Руханият • 15 Тамыз, 2019

Шерағаның қарындасы шерткен сыр

981 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шерхан Мұртаза – әрбір қазақ үшін аяулы есім, ардақты тұлға. Тумысынан текті, қара қылды қақ жарған ақиқатшыл азаматтың орны бүгінде ойсырап қалды. Туған елін, туған топырағын тәу етер киесі, жүз бұратын құбыласы деп қастерлеп өткен Шераға қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс еді. Ал сол туған топырақта уақыттың дауылы да, жауыны да өшіре алмас қаншама естелік бар.

Шерағаның қарындасы шерткен сыр

Бір анадан туып, бір тағдырды бөліскен бауырдың қашанда жөні бөлек. Бірге өскен кезеңнің ерекше естелігі ұмытылмайды, барлық сәт­тері санаңда сайрап тұрады. Шын­дықтың жебесі Шерағаның туған қарындасы Құрмаш Мұрта­за­қы­зының шаңырағына сәлем бере барғанымызда, ол кісі бауыр­ға деген қимастық сезімін білдіріп, ерекше толғаныспен өткен күндерден естелік айтты. Әсіресе, Мұртаза әулетіне деген Бауыржан Момышұлының қам­қор­лығын, Шерағаңа деген аға­лық ықыласын тебірене жет­кіз­ді. Ел ішінде жиі айтыла бер­мей­тін әңгімелерді Құрмаш апа әңгімелегенде толқымау, тебіренбеу мүмкін емес еді. «Әкеміз Мұртазаны бай-құлақтың баласы деп ұстап әкетті. Ол кісіні көзі көргендер әке­міз­ден кезінде ауыл болып ақыл сұрап отырғандарын жиі айтып жү­ре­тін. Әкейді бір рет емес, бірнеше рет қамаған. Бұл жайлы көп айтыл­май­ды. Баяғы сол ауылдың шо­лақ белсенділері байдың баласы деп тыныштық бермеді ғой. Ең соңғы рет бұл іске Бауыржан Момышұлы ара­ласып, әкемізді түрмеден шыға­рып алған екен. Баукеңнің бұл азаматтығын Мұртаза әулеті ешқа­шан ұмытпайды. Ал әкеміз одан кейін қайта ұсталып, сол кеткеннен мол кетті. Ол кезде ағам Шерхан бес жаста, мен үш жастамын, ал інім Батырхан бір жарым жаста болатын», деп қария тауқыметке толы тағдыр жолын еске алды.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» кітабында бейнетке толы ба­ла­лық шағы туралы толғайды. Әке­сі Мұртазаны сағынышпен еске ала­ды. Айша ананың кешкен аза­бын суреттейді. Алайда біз осы уа­қытқа дейін айтылмаған Бауыр­жан Момышұлының бұл ер­лік ісін Құрмаш апаның аузынан есті­дік. Құрмаш апа өзінің әңгіме­сі­нде балалық шақтағы кешкен қиын­дық­тары мен көрген бейнетін өнеге өрнектерімен әңгімелеп берді. «Ауыл­дың шолақ белсенділері бізге күн көрсетпеді. Шешеміз күн шық­­қаннан түн батқанша колхозда жұ­мыс істеді. Сонда белсенділер еңбекақыға бір түйір дән де берген емес. Үйімізде не тамақ, не отын жоқ. Содан нағашыларымыз бізді Жамбыл қала­сының іргесіндегі Бектөбе деген ауылға көшіріп әкетті. Шерхан қалада интернатта оқып жүрді. Мен жоқшылықтың кесірінен бірінші клас­ты да оқи алмадым. Шешем қаладан жүн әкеліп иіреді. Мен оны түтіп беремін. Соны сатып, ақшасына бір бөлке қара нан алсақ, ет жегендей болатынбыз. Осылай күн көрдік. Шешемнің сіңлісі қайтыс болғанда, біз қайтадан ауылға көштік», деп әңгі­месін жалғады Құрмаш апа. Бү­гін­де сексеннің бесіне келіп отыр­ған қарияның маңдайындағы әжім өткен күндердің естелігіндей болса, жанарындағы жас сол уақытта жазық­сыз жапа шеккен адамдардың жү­рек жасындай еді.

