Әлем • 16 Тамыз, 2019

«Жібек жолы» визасы неге кешіктірілуде?

313 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда бауырлас екі мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге шығып, ауылы аралас, қойы қоралас ағайын арасы бұрынғыдан да жақындай түсті. Бірақ екі ел арасында былтыр қызу талқыланып, бір қарағанда тез енгізілердей болған азиялық «Silk viza», яғни «Жібек жолы» туристік визаларын өзара тану режімі тоқырап тұр. Әдепкіде аса қарқынды басталып, Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы келіссөздер әне-міне мәресіне жетіп, қолданысқа енгізіледі делінген жоба қандай дағдарысқа тап болды?

«Жібек жолы» визасы  неге кешіктірілуде?

Былтыр Қазақстан мен Өз­бек­стан сенаторларының кездесуінде екі елдің туристік әлеуетін дамыту мә­се­лесі кеңінен қаралды. Сол кезде Дариға Назарбаева Қазақ­стан мен Өзбекстанда туризмді дамыту ғана емес, Орталық Азияның барлық көр­некті жерлерін көргісі келетін шетел ту­ристерінің біздің елдерге келуін ын­та­ландыру да маңызды деген пікір біл­дірді. Сондай-ақ азиялық «Silk viza» арна виза үлгісін қалыптастыру тура­лы ұсыныс айтты.

Бұл жобаның мәнісі мынада. «Жібек жолы» визалық ре­жі­мі Жібек жолы елдері үшін Еу­ро­аймақтағы Шенген келісімі ая­сында жұмыс істейтін тетіктің баламасына айналуы тиіс. Демек, Қазақстан мен Өзбекстанның біріне туристік визамен келген шетел азаматы екі елдің барлық қаласын емін-еркін аралап, қыдырыстай алады.

Бара-бара бұл режімге ТМД-ның өзге де мемлекеттері қосылады деген пайым жасал­ды. Ұсынылған механизм транс­ұлттық туристік өнімге кедергі­лерді еңсеруге мүм­кіндік беруі (туристер көрші ел­дердің шекараларын кесіп өткен кезде визалық, кедендік және ше­каралық кедер­гілерге тап болады) тиіс.

Аталған мәселелер бойынша ке­ліс­сөздер екі ел Үкіметтерінің деңгейінде жүргізілді, тараптар барлық түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға да уағдаласты. Тіпті, Өзбекстан жағы, атап айт­­қанда Өзбекстанның ту­ризм­ді дамыту жөніндегі мем­лекеттік комитетінің өкілі Ұлық­­бек Қасымқоджаев былтыр желтоқсан айында «Silk viza» жобасының жан-жақты тал­қыланғанын, енді азғантай техникалық сәттерін келіскен соң 2019 жылдың ақпан айынан бастап енгізілетінін хабарлап тастады. Сондай-ақ бұл жобаға Қырғызстан мен Тәжікстанның және Әзербайжан мен Түркияның да қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Жалпы, бұл мәлімдемеге дейін де, одан кейін де Қазақстан мен Өзбекстан арасында аталған жоба бойынша талай кездесулер, келіссөздер де өте шықты. 

Бірақ режімді енгізуге уағ­­даласқан уақыт таяғанда тараптар «Silk viza» жайында жақ ашқан жоқ, енді міне биылғы турис­­тік маусым да аяқталуға жақын.

Осы орайда жоба бойынша сұрау салып, Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, «Silk viza» режімінің тағ­дыры туралы білдік. Сөйтсек біздің министрлік «Жібек жолының» визасын енгізуге Қазақстан тарапы сақадай-сай дайын екенін, ал оны іске қосудағы кешеуілдеу Өзбекстан мемлекетіне байланысты қалып­тасқанын хабарлады.

Өз кезегінде Podrobno.uz мәлі­­меттеріне қарағанда, ортақ ви­заны енгізудегі кідіріс екі елдің үшінші мемлекеттерге виза беру тәртібіне байланыс­ты орнаған. Атап айтқанда, Қазақстан Эко­номикалық ын­­­ты­мақтастық және даму ұйы­мына мүше мемлекеттер аза­мат­тарының біздің елге визасыз кіру режімін енгізген. Оған қоса, азаматтары визаны электронды түрде ресімдеп кіре алатын мемлекеттердің са­ны 120-ға жуықтайды. Ал Өз­бекстандағы жағдай, жалпы визасыз кіруге құқығы бар елдердің саны мүлдем бөлек.  Оның үстіне бұрынғы прези­денттерінің кезінде әлемге ба­рынша жабықтау саясат ұс­танып келген көршілеріміз би­лік өзгергелі бері ғана 30 күндік ви­засыз режім тәртібін енгізе бастады.

Міне, осы мәселелер түбе­гей­лі шешіліп, ретке кел­тіріл­мейінше, Жібек жолының визасы енгізілмейтін сияқты. Со­нымен қатар тараптар виза ақысына байланысты да ымы­раға келуі керек.

 

Туристер сұранысы ескеріледі

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәл­іметтеріне қарағанда, «Жібек жолы» визасының үшінші мем­­лекеттерден турист тарту әлеуеті өте жоғары. Мәселен, Ор­­талық Азиядағы мұндай транс­­шекаралық визалық режім үшінші елдер азаматтарына (ең алдымен Қытай, Үндістан және Пар­сы шығанағы елдері) екі елдің Жібек жолы бойында орналасқан бірқатар туристік бағытқа, елдердің біріне ту­рис­тік виза бойымен барып, бірік­кен туристік маршруттарды құ­руға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Silk viza» трансұлттық туризм өні­мі жолын­дағы әкімшілік кедер­гілерді жеңуге, виза ресімдеу уа­қытын 10 күнге дейін қыс­қартуға, сол арқылы туристер үшін Орталық Азия аймағына саяхаттау мерзімін жоспарлауға, бірыңғай турпакет аясында топтардың жеңілдетілген және біріккен саяхатын ұйым­дас­тыруға, екі елдің екі немесе одан да көп туристік опе­раторларының қатысуымен бір­лескен трансұлттық туристік мар­шруттарды өзара тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік бе­реді.

Жалпы, «Silk viza» таяу бо­лашақта екі елдің бірлескен жобаларын жүзеге асыруға да жол ашады. Мәселен, бү­кіл әлемге әйгілі болған Са­мар­қанд – Бұхара – Ташкент ба­ғы­ты Өзбекстан аумағы ар­қылы Қазақстандағы жаңа ба­ғыттармен толықтырылуы мүмкін: Түркістан – Шымкент –Тараз. Шын мәнінде, Өзбек­станға виза алған шетелдік туриске Қазақстанға жаңа виза алудың қажеті болмайды – ол бір сапар кезінде басқа елге автоматты түрде кіруге мүмкіндік алады. Әдетте әлемдік туристер бір сапардан алған әсерлері мен білімдерінің көптігін әрдайым алға қойып бағалайды. Бұл бағыт болашақта Қырғызстандағы Ыстықкөлге демалуға келетін туристер ағынына да оң әсер етуі әбден мүмкін.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің тұжырымына қа­расақ, Жібек жолы әлем­дік деңгейдегі ең жақсы бренд­тер­дің бірі және бүкіл жол бо­йында туристік ресурстарды жоспарлы және бақыланатын да­мыту ежелгі тарихи жолда әлемдік мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру үшін стратегиялық маңызы бар. Сон­дықтан Ұлы Жібек жолының жандануы БҰҰ, ЮНВТО және ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүзеге асырылатындықтан, елі­міздің туризм саласындағы кез келген бастамасын жандандырып әкеткелі тұр. 

Биыл 9-10 маусым күндері Өзбекстанның Самарқанд қала­­сында ТМД-ға мүше мем­лекеттер Туризм кеңесінің оты­рысында бұл мәселе қара­лып, Қазақстанның Жібек жо­лы туристік маршрутын да­мытудың жаңа механизмін құру жөніндегі бастамасы – үшінші елдердің аза­маттары үшін берілген ту­рис­тік визаларды өзара тану режімін (Жібек жолы режімі) ТМД Туризм Кеңесінің барлық мүшелері қолдады.

Негізі Өзбекстан тарапы да бұл мәселені көпке соз­бай тия­­нақтайтын секілді. Өйт­к­ені жуыр­да «Қазақпарат» агент­тігіне сұхбат берген Өз­бек­стан елшісі Саидикрам Нияз­қожаев: «Біздің елдерге турис­тер ағынын еселеп арттыратын туристік клас­тер, туристік бағ­дарды құру қа­жет. Жібек жолын зерттеу үшін Өз­бекстанға келетін адамдар Қазақ­станға да ат басын бұруы тиіс деп санаймын. Сонда ғана тарихи жолдың толық келбеті ашылады. Тура сол сияқты Қа­зақстанға келген туристер Өзбекстанға да барсын», деген еді.

Жалпы, қазір Тәжікстан билігі де осы жобаға іштей да­йындалып, кіріс-шығыстарын есептеп жатыр. Өзгелер де қам­сыз отырмаса керек. Жобаға Түр­кия қосылар болса, туризм алыбының оң және теріс әсерін есептеудің өзі оңайға соқпас.

Алайда осы жерде бастамашы көршілес мемлекеттер турис­тер ағынын қабылдауға дайын ба, инфрақұрылымдары талапқа сай ма деген заңды сауалдар да туындайды. Қалай болғанда да әзірге тараптарға осынау ауқымды жобаны бастап кетуге тек ерік-жігер жетпей отырған сыңайлы. Ал көш жүре түзелетіні бесенеден белгілі.