Облыстық форуммен қорытындыланды
Жұма, 31 мамыр 2013 2:23
«Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ел азаматтарының тағдырлары арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығымен тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінге дейін қол жеткізген табыстарын көрсетуге бағытталған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық форум біздің өңірде де кең қолдауға ие болды.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:23
«Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің бастамасымен ел азаматтарының тағдырлары арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығымен тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінге дейін қол жеткізген табыстарын көрсетуге бағытталған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық форум біздің өңірде де кең қолдауға ие болды.
Ақтөбе қаласы мен аудандарда ұйымдастырылған форумдарға 8 мыңнан астам еңбек ардагері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер мен білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері қатысты. Өңірде асқан ұйымшылдықпен өткен бұл мәдени-көпшілік шаралар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы мәдениет және демалыс саябағында өткен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты облыстық форуммен қорытындыланды.
Бұл жолғы облыстық форумға қатысушылар қатарында мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, негізінен жастар болды. Форумның мақсаты ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде қол жеткен жетістіктерді кеңінен жариялап, төзімділік, рухани бірлік пен келісім қағидаттарын насихаттау, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, ортақ істерге үлес қосуына ықпал ету болып табылады. Бұл, тұтастай алғанда, егемен еліміздің қалыптасуы мен ілкімді дамуына елеулі үлес қосқан қарапайым халықтың ерен еңбегін өзгелерге үлгі ету, сол арқылы әр қазақстандықтың бойында ел тағдырының бір бөлшегі екенін сезіндіру.
Облыстық форумның салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстандық патриотизмнің іргетасы барлық азаматтардың тең құқығы және олардың Отан алдындағы жалпы жауапкершілігі» деп атап өткенін тілге тиек ете келіп, қазақстандықтардың Отанға, туған елге деген мақтаныш сезімі мен құрметін арттыруды, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруды көздейтін осы форумға өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырған белсенді азаматтардың қатысып отырғанын жеткізді.
– Ақтөбеліктер қай кезде де ел экономикасының дамуына еселі еңбегімен елеулі үлес қосып жүр. Өңір экономикасы қарқынды дамып келеді. Басқасын былай қойғанда, өткен жылы аймақта облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бастамасымен «Көркейе бер, туған жер» акциясы жүзеге асырылып, кең қолдауға ие болғанын білеміз. Туған жерге деген перзенттік парыздарын түсінген азаматтық көзқарасы жоғары жерлестеріміздің күшімен 4,5 миллиард теңгеге әлеуметтік нысандар салынды, жөнделді. Күні кеше Астанада «Біз – бір халықпыз, бір тағдырлы елміз» ұранымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, егемен еліміздің көк байрағы астында бір кісідей жұмылып еңбек етуге шақырды. Ортақ міндеттерді орындау біздің бірлігіміз бен ынтымағымыз арқылы жүзеге асатыны сөзсіз.Сондықтан еліміздің бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуіне атсалысуға шақырамын, – деді Сара Қайыржанқызы. Ол шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Еліміздің өркендеуі жолында лайықты еңбек етіп, өз тағдырын ел тағдырымен етене байланыстырған бір топ ақтөбеліктерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары тапсырылды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Қажымұқан Сәтенов, Ырғыз ауданы «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры, республикалық «Парыз» сыйлығының жүлдегері Ибрагим Сәрсенбаев, Ақтөбе техникалық колледжінің директоры Людмила Ким, медициналық жедел жәрдем ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Оразжанов, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің мұғалімі Евгений Дадаров, Қандыағаш қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің пауэрлифтинг бөлімінің меңгерушісі, екі дүркін Азия чемпионы Ольга Черемисина бар.
– Мен өзімді тәуелсіздіктің арқасында жаңа саланың – кәсіпкерліктің ізашарларының қатарында болғанымды мақтаныш тұтамын. Бастапқыда небәрі жеті адам еңбек ететін серіктестікте 12 ірі қара, 70 қой-ешкі болса, қазір 70 адам жұмыс істейтін шаруашылықта 3 мыңның үстінде қой, 200-ден астам ірі қара, 300-ге жуық жылқы бағылуда. Серіктестік бұдан басқа, бау-бақша өсіруді де жыл сайын кеңейтіп келеді, – деді «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев.
Ақтөбе техникалық колледжінің директоры Людмила Ким өзінің Бөгетсай ауылында қалың қазақ арасында туып-өскенін, еңбегінің арқасында ғылым кандидаты болғанын, қазір ұжым басқарып отырғанын мақтанышпен жеткізді. Ал Евгений Дадаров пен Людмила Черемисина болса, таза қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, форумға қатысушы жастардың бойындағы патриоттық рухты көтере түсті.
Өңірде өткен бұл форумдарда ядролық қаруға сынақ жүргізуге толық тыйым салатын және ядролық қаруды жоятын жаһандық қоғамдық қолдауға қол жеткізу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жарияланған «АТОМ» жобасын облыс тұрғындары бірауыздан қолдап, петицияға қол қойды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.