. Сондық­тан әрбір оқушының бос уақы­тын тиімді әрі мазмұнды түрде ұйым­дас­ты­ру аса маңызды мәселеге айналды. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың салдарын жою тек осындай бас біріктіре білген жағдайда ғана мүмкін болатынына толық сенім бар.

 

АҚТӨБЕ