Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

Қостанайда автомобиль және ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жөнінде мәжіліс өтті

358 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Қостанай облысына сапарында негізінен индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысын қарады. Қостанай – бұрыннан кенімен, астығымен аты шыққан өңір.

Қостанайда автомобиль және ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жөнінде мәжіліс өтті

Еліміз тәуелсіздік алып, эко­но­микалық дамуға жаңа көз­қарас қалыптасқаннан кейін кен де, астық та шикізат екенін, жеріміздің ішмайын жұртқа артып бере бергенмен ұзаққа шаппайтынымызды, дүниежүзілік нарықтан орнымызды ала алмайтынымыз­ды білдік. Экономикалық даму­дың бетін шикізат өнді­руден өңдеу өнеркәсібіне бұрған кәсіп Қостанайдағы машина құ­рас­тыру өндірісі болатын. Жал­пы, машина жасау – өнеркәсіп өндірі­сіндегі күрделі әрі ел эконо­ми­ка­сының дамуына әсері де, ықпалы да зор сала. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың страте­гия­лық бағдарламаларында және Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырмалары бойынша машина жасау ісін да­мы­ту Республика Үкіметі жұмы­сында басымдыққа ие бола береді.

А.Мамин еліміздегі осы са­ланың көшбасшысы «Сарыарқа­АвтоПром» зауытының цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын жылына 27 мың  машинаны сапқа қояды, дүние жүзіндегі мойындалған 8 брендтік автомобильдердің 50 моделі құрастырылады. 2015 жылы машина құрастыру өнді­рісінің көлемі 44,9 млрд теңгені құраса, 2018 жыл ол 113,5 млрд теңге болып, серпінді дамыды. «Агромаш Холдинг» зауытының өндіріс алаңында 2005 жылдан бастап 4 мың астық жинайтын комбайндар құрастырылды, сонымен қатар мұнда басқа да ауыл шаруашылығы техникалары өндіріледі. Өткен жылдан бастап өмірге жолдама алған Индустриялық аймақта қуатты «Беларусь» және «Кировец» трак­тор­лары сапқа қойыла бас­тады. Оны құрастыратын зауыт құрылысының алғашқы са­тысы аяқталды. Биылғы жарты­жылдықта облыста машина құрастыру кәсіпорындары 97,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда екі еседен артық.

Жалпы, Қостанай облысында индустрияландыру қадамы шабандаған емес және бұл соң­ғы жылдары инвестицияға тар­тым­дылығын да көрсетіп келеді. 2010 жылдан басталған Индус­трияландыру бағдарламасы аясында облыста барлығы 150,3 млрд теңгені құрайтын 90 ма­ңызды жоба жүзеге асты, 5,5 мың қостанайлық жұмыс орнын тапты. Облыс әкімі Архимед Мұ­хам­бетов алдағы жылдары тағы да 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарда бар екенін айтты.

– Соның бірі Қытай Халық Республикасының  СМС транс­ұлттық компаниясының және JAC Motors-тың «Аллюр» компаниялар тобы капиталына кіруі болып табылады. Жоба бойынша автомобиль өндірісін екі жақ кешенді дамытатын болады, әріптестер алдағы 10 жыл ішінде бірлескен кәсіпорынға 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатын болады. Өндіріс жылына 100 мың автомобиль шығарып, жергіліктендіру деңгейі 50 пайызға жетеді, – деді облыс әкімі. Қостанайдағы жаңа Индустриялық аймақ өңір өндірісіне инвестиция тарту мен индустрияландырудың негізгі алаңына айналып келеді. 400 гектар аумақты алып жатқан онда облыс экономикасындағы басымдыққа ие машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары орын тебеді. Қазірдің өзінде Индустриялық аймақта құны 350 млрд теңге болатын 14 жоба өмірге жолдама алу сатысында тұр.

Қазақстан мен Ресей арасын­дағы өнеркәсіп кооперациясын дамыту аясында «КамАЗ» көлі­гінің құрамдас бөліктерін шығару қолға алына бастады. Бұл бойынша екі жоба, яғни «КамАЗ-дың» арнайы техникалары негізгі белдігінің редукторлары мен құю өндірістік зауыты Индустриялық аймақтан орын алады. Қостанайдағы «Агромаш Холдинг» акционерлік қоғамы мен «КамАЗ» жария акционерлік қоғамын әріптес ететін бұл жобаларға 400 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады.

