Аймақтар • 15 Тамыз, 2019

Қызғылт сары түс

794 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ыстық жаз биыл Алатауға ерекше ықылас танытты білем, біз мәңгілікке балап жүрген мұздықтар еріп, ағыл-тегіл жылға боп ағып, төбесімен көк тіреген биік шыңдарды шомылдырып өтті. Енді міне, тау жасарып, тұла бойы түп-түгел күнге күйген қайратты жігіттей қасқайып, күлімсіреп қарайды.

Қызғылт сары түс

Бөктердегі саябақ тамыздың күйін шым-шымдап шертіп, құстары сайрап, тиіндері секі­ріп ойнап, көз бен көңілді бір­дей қызықтырады. Оңтүстік Корея­дан келген бір топ турист жа­сыл шыршалар мен гүлзар бақ­тар­дың жанында суретке түсіп, өз тілдерінде бір-біріне әзіл ай­тып күлісіп, мәз-мейрам болып барады.

Көктеректің көлеңкесіндегі сәкіде жападан жалғыз кітап оқып отырған менің жаныма кенет, қайдан шыға келгені белгісіз, екі иығы қушиған, шү­ңі­­рек көз қарт кісі тізе бү­гіп, оты­ра кетті. Сөйтті де қолым­­дағы ұялы телефоныма қарап:

– Не боп барады өзі? – деді иек қағып. – Көрші елде жұрт көшеге шығып жатыр дей ме?..

Тау бөктеріндегі табиғат көріністеріне таңғала қарап, маужы­рап отырған менің көңі­лім күтпеген жерден мылтық даусын естіген балапандай бүрісіп, жиырыла қалды.

Әйткенмен ол менен жауап күткен жоқ. Бүгінгі жаңа­лықтарды өзі тәптіштеп, тізе жөнелді. Көз ілесе алмайтын зымыран жылдамдығын өл­­шеуге минуттың өзі мимырт, шабан болып көрінетін ақ­парат­тардың бір қияметі, шеті­нен жағымсыз, жаға ұста­тар­дай үрейлі...

Осы сәтте саябақтағы жасыл желекке су сеуіп жүр­ген қызғылт сары күртелі қызмет­ші әйел біз отырған тұсқа жа­қын­дай берді. Оттай ыстық күннің аптабынан қорғанғаны болар, басындағы қызғыш кепкасының астынан жұқа ақ орамал тартып, көзіне үлкен қара көзілдірік тағыпты. Су шашатын шлангыны бір қолымен ұстап, екінші қолымен ұялы телефонын құлағына тақап, әлдекіммен самбырлап сөйлесіп келеді.

– Әй, оған айт, құр босқа қарап жата бермей, жұмысқа шықсын. Осы күнде «екі қолға – бір күрек» қайдан да болса табылады. Анау болмады, мынау болмады деп, уайымдай берген адам өзін-өзі іштей жеп тауысқаннан басқа түк бітірмейді. Бәрінің дауасы – еңбек, – дейді.

«Естіген құлақта жазық жоқ» екені рас. Көңілім біртүрлі елегізіп, қасымдағы кісінің гөй-гөйін тыңдауға зауқым соқпай, орнымнан тұрдым да, аяңдап кете бардым.

Әудем жер ұзаған кезде артыма бұрылып қарасам, көктеректің көлеңкесінде қал­ған сұр көйлекті кісі ізім-ғайым жоқ болыпты. Шамасы, ол тағы да бір құлақтың мазасын алайын деп, саябақты шар­лап жүрсе керек. Ал қызыл сары түсті күр­теше көп­ке дейін жар­қырап көз алдым­­да тұрды.