Төрағаның нәтижелі сапары
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:49
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қызылорда облысына арнайы сапармен келді. Мәртебелі мейманды аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев күтіп алып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Жалпы, адамдар «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауларына үлкен үміт арқалап келеді. Билік партиясының табалдырығын аттаған әрбір азамат өз мәселесінің шешілетініне сенеді.
Сәрсенбі, 29 мамыр 2013 1:49
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қызылорда облысына арнайы сапармен келді. Мәртебелі мейманды аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев күтіп алып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Жалпы, адамдар «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауларына үлкен үміт арқалап келеді. Билік партиясының табалдырығын аттаған әрбір азамат өз мәселесінің шешілетініне сенеді. Оның сыртында, қоғамдық қабылдауларда заңнамалық кеңес алуға, маңызды мемлекеттік бағдарламалар турасында кеңінен мәліметке қанық болуға мүмкіндік молынан бар. Бұл елмен етене араласудың бір құралы екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Ал орталықтан алыс жатқан елді мекендерге қоғамдық қабылдаудың өкілдері өздері барады. Ел ішіндегі проблемаларды көздерімен көріп, оны шешу жолдарын қарастырады.
«Нұр Отанның» Парламенттегі фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің Қызылорда облысында жұмыс сапарын осындай қоғамдық қабылдаудан бастағаны да заңды көрінді. Мәжіліс Төрағасының қабылдауына азаматтар түрлі сауалдармен келді. Және өздерін мазалаған мәселелердің шешімін тауып қайтты. Мысалы, «Ақ-Барыс» шаруа қожалығының төрағасы Ерболат Рсалиев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша субсидия алуға мүмкіндік қарастыруды сұрады. Аталған шаруашылық «Халал» стандартымен өнімдер шығарады. Олардың өнімдері халық арасында үлкен сұранысқа ие. Жергілікті кәсіпорындар, мектептер, медициналық мекемелер осы қожалықтың өнімдерін пайдаланады. Бүгінде шаруашылықта мал соятын цех, 200 бас ірі қара малды жемдеуге арналған орын бар. Шаруашылық жетекшісі енді қолда бар цехты үлкейтіп, мал жемдейтін орынды 500-ге жеткізуді ойлап отыр екен. Сол үшін «Сыбағадан» сыбаға алуды мақсат тұтады. Болашағы бар, елге пайдасы зор жобаға Нұрлан Зайроллаұлы да қолдау білдірді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі – Валентина Левкина. Ол – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Қолында бір ұлы бар. «Жасөспірімдер үйінде» тұрып келе жатқанына он жыл болған. Ендігі басты арманы – баспаналы болу. Мәжіліс Төрағасымен ол да ой-арманын бөлісті. Тағдырдың теперішін аз көрмеген жас анаға Нұрлан Нығматулин жазға дейін жаңа баспанаға ие болатынын айтты. Сонымен қатар, ол жетім балалардың баспана құқын заң жүзінде бекітудің де қарастырылатынын жеткізді.
Н.Нығматулин «Нұр Отан» партиясының қабылдау жүйесі ең алдымен Елбасымыз жүктеген әлеуметтік мәселелерді шешудің басты тетігі екенін айтты. Биыл партияның Қызылорда облыстық филиалына мыңнан аса адам хабарласқан. Ақмешіттік ағайынды еңбекпен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, жалақының төленбеуі секілді өзекті мәселелер толғандырады екен. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында облыстық филиал көшпелі қабылдаулар, темір жолдағы қабылдау, «Қазақтелекомда» қоғамдық қабылдау бөлімін ашу секілді түрлі пішіндегі кездесулер өткізіп келеді.
Қоғамдық қабылдаудан соң Нұрлан Нығматулин бастаған меймандар «Жастар үйінің» жұмысымен танысты. Ол былтыр пайдалануға берілді. Бірінші қабатында 23 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер тұрады. Ол жатақхана секілді жасалған. Ал одан жоғары қарай 29 жасқа дейінгі азаматтарға пәтер ретінде беріледі. Бұл балалар үйінде тәрбиеленіп, 23 жастан кейін мемлекет қамқорлығынан тыс қалатын жастар үшін ең қолайлы тәсіл болып тұр. Олар 29 жасқа дейін білімін алып, отбасын құрып, жұмысқа орналасып, баспана мәселесін шешіп алғанша осы орынды мекен етеді. Ал мұның жастарға жасалған үлкен қамқорлық екені айтпаса да түсінікті.
Орталықтың жұмысымен танысып шыққан соң Мәжіліс Төрағасы журналистерге арнайы сұхбат берді.
– Әуежайдан түскеннен кейін-ақ Қызылорда облысында үлкен жұмыстардың атқарылып жатқаны көзге бірден көрінді. Жаңа жолдар салынып, құрылыс алаңдары тынымсыз жұмыс істеп, соның нәтижесінде тұрғын үйлер мен ғимараттар бой көтеріп жатыр екен. Аймақта Елбасының тапсырмалары тыңғылықты орындалып жатқанына куә болып отырмыз. Облыс басшысы аймақта қолға алыну үстіндегі бағдарламалар туралы айтты. Ал оның барлығы еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосады деп сенеміз,– деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Мәжіліс Төрағасының жұмыс сапары одан соң Байқоңыр ғарыш айлағында жалғасты. Меймандар бірқатар маңызды нысандарды аралап шығып, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мұражайының жұмысымен танысты. Онан соң «Союз-ТМА-09М» ғарыш кемесінің ұшырылуын тамашалады.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.