Қостанайдағы «Сарыар­қа­АвтоПром» машина жасау зауы­тының өндіріс алаңында Үкімет басшысы Асқар Маминнің бас­қаруымен өткен автомобиль және ауыл шаруашылығы маши­наларын құрастыруды дамыту мәселелері жөнінде өткіз­ген мәжілісте Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі Сапар­хан Омаров, Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ах­метов, «Astana Group» хол­дин­гінің акционері Нұрлан Сма­ғұлов және «КамАЗ» ААҚ  басқарма төрағасы С. Когогин, «China National Vehicles Import and Export Corporation» директоры Ву И, «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры С.Серебряков, «Гомсельмаш» ААҚ бас директоры А.Новиков сөз сөйлеп, Қазақстандағы машина жасау ісінің проблемалары мен болашағына тоқталды. Машина құрастыру ісіне соңғы жылдары жаңа көзқарас қалыптасты, жаңа леп беретін, ынталандыратын бағдарламалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде нарықтағы бәсекені сезінетін жаңа машина құрастыру саласы қалыптасты. Қазір елімізде сатылған барлық автомобильдің 55 пайызы Қазақстанда шығарылған. Әрине мұндай деңгейге көтерілу үшін мемлекет тарапынан көптеген жеңіл­діктер жасалды. Ол мил­лиард­­таған қаржыға түсті. Мы­салы, же­ңілдікпен берілетін автонесие мен лизинг үшін 4 жылда 50 млрд теңге бөлінген. Роман Скляр еліміздегі автомобиль өндірісі отандық нарықтан енді экспортқа қарай бет бұру керектігін айтты.

– Автомобиль өндірісін ынталандыру механизмі аясында экологиялық таза көлік шығаратын кәсіпорындар экспорттық қар­жы­ландырылады. Бұл үшін олар жаңа, үздік технологиялық оппе­рацияларға баруы, жергілікті құрастырылатын материалдар­ды пайдалануы, тағы басқа тиім­ді ізденістерге баруы тиіс. Мұ­ның сыртында біз өзімізде авто­мобильдің құрамдас бөліктерінің базасын жасайтын боламыз, – деді министр Роман Скляр.

Мәжілісте ауыл шаруа­шы­лығы техникаларын шығаруға жеңілдіктер, субсидиялау мәсе­лелері қаралды. Комбайн, тракторлар шығарылып жатыр, алайда мұның өзі еліміздегі ауыл шаруашылығы техникалары паркінің жағдайын түбірінен өз­гер­туге аса қуатты болмай отыр. Бүгінге дейін ауыл шаруа­шы­лығындағы трактордың 60 пайызы, комбайнның 40 пайызының 17 жылдан бері ері мойнынан түс­пей келеді, тозығы жеткен. Сон­дықтан алдағы уақыт­та ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін кәсіпорындарға жеңіл­діктер қарастырылып, им­порт­тық және отандық техни­каларға берілетін субсидияларды қайта қарау ұсынылды.

Премьер-Министр Асқар Ма­мин мәжілісті қорытындылай келе, Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың елімізді индустрияландырудағы бас­та­маларының жүзеге асып келе жатқанын айтты.

– Автомобиль және ауыл ша­­руа­шылығы техникаларын құ­рас­тыру ырғақты дамып отыр. Мысалы, біз биыл 60 мың авто­кө­лік өндіріп, ал 2020 жылы 100 мың автомобильді сапқа қою керектігін жоспарладық. Осы межеден шығу үшін ілкімді жұ­мыс істейтін боламыз. Бұл үшін инвесторлар тарта береміз, әсі­ресе қытайлық инвесторлар­мен әріптестігіміз табысты бо­лады деп ойлаймын, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы ресей­лік инвесторлармен жұмыс­тар да еліміздегі машина құ­растыру өндірісіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Сөзінің соңында Премьер-Министр машина құрастыру өндірісіндегі жер­гіліктендіру, экспортты көбей­ту, ішкі нарықты сақтау сияқ­ты көтерілген мәселелерді назар­ға алып, оның шешімі қарас­ты­рылатынын айтты.

Премьер-Министр Асқар Ма­мин Қостанайға сапарында Руд­ный цемент зауыты, «Баян сұлу» кондитер фабрикасы сияқты бір­неше өңдеу кәсіпорындарында бол­ды. Қостанай ауданының «За­речное» ТШ» ЖШС алаң­дар­ында ауыл шаруашылығы да­қылдарының егіс жағдайын қарады. Сондай-ақ Заречное ауылында «Северный» шағын ауданына барды, онда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 279 жеке және 11 көп қабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Бүгінде 172 үй бойынша жұмыстар аяқталған, осы жылдың соңына дейін 107 үй салынады. Премьер-Министр Рудный қаласында бірқатар жүйе құрушы кәсіпорындар – «Соколов-Сарыбай тау-кен байы­ту өндірістік бірлестігі» АҚ Соколов карьері, Рудный цемент зауыты, «Лидер-2010» ЖШС сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару кәсіпорындары қызметімен танысты.

 

ҚОСТАНАЙ