Ұлттық банктің мәліметінше, биыл жыл басынан бері банктердің экономиканы несиелендіру көрсеткіші төмендеп кеткен. Былтыр желтоқсанда екінші деңгейлі банктердің берген несие портфелі 13 трлн 091,8 млрд теңге болса, маусым айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 12 трлн 760,1 млрд теңгені құрады. Соның ішінде былтыр жыл соңында 7 трлн 789,1 млрд теңге болған бизнеске берілген қарыз арада жеті ай өткенде шамамен 10 пайызға азайып, 7 трлн 100,8 млрд теңгені құрап отыр. Есесіне жеке тұлғалардың алған қарызы былтыр жыл соңындағы 5 трлн 302,6 млрд теңгеден биыл маусымда 5 трлн 659,3 млрд теңгеге ұлғайды.
Халықтың жалақысына сеніп алған
Ұлттық банктің берген статистикасынан байқағанымыздай, банктердің бизнеске берген қарызы азайып бара жатса, халықтың несиеге «ұрынуы» керісінше көбейіп келеді. Соның өзінде банктердің жалпы несие портфелі «тарыла» түскен. Жалпақ тілмен айтқанда, бизнесті, тиісінше нақты экономикаға берілген ақша азайып, оның орнына қарапайым халықтың қарыздануы көбейіп кетті. Оның үстіне бір кездері банктердің берген несиесінің 65-70 пайызға жуығы бизнесті қаржыландыруға бағытталған болса, қазір бұл көрсеткіш шамамен 55 пайыз айналасында ғана. Банктердің берген қарызының тең жартысы халықтың тұтынушылық, ипотекалық, тауарлық несиелері немесе несие карталары бойынша мойнындағы қарыздары деген сөз.
Банктер бизнесті қолдауға құлықсыз ба, әлде кәсіпкерлер банкке жолағысы келмей ме, ол жағы белгісіз, анығы банктердің бизнеске берген несиесінің азайғаны. Биыл мамыр айында Ұлттық банк сарапшылары елдегі бизнес субъектілері арасында сауалнама жасап, бизнестің дамуына кедергілерді анықтаған. Нәтижесінде 2019 жылдың басынан бері елдегі негізгі капиталға салынған инвестицияның төмендеп кеткені белгілі болды. Кәсіпорындардың көпшілігі үшін инвестициялық белсенділікті шектейтін басты себептердің бірі – қаржы ресурстарының жетіспеушілігі екен. Бас банктің болжамынша, жыл соңына дейін тек кен өндіру өнеркәсібінде ғана инвестиция ұлғайып, қалған салалар қаражаттан таршылық көрмек.
Банктерге негізінен бизнестің емес, қарапайым халықтың берешек болуы сау экономиканың белгісі емес. Экономика қарқын алған кезде банктер шағын және орта бизнесті жарыса қаржыландырар еді. Ал банктер халықтың жалақысына сеніп алса, салдары экономикалық қана емес, әлеуметтік тоқырауға алып келуі әбден мүмкін. Бұл бір ғана банктер үшін қағылған дабыл емес. Жалпы, елдегі бизнес ортаның тоқырауы деген сөз. Қаржы ұйымдары бизнесті қаржыландыруды неге азайтты?
Пікірлер қайшылығы
Сарапшылар бірінші кезекте кінәні Ұлттық банктің бүгінге дейін жүргізіп келген саясатынан іздейді. Бірер жыл бұрын мұнайдың күрт арзандауынан болған теңге девальвациясы Ұлттық Банкті ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүрледі. Өйткені инфляцияның шектен шығып кету қаупі бар еді. Яғни, теңгенің базалық мөлшерлемесін 2015-2016 жылдары 12 пайыздан 17 пайызға бір-ақ көтерді. Бұл, әрине, бірінші кезекте екінші деңгейлі банктер үшін соққы болды. Банктер «арзан ақшамен» қош айтысты. Алайда, біртