Спорт • 15 Тамыз, 2019

Сарыарқа боксы тоқырап тұр – КСРО-ның еңбек сіңірген шебері Серік Нұрқазов

539 реткөрсетілді

«Шаршы алаңның профессоры» болған Серік Нұрқазов бүгінде қайда жүр? Өткен ғасырдың 80-жылдары Нұрқазов­тың әр қадамын бақылап отырған жанкүйерге дарынды ұлдың қайда екендігі шынымен де қызық. КСРО чемпионатында ең көп медаль (7 – 3 алтын, 2 күміс пен 2 қола) иеленген Серік сүйікті саласынан алыстаған жоқ. Бірақ талай мықтының еңбегін ескерусіз қалдырған бүгінгі қоғам Нұрқазов секілді өз ісінің шеберін де аса керек қыла бермейтін секілді...

–  80 жылдары бокстың жұл­­дызы болған Серік Нұр­қазов бүгінде қайда жүр?

– Өткен жылдың желтоқ­санына дейін АІВА-ның Алматы облысы Талғар қаласында салған Бүкіләлемдік бокс академиясында қызмет еттім. Академия жанында бокс мектебі құрылған. Сонда төрт жыл қызмет етіп, Май­­құ­дықта Геннадий Головкин атын­­дағы дене шынықтыру-сауық­тыру орталығына шақыр­ды. Бұрын ол жеке жұмыс істесе, бүгінде «Шахтер» стадионының балансына берілді. Қазіргі спорт­тық құрылымдар бойынша куратормын.

Соңғы уақытта Серік Нұрқазов атындағы бокс мектебін ашу бо­йынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл әлеуметтік жоба өңір­лік-әмбебап болады, ал бас кеңсеміз Балқашта орналасады. «Қазақмыс» компаниясы қолдау білдіріп отыр. Елбасының саламатты өмір салтын жақсарту туралы тапсырмасын қолдау мақсатында қолға алынған бас­тамамызда балалардан бастап зейнеткерлерге дейін қамтимыз. Тек бокс емес, спорттың өзге түр­лерінен де үйірмелер ашылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен дарынды спортшылар тегін ш­ұ­ғыл­данатын болады.

– Кезінде ел намысын ас­қақ­татқан боксшылардың көп­шілігі «біздің уақытта бүгін­­гідей басшылық бол­ған­да, Олимпиаданың бір­неше дүркін чемпионы атанар едік» деп жатады. Ал сіз Еуропа чемпионы атана тұ­рып әлем біріншілігінде топ жару, Олим­пиадаға қатысу бұйыр­маған заманда өмір сүрге­ні­ңізге өкінбейсіз бе?

– 1984 жылы КСРО-ның Олим­пиадалық құрамына төрт қазақ­стандық енді. Солардың ішінде мен де болдым. Лос-Анд­желеске нағыз бабымда барушы едім. Тәжірибеме де, әлеуетіме де сеніп тұрған шағым. Тек АҚШ пен КСРО арасындағы саяси шиеленіске байланысты Кеңес өкіметі төртжылдықтың бас­ты додасына спортшыларын қатыстырудан бас тартты. Есесі­не Олимпиадаға балама ретін­де Кубада өткізілген «Дос­тас­тық» халықаралық жарысында бақ сынадық. Финалға дейінгі қарсыластарымнан басым түсіп, ақтық сында шаршы алаң иесімен жұдырық түйістірдім. Кім де болса жеңісті өз жерінде алып қал­ғысы келеді ғой. Сол секілді куба­лықтар да барын салып жер­лес­терінің қолын көтерді.

