Мұнайшыларға, әскери күш құрылымдарына, құқық қорғаушыларға, медицина қызметкерлеріне арнайы киімдер, лицей оқушылары үшін мектеп формасын тігумен қатар, жұмысшы киімі мен аяқ киімдерін өндіретін кәсіпорын енді халыққа арналған күнделікті аяқ киім шығаруға кірісті.
Сапалы өнімімен, жоғары ұжымдық ұйымдастырушылық ерекшелігімен жеңіл өнеркәсіп саласында бірнеше рет қалалық, облыстық және республикалық көрмелердің жүлдегері атанған кәсіпорында 160 адам еңбек етеді. Цехтары заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорынға өндірісті кеңейту мақсатында 2017 жылы 100% мақтадан жасалған киімдер тігу технологиясы енгізілді. Поло жейделері, ұзын және қысқа жеңді футболкалар, балалар полосы, балалар спорт киімі осы санатқа жатады. Қазіргі уақытта нарықтағы барлық өнім тұтынушылардың үлкен сұранысына ие.
«Zhamal-ai LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Зибира Хасанованың айтуынша, кәсіпорын жылына 19 мың дана арнайы киім, 100 мың жұп арнайы аяқ киім мен 30 мың жұп макасин дайындайды. Кейбір аяқ киімдердің табаны осында құйылады. Шикізаттар Ресей мен Италия, Түркиядан жеткізілуде. Кәсіпорынның «Sharkey» бренді – сәнді, әдемі және жоғары сапалы былғарыдан жасалған аяқ киім. Барлық отбасына, яғни ер адам, әйел, балаларға арналған аяқ киімдер сапасы жағынан жақсы танылған отандық өнім санатында. Сапалы өнімдер Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында саудалануда, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында сауда нүктелері бар.
Өнім өндіруде өзіндік өрнегін қалыптастырған «Zhamal-ai LTD» серіктестігі жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз жасаушылар арасынан Маңғыстауда алғашқы болып индустриялық сертификатқа ие болды. Индустриялық сертификат мемлекеттік сатып алуға қатысуға, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шетелде көрсету бойынша шығындарды өтеуге рұқсат береді. «Бұған дейін өндіріс ошағы СТ KZ сертификатымен өнім шығарып келді. Жаңа сертификатты алу үшін тиісті дәлелді құжаттар жинақталды. Өндіріс ғимаратын, өндіріс қарқындылығын, отандық өнім өндіру шынайылығын, техникаларды арнайы комиссия тексерді. Талаптарға сай келгендіктен аталған сертификатты алғаш осы кәсіпорынға беруге шешім қабылданды», дейді сертификаттау жөніндегі инженер Болат Дүйсекешев.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының сертификаттау жөніндегі 1-санатты маманы Асхат Ысқақовтың айтуынша, «Zhamal-ai LTD» серіктестігі 268 тауар түріне арналған индустриялық сертификатқа ие.
Атыраудан өз нүктелерін ашуды жоспарлап отырған серіктестік күзде Мәскеуде өтетін көрмеге қатысып, халықаралық нарыққа жол салмақ. «Қазақстанда жасалған» таңбасымен отандық тауарлардың экспорт аясын кеңейтуді мақсат еткен кәсіпорынның тауарлары талғамға татитыны анық.
Маңғыстау облысы