Қару қашанда қасірет әкеледі
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:51
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес бірлесіп, палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен «Травматикалық қару: заңнамалық реттеу мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Мәжіліс қарауында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдары қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Заң жобасының тұжырымдық мақсаттарының бірі азаматтық айналымнан жарақат салатын патрондары бар атыс қаруын алып, оны қызметтік қару санатына жатқызу болып табылады.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:51
Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес бірлесіп, палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен «Травматикалық қару: заңнамалық реттеу мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Мәжіліс қарауында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдары қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Заң жобасының тұжырымдық мақсаттарының бірі азаматтық айналымнан жарақат салатын патрондары бар атыс қаруын алып, оны қызметтік қару санатына жатқызу болып табылады.
Н.Нығматулин шараның ашылуында сөйлеген сөзінде: «Қару – шын мәнінде қорғану құралы емес, шабуыл жасау құралы. Сондықтан, бұл жерде екі түрлі пікірге жол беруге болмайды – кез келген қару айналымы егжей-тегжейлі және қатаң бақылауды талап етеді», деді.
Соңғы 5 жылда ішкі істер органдарында травматикалық қаруды өзін өзі қорғау мақсатында пайдаланған 19 оқиға тіркелген, ал керісінше, осы қарумен қылмыс жасаған оқиғалар саны мыңға жетеді. Сондықтан, өзін өзі қорғауға арналған қару қауіпке айналған кезде, біздің азаматтарымызды қорғаудың бір ғана амалы бар, ол – бұл қаруға тыйым салу немесе оны пайдалануға байланысты талапты күшейту.
Заң жобасының өзектілігі ескерілген шарада Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов әрқайсысы өз саласына қатысты баяндама жасап, басқа қатысушылар жарыссөзге шықты.
Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша елімізде 284423 адам 329151 азаматтық қарудың заңды иесі. Және де ішкі істер органдарының есебінде 1589 заңды тұлғаға 30 632 қызметтік қару тіркелген. Сонымен қатар, 37905 азамат травматикалық қаруды пайдалану құқығына ие болса, олардың иелігінде 43510 травматикалық қару бар.
Жалпы, Ішкі істер министрлігімен қару айналымына бақылауды күшейту шаралары жүргізілуде. Соған қарамастан, статистикалық мәліметтерге сәйкес атыс қаруын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың саны өсуде, сонымен қатар, травматикалық қарудың қоғамға қауіптілігі артуда. Себебі, оны азаматтар өзімен бірге кез келген орында алып жүре алады және ол қарудың тек өзін өзі қорғауға арналғанына қарамастан, қоғамда оны өзін қорғауға пайдаланудан гөрі қылмыс жасау үшін пайдалану фактілері бірнеше ондаған есеге көп. Оның үстіне бұл қаруды заңсыз пайдалану және заңды ұстаса да қылмыстық пиғылда пайдалану 25 жасқа толмаған азаматтардың арасында белең алуда.
Бұл қаруға шектеу қою Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша азаматтарымыздың өзін өзі қорғау құқығына еш шектеу әкелмейді, себебі, бұл қарулар азаматтық айналымнан алып тасталынғанымен, азаматтарымыздың өзін өзі қорғау үшін басқа қару түрлеріне ие болу құқығы шектелмейді. Бұған дәлел травматикалық қару алып қойылғанымен, 284423 азаматтың қолында 329151 азаматтық басқа қару түрлері қалады. Сондай-ақ бұл қаруды иеленуге барлық азаматтарымыздың құқығы бар.
Осы орайда Мәжіліс Төрағасы былай деді:
– Травматикалық қару да ажал құштыруы мүмкін. Әрбір азамат өзінің іс-әрекетіне толықтай жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. «Дөңгелек үстелде» азаматтық жауапкершілік басты назарда болды. Бұл жерде тек қаруды қолданған адам емес, сол қаруды сатқан адам да жауап беруге тиіс екендігі қозғалды. Және әрқашан бірінші кезекте жалпыға ортақ адами құндылықтар тұруы керектігі баса айтылды.
Шараға қатысушылар травматикалық қарулардың кең таралған модельдері мен заң қабылданған соң азаматтық айналымда қалатын, рұқсат етілген өзін өзі қорғау қаруларының жекелеген түрлері қойылған көрмемен танысты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».