Көпшілік біле бермейтін болар, мен ұлттық құрама сапында 10 жыл (1978-1988) болдым. Үшінші Олимпиадалық цикл келіп қалған. Бапкерлер Сеулге бара­тын боксшыларды анықтауы қажет еді. Шешуші сынның да уақыты жетті. Өз салмағымның көшбасшысымын дегеніммен, жас емеспін. Жартылай финалда Костя Цзюмен кездестік. Ал­ғаш­қы екі раунд қорытындысы бо­йынша мен ұтып жатқанмын. Бапкерлерім Леонид Тлеубаев пен Юрий Цхай екеуі бақылап отырып, маған асықпауға кеңес берді. Себебі бокста төреші се­нің қолыңды көтермегенше, «мен жеңдім» деп айта алмайсың. Қазы­­лар алқасының шешімімен кез­десу соңында Костя жеңімпаз деп танылып, Олимпиаданың жол­дамасын қанжығасына байлады. Ол кезде Цзю жастар құрама­сынан енді ауысып, болашағына зор үмітпен қарауға болатын боксшы ретінде танылып жүрген. Сондықтан мен де оның жолын байламайын деп шешіп, сәттілік тілеп, эстафетаны сенімді қолға тапсырғаныма қуандым.

– Қарағанды өңірі қай кезде де мықты боксшыларымен ерекшеленетін. Соңғы кездері бұл облыстан құрамаға шақыртылғандар санулы. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Қарағандының боксы құл­дырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Мұны жасырғаннан пайда жоқ, қайта ашып айту керек. Қазір құрамада бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жүрген Абылайхан Жүсіповті ғана мақтанып айтамыз. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев секілді мықтыларды тәрбиелеген өңірде қазір дарындар жоқ деп айтуға келмейді. Бірақ оларға көңіл бөлініп жатқан жоқ. Оның өз себептері бар.

Қарағанды облыстық бокс федерациясының президенті жеңіл атлетика, күрес түрлері секіл­­ді үш ірі федерацияның тіз­­гі­нін қолында ұстап отыр. Өзім біраз уақыт Жетісу өңірін­де жүр­­гендіктен, кей мәселе­лер­­ден бейхабар екенмін. Туған жер­­ге оралғанда ардагерлер мә­се­ле­лер­ді федерациямен бірі­гіп шешу керек деп ұсыныс айт­­ты. Жеңіл атлет Дмитрий Карпов спорт басқармасында жү­ріп біраз түйткілді шешуге кө­мек­тес­кенін білемін. Әлі шеші­л­мегені қан­шама. Асылбек Дүй­се­­баевтың облыс әкімінің бірін­ші орынбасары екенін ескерсек, оның спорттан бөлек те жұмы­сы­ның толып жатқаны түсінікті.

Қарағанды бокс мектебін жоғалтып алмауымыз керек. Ға­лым Жарылғапов, Қазбек Ашляев секілді мықтылары­мыздың есімін тұрақты ұлықтап отырсақ, әлі талай дарынға қанат бітіреміз. Юнусов, Стрельников, Арынбаев деп бұл тізімді жал­ғастыра беруге болады. Ен­ді жа­қын арада федерациямен екін­­ші рет кездесіп, осы мәсе­ле­лер­дің шешімін табуына бірлесіп ат­салыссақ дейміз.

– Спорт және дене шынық­тыру істері комитетінің төр­аға­сы болып Серік Сәпиев таға­йындалды. Сәпиевтің бұл қызметке келуі ел спортының өркендеуіне қаншалықты оң ықпал етеді деп ойлайсыз?

– Серікті жұртшылық Олим­пия ойындарының чемпионы ретінде біледі. Жай адам олимп шыңын бағындыра алмайды. Одан қалды Мәжіліс депутаты болды. Англияда білім алып келді. Яғни, спортшы ретінде де, маман ретінде де тәжірибесі бар. Деген­мен Серікке жаңа қыз­меттің де оңай болмасы анық.

– Бір сұхбатыңызда спортшы үшін өмірде өзін табу ма­ңыз­­ды депсіз. Ал сіз үлкен спорт­­­пен қош айтысқалы өзі­ңі­з­­ді таба алдыңыз ба?

– Өмір болған соң қажеттілік­тер де, қиындықтар да, сынақтар да кездеседі. Орта жолда сынып қал­май, әрі қарай өмір сүру, күре­су­ге күш табу – ең бастысы сол ғой.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кей өңірлерде ауа-райы өзгереді

Аймақтар • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы

Руханият • 12 Қазан, 2019

Сенаторлар сенбілікке шықты

Қазақстан • 12 Қазан, 2019

Оралда «LATYN FEST» жастар форумы өтті

Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар