Құстың да өз ұясы болады
Жұма, 31 мамыр 2013 2:21
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Ғабидулла Әбдрахымовтың жетекшілігімен өтетін кеңестің әрбір отырысы әдебиет пен мәдениет, ғылым мен білім, саясат пен кәсіпкерлік секілді сан салалы, сан алуан тармақты жастар өмірінің өзекті мәселелерін талқылау, күрделі мәселелердің ішінара шешімін табу, себебін анықтау, салдарын тану, сол арқылы жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, орнын айшықтауды мақсат тұтып келеді. Мысалы, жақында Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университеттің бас ғимаратында кеңестің ХV көшпелі отырысы болды. Осы жиында кеңес мүшелері жастар өміріне тікелей қатысты мемлекеттік маңызы бар мәселелерді көтерді. Мәселен, өз басым кеңес мүшесі ретінде төрт мәселені ортаға салдым.

Оның бірі: Астана және Алматы секілді республикалық мәртебесі бар қалалар мен облыс орталықтарында әдебиет пен өнер, саясат пен ғылым, спорт саласында жүрген жастардың баспанамен қамтамасыз етілуі. Құстың да өз ұясы болады ғой.
Екінші мәселе: елімізде шығармашылық жастарға арналған «Шабыт» секілді бір ғана халықаралық фестиваль бар. Енді республикалық деңгейде болса да жастардың дарынын ұштап, қарымын арттыратын, қанатын қатайтып, томағасын сыпыратын әрі дәстүрлі түрде жылда өтіп отыратын фестиваль болса, нұр үстіне нұр болар еді. «Шабыт» елордамызда өтсе, мұны мәдениетіміздің алтын қазығы – Алматыда өткізуге болады.
Үшінші мәселе: Елбасының әдебиет пен өнерге деген үлкен ықыласының нәтижесінде қазақ әдебиетінде есімі алтынмен жазылған арда қаламгерлеріміздің атындағы «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей оқулары», «Мұқағали оқулары» секілді оқулар өткізіліп келеді. Мектеп қабырғасында жүрген жастарды қанаттандыру мақсатында осы оқулардың әрқайсысына бес гранттан бөлінсе. Бұл – ұлттық идеологиямыздың іргетасы саналатын әдебиетке деген махаббат пен құрметті күшейтер еді.
Төртінші мәселе: көркем аударма. Музыка мен спорт тілі – әлемге ортақ. Үдемелі индустрияны жолға қойған, инновациялық жобалармен қарыштап дамып жатқан экономикалық қуатты мемлекеттің, ол мемлекетті құраушы ұлттың шын болмысын, рухани бет-бейнесін әлемге алып шығар, дүниеге танытар құрал – әдебиет. Жас қаламгерлердің шығармашылығының әлем халықтары тілдеріне, тым болмаса ТМД аумағындағы елдер тілдеріне аударылуы – уақыт талабы. Әсіресе, үш тұғырдың бірі – ағылшын тілі – әлемге ашылған терезе. Жас қаламгерлердің шығармашылығын ағылшын тіліне аудару – жас мемлекетіміздің жаңа рухани кеңістікке шығуын қамтамасыз етер еді.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма
төрағасының орынбасары, Президент жанындағы
Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.