Есті азаматтың есінде тағдырдың түрлі таңбалары сақталады. Адам бойын­дағы иман, адамгершілік, кісі­лік дейтін ұлы қасиеттерді көре білген, өмірінде соны өнеге еткен жан­ның да өнегесі таусылмақ емес. Кісінің кісілігін көрсе де, адам­­­ның аласын таныса да мінез дей­тін мықты­лығынан таймаған, қанмен келген қасиетін жоғалтпаған Құрмаш Мұртазақызы сол бір қиын ке­­зеңде жақсы­лығын аямаған адамдар тура­лы да айтып берді. «Есейген ша­ғын­да Шерхан Мәскеуге оқуға кете­тін болды. Бізде бере қоятын ештеңе жоқ. Сонда ауылдың жақсы адамдары Шерханның жолына деп ақша жинап бергендері есімде. Демалыс сайын келгенде де елдің адамдары жолына қаражат жинап беріп тұрды. Өзі де Мәскеуде жүргенде күн көру үшін пойыздан жүк түсіріп ақша таба­ды екен. Жарықтық, өзін өзі асы­рап оқыды ғой. Ал мен ауылда қалдым. Жетінші класты әрең бітір­дім. Колхозда жиырма жасыма дейін бидай жинап, шөмеле салып жүр­дім. Шешем Айша да осы кезде ауру болып қалды. Ол кісі де талай қиын­дық­ты көрді ғой. Тіпті бала күнімізде шолақ белсенділердің шешеміздің ша­шынан сүйрегенін де көрдік. Бәрі де баяғы байдың ұрпағының отбасы деген жала. «Зингер» деген тігін машинасын шешем әр жерге тығып жүріп сақтап қалыпты. Соны­мен елдің киімін жамап, тігіп күн көріп жүрдік», деп Құрмаш апа бол­маған балалық шағынан естелік айтты. «Әкеміздің жайнамазын шұл­ғау қыламыз деп алып кеткен үміт­сіз, қайырымсыз адамдарды да көрдік. Жақсы жандарды да көр­дік. Бірақ тағдырға реніш айтуға бол­майды екен. Құдайға шүкір, Шерхан бауырым азамат болды. Ел таныған жазушы атанды. Бұл да Құдай­дың несібесі ғой. Бауыржан Момышұлының бір жақсылығын жоға­рыда айттым. Шерхан Мәрия жеңге­мізбен үйленгенде де ол кісіні Бауыржан ағаның Алматыдағы шаңы­рағына түсірген. Ауылда жағ­дай жоқ. Екеуі пәтер алғанша, біраз жыл сол үйде тұрды. Кейіннен баспа­налы болған соң ғана бөлек шықты. Айша анам Шерханның атын атаған емес. Шерхан да бала болып оған еркелегенін көрмеппін. Тек дастарқан үстінде анамыздың қолы­нан ұстап, мейірлене күліп қатты қысып-қысып қоятын. Бәлкім бұл, «Біз үшін талай қиындықты көр­дің ғой» дегені шығар», деп сөзін түйін­деді Құрмаш Мұртазақызы.

Кешегі жетім Шерхан, жалғыз Шер­хан бүгінде ұлт руханиятының алтын діңгегіне айналды. Құрмаш апа да ағасын мақтаныш тұтады. «Бір­еуге қайраткер, біреуге бауыр Шерхан еді ғой бұл. Енді ағамның аты өшпесе екен деп тілеймін. Ке­зін­де өзі туған Талапты ауылына мектеп, мешіт, жол салуға ықпал етіп еді. Енді көзі кеткен соң іздеусіз қал­май, бір көшеге, не бір мектепке Шерхан Мұртаза атын берсе ғой деп ойлай­мын. Тіпті ауылға атын берсе де жарасады ғой», деген Құрмаш апа өмірдің қарапайым қағидасы қашан­да жақсылықтан үміт үзбеу керек­тігін, адам тіршілікте кімге не істесе, соны көретінін айтты. Өмірде көргені мен түйгені көп қарияның әр сөзі бізді ой ағынына қарай жетелей берді...

 

Жамбыл облысы

 

Суретте: Батырхан, Шерхан, Құрмаш Мұртаза әулеті