Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Ғажап зат-ау бұл-дағы!

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ежелгі Қазақстан тарихы, қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті әлемдік тарихта бірегей өркениет ретінде қарастырылуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында қазақ даласындағы ұлы жетістіктердің сырттан келмегендігін, керісінше қазақ даласында пайда болып, шартарапқа тарағандығы атап өтілген болатын. Сол ұлы өнердің бір парасы – қолөнер шеберлерінің үлесі.

Ғажап зат-ау бұл-дағы!

Былғары ісі ежелгі өнер санатында. Кейін көзден бұл-бұл ұшқанымен, қайта жаңғырып, өріс жаюда. Кез келген өнердің өрісі әрине, шын берілген шынайы шеберлердің уысында. Көкшетаулық қарапайым ұста Рустам Яковлев осындай он саусағынан өнер тамған азамат­тың бірі. Сүйікті ісімен 2014 жыл­дан бері айналысуда. Әдейі­леп іздеп бардық. Алғаш хабар­лас­қанымызда уақытының жоқ­тығын айтқан. Тапсырыс алыпты. Бірінің үстіне бірін. Ақшаға қызыққаннан емес, қы­зы­­ғушылығы енді оянып келе жатқан жерлестерінің бетін қай­та­­руға батпаған.

Көпқабатты үйдің шағын ғана пәтері. Ат айналғысыз бөлме. Шеберхана іспетті. Жұмыс үсте­лінің үсті саналуан құрал-сай­ман­дарға толы, қабырғада самсап ілулі тұрғандары қаншама. Сапасы әртүрлі, қалыңдығы да әрқилы былғары кесінділері. Дайын бұйымдары да бар екен. Бірың­ғай ұлттық нақышта, таза был­ғарыдан жасалған әлгі бұ­йым­дардың қай-қайсысы болмасын көз қызықтырады.

Қала баласы Рустамның қызы­ғушылығы ерте оянған екен. Облыс орталығындағы Шоқан Уәли­ханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетін бітір­ген. Бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғалімі қаладағы білім ошақтарында жұмыс істепті. Кейін біржола осы кәсіпке бет бұрған. Бір айта кетерлігі, жалпы білім беретін мектептерде сегізінші сыныпқа арналған «Еңбек» оқулығының авторы екен. Облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, тәуір бағасын алған.

– Тұтынушылардың талабынан шығу оңай-оспақ шаруа емес, – дейді өзі. – Көне заман­да­ғы қолөнер шеберлерінің қандай зат жасағанын, қа­лай жасағанын, қандай бұ­йым­­дарды пайдаланғанын зерделей зерттеу­ге тура келеді. Әсіресе, атақты ғалым Әлкей Марғұланның мұрасынан дәстүрлі өнер туралы деректерді көп кездестірдім. Өз басым өткен мен бүгінді байланыстыруға тырысамын. Бұл дегеніңіз қарапайым зат емес, тұнып тұрған тарих емес пе? Орхон Енисей руникалық жазбаларын ерекше бағалаймын. Жасайтын бұйымдарым тарихи деректерді сөйлетіп тұрған­дық­тан, осы жазуларды жиі пайда­ла­нуға тырысамын.

Айтпақшы, Рустам бос уақы­тын­да варганда ойнауды ұна­та­ды екен. Үнінде тылсым күш бар дейді. Сиқырлы сазға елі­тіп, қорғасындай балқығанда, көне дүниенің көмбесіне енбек. Жан дүниесімен өткеннің елесін сезінбек.

Жұ­мысқа көптеген тех­ни­ны пайдаланды екен. Оның ішінде жазу, өрнек­теу, қалыптау, тіпті, пирог­ра­фия да бар. Өз бойындағы қабілетті ұштаған ұс­та­зы Рүстем Шәріповтің ең­бе­гін ерекше бағалайды. Қа­зір де байланысын үзбеген. Бұйым­да­рындағы зергерлік заттардың бәрін ұстазы жасайды. Ілкімді ізденіс те, мұрат-мақсат та бір.

– Орта ғасырдағы жауын­гер­­лердің, оның ішінде қа­зақ жауынгерлерінің қару-жа­рақ­та­рын даярлаумен және қайта жөндеумен айналысамыз, – дейді шебер. – Бес қарудың толық жиынтығы мен сауытын жасап болсаң, ерліктің бәсін білесің.

Қолөнер шебері ұлттық құн­ды­­лықтардың еш уақытта ұмы­­тылмайтындығына бек се­нім­ді. Өйткені ата-баба тарихы қашанда мызғымас іргетас іспетті.

 

Көкшетау