Аймақтар • 15 Тамыз, 2019

Маңғыстаудың үздік кәсіпкерлері марапатталды

476 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2019» өңірлік көрме-байқауы өтті. Шараға аймақтағы 45 кәсіпорын қатысты. Оның 20-сы көрмеге өнімдерін шығарды. Биылғы байқауда танымал кәсіпорындармен қатар кәсібін жаңадан бастаған тауар өндірушілердің де өнімдерімен танысуға мүмкіндік туды.

Маңғыстаудың үздік кәсіпкерлері марапатталды

Мәселен, көкөністерді жуып, турап, ваккум қалталарға салып сақтау кәсібі Ақтауда алғаш рет ашылып отыр. Кәсіпкер Әлия Баяндиеваның айтуынша, тың бизнесті бастағанына бір ай болған. Қазірдің өзінде ірі сауда орталықтарымен келісімшартқа отырды. Неміс технологиясы бойынша көкөністерді ашу, жу, турау жұмыстары жасалады. Сақталу мерзімі 10 тәулік. Қолмен атқарылатын шаруа жоқ. Жергілікті көкөністер пайдаланылады. Қазақстанның өзге де қалаларына жіберу жоспарланған.Бұл қарбалас кезде жылдам тамақ дайындауға өте қолайлы.

«Қазақстанның үздік тауары» - ұлттық бренд деңгейіне көтерілген беделді шара. Байқаудың негізгі мақсаты - қазақстандық нарықты отандық жоғары сапалы өніммен қамту. Конкурс жеңімпаздарының эмблемасын жарнамалық мақсатта 4 жыл бойы пайдалануға құқылы. 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің ұйымдастырушысы болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, марапат 2006 жылы тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың отандық өнімдердің сапасын жақсартуға бағытталған, өндірісті жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге, халық арасында сапалы идеяны кеңінен таратуға бағытталған іс-шараларды күшейту мақсатында құрылды.

Байқау  «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» деп аталатын үш аталым бойынша өтті. Сараптамалық комиссия жеңімпаздарды анықтады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Каскор Машзавод» АҚ, «Шыныталшықты құбырлар зауыты» ЖШС мен «Каспий Тас жол» ЖШС жеңімпаз атанса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «СЕНЕК» ЖШС,  ЖК «Асем Андрей», ЖК «БАДО» топ жарды.  «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Maga Bread» ЖШС, ««Волна» Ақтау кондитер фабрикасы» ЖШС мен «ТЕТИС» ЖШС үздік шықты. 

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталды. Шараға облыс тұрғындары мен қонақтары қатысып, жергілікті кәсіпкерлер ұсынған отандық өнімдердің көрмесін тамашалады.

Жеңімпаздардың бірі ЖК «Асем Андрей» жетекшісі Әсем Өтепова. Оның тігін кәсібімен айналысқанына 2 жыл. Негізгі бағытым - ұлттық киімдерді заманауи стильмен қабыстыру. Жастардың талғамына сай, сұранысты жоғары сапамен тігіп келеміз. Бұдан бөлек қыз жасауы, бесік жабдықтары, кез-келген бұйымды ұлттық нақыштармен байланыстырып жасап шығарумен ерекшеленіп тұрамыз, дейді шебер.

МО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев: «Тауар өнімділігі, сапасы, жылдық табыс көзі, жұмысшыларын әлеуметтік қолдау сынды бірнеше талаптарға сай келген 9 кәсіпорын жеңімпаз аталды. Олар Нұр-Сұлтан қаласында ел Президентінің қолынан жүлде алатын үлкен додаға қатысады. Қазақстан бойынша теңдессіз бренд екенін дәлелдеуге мүмкіндік беріледі» деп тұжырым жасады.

Жеңіске жеткен кәсіпорындар Маңғыстау облысы атынан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына және «Қазақстанда жасалған» көрмесіне қатысатын болады.

Шара соңында облыстың үздік құрылысшылары ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр  қол қойған медалдар, Алғыс хаттармен марапатталды.

 

Маңғыстау облысы