“Жақсыны жақсы табыстырады” деген бар халқымызда. Даналықтың дәл айтылғанын талай көрдік. Соның бірін Талғат Досымбековке қаратып айтуға болады.
Сексенінші жылдардың соңына қарай Кеңащыға Баянғали Әлімжанов көшіп келген. Кезінде Алматыда бірге оқып, бірге қызметтес болған досымның қолын алып, сырқат меңдей бастаған Тәйкен атайға сәлем беру ниетімен алыстағы ауылға сапар бастағанмын. Баянғалидың есігін қаққанымда, ортадан жоғары бойы бар, бұйра шашты ақсары жігіт ұшып-қонып төрге оздырды. Жер үстелде жеті-сегіз адам отыр. Бәрі көңілді. Қаланың құрыс-тұрысында жүрген кісі баяғыдағы бозаның буымен бұрқыраған сал-серілердің ортасына тап келгендей сезінеді екен өзін. Басына жұпынылау бұрма бөрік, үстіне қара керіс қаптырма камзол киген Баянғалиды Біржан мен Ақанға қатар ұқсаттым. Тіксініп қалдым. Ақын жүрек баяғы Ақан мен Біржанның тағдырын қайталап жүрмегей деп. Бекер екен. Дастарқан жаңғыртылғанша досымның ішкі жан-дүниесі жайылып сала берді. Ұққаным – еңкейген әке алдындағы парызын, бұрынғы мен қазіргі мәдениетті бірге қайнатып, туған ел алдындағы қарызын өтеу. Біз, журналистер нақтылаумыз ғой, “қойшы-ей, басты қатырмай”, деппін. Шамданған жоқ. Қолындағы домбырасын дауылдатып барып кілт тоқтады да, жанындағы жігітке ұсынды.
Масқара, бәрі әнші! Біржан елінің бүгінгі үнінің асқақтығына тамсанып отырмын. Бірінен-бірі қалар емес. Неге екенін қайдам, кезек жаңағы ақсары жігітке жете бергенде “аяқ созу” мәселесі көтеріле бастады. Талғат осы үйге туған күйеу екен, содан шығар... Алдымыз орнымыздан көтеріліп қалған тұста Талғатымыз аңыратсын келіп. Шығарып айтып отыр. Ой бар. Арасында менің есік қаққаным да сыналып өтті... “Бұл жігітте бір гәп бар екен” дегенмін де қойғанмын.
Көп ұзамай облыс орталығындағы “Көкшетау” мәдениет сарайында Біржан салдың құрметіне ақындар айтысы өтті. Қол шапалақтап қошеметтеп отырмыз. Бір сәтте сахнаға Талғаттың шыға келгені. Әжептәуір аты шығып қалған қызылжарлық қызбен сөз жарыстыру оңайға түспейтінін ішім сезіп отыр. Тәкең де қояр емес. Таразы басы Талғатқа ауа бастағанда, қазылар “болды, болдыға” басты. Осы жерде жергілікті ақын азаматтық танытты, жюриден сұрап жүріп жүлдені қарсыласына байлатты.
Тәкең көпшіл. “Аузын ашса, көмекейі көрінеді”. Әңгімені әргі-бергіден қаузай айтқанда, тәлім төгіліп тұрады. Адамның артықшылығы – жан-жағыңды жадырата білуде. Бұл кісімен көшеде қатар жүру құрмет әрі азап екенін білемін. Үлкен-кіші үйіріле қалады. Ұялы телефонын бұрап, біреудің мұқтажын біреуден сұрап жатқаны. Манадан бері жанында жүргеніңді де ұмытып кететіндей. Өзі тұратын Степняк қаласында да сол, Көкшетау қаласында да сол.
Тәрбиені жүре теретіндер болады. Оған түп, негіз дегендер қосылса, өмір шіркін нәрленіп сала беретіні анық. Талғатты осыған қосар едік. Атасы Досымбек Бозғұлов – Қызылту аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған адам. Әкесі Сексенбай Досымбеков Степняктағы “Қазалтын” тресінде ұзақ жылдар ағаш өңдеу және кірпіш зауыттарының директоры қызметін атқарды. Қазақтың біртуар азаматы Жұмабай Тәшеновпен сыныптас болған Сексенбай атамыз Омбыда оқыған жылдары небір дүлдүл зиялылармен қатар жүргенін мақтанышпен айтып отыратын. Биыл сексенге толған Сапура шешеміз Досымбеков әулетін әуелеткен ардақты ана. Олар 11 бала өсіріп, бәріне жоғары білім берді. Бұлардың арасынан республикамыздың еңбек сіңірген дәрігерлерін, еңбек сіңірген мұғалімдерін, абыройлы басшылар мен қосшыларды кездестіресіз. Өткен жылы Көкшетау қаласында республикамыздағы үшінші болып Президенттің интеллектуалды мектебі ашылды. Мәртебелі оқу орнына ұстаздар іріктеу қатаң талаптар негізінде өткізілгені белгілі. Міне, осы мектепке Сапура шешеміздің бес бірдей немересі жұмысқа тартылып отыр. Сенбейтіндей-ақ жағдай, бірақ шындығы осы.
Осындай үлгілі ордадан түлеп ұшқан Талғат Досымбеков артық еркелеуді білмей өсті. Өйткені, ол 11 баланың екіншісі, яғни қорғаны бола білген жан. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын бітіріп, Түркімениядағы әскери борышын өтеп алып, біржола еңбекке араласты. Адалынан танылды. “Мамай” кеңшарында бригада есепшісі болып жүрген ол аудандық газетке фототілші болып шақырылды. Ол кезде фототілші деген атымен жоқ. Ауыл баласы осыны меңгерді. Араға сегіз жыл салып, яғни 1981 жылы Талғат аудандық баспахананың директорлығы қызметіне жоғарылатылды. Уақыт талабымен үндес жігіт осы жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін орыс тілінде сырттай бітіріп шықты. Баспаханаға он жылын берген Тәкеңді жұртшылық халық депутаттары Степняк қалалық кеңесі төрағасының орынбасары етіп сайлады.
Төрағаның орынбасары қашандағысындай жұмысқа білек сыбана кірісті. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылы болатын. Халықтың етек жиып, еңсе көтеруі жолында көп еңбек сіңірілді. Күнделікті қарбалас пен кездескен қиындықтарға қарамастан, қала тұрғындарының рухын оятуда да бастамашылдық қадамдар жасалды. Қала мен өңір тумалары, әйгілі Біржан сал, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр Досов, “Беломор каналын” салуға қатысушылардың бірі Сәлімкерей, “Жас қазақ” әнінің авторы Рамазан Елебаев, Мұса Жәлелмен бірге Моабит түрмесінде азап шеккен Атлан Атнашев (жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың кітабының қаҺарманы) атындағы, тағы басқа көшелер пайда болды. Біржан зиратында көркем мемориалдық кешен тұрғызылды. Әрине, мұның барлығын Талғаттың бір өзіне еншілеп отырғанымыз жоқ. Жас маманның жұртшылықпен, аудан басшылығымен тіл табыса білуінің, оң іске ұйытқы болуының өзі неге тұрады.
Кейбір адамдар болады, зейнетке шыққанша бір саланы гүлдей дөңгелететін. Бұл – жақсы қасиет. Ал, қоғам керек адамын кейде әр салаға салып, жауапкершілік жүктейді. Осыған төзіп, тиянақтылық таныту екінің бірінің қолынан келмейтін шығар. Тәкең “Игілік банктің” қалалық бөлімшесінің директоры, “Халық банкінің” басқарушысы, аудандық “Дала дидары”, – “Сельская новь” газеттерінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазір аудандық байланыс торабының бастығы. Барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша облыстық жүлделі орындардан түсіп көрген емес. Депутат та болып сайланды. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы, “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін де атқарды. Төрінде Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты ілулі тұр. Басқа да марапаттаулардан кенде емес.
“Шаңырақтың шаттығын берсін” деп жатамыз ғой. Степнякқа бара қалсам, Досымбековтердің отауынан төгілген шуаққа тәнті боламын. Кірбің көңіл, қабақ шытудан ада ұя. Мектепте 35 жыл мұғалім болған Сұлушаш әпкеміз айналып-толғанып тұрғаны. Маған қаратып сөйлегенде байқамай “Баянғали” деп қалады. Ол Алматыға қайта көшкен. Бауырына жақын тартқанына өсіп қаламыз. Екеуінің үш баласы бар. Үйлі-баранды. Бәрі жақсы ғой. Бірақ, мектепті алтын медальмен, екі бірдей жоғары оқу орнын үздік бітірген Ержанның үйіндегі келіннің қазасы батады... Балапандар – немерелер өсіп келеді. Өмір алға жылжи береді.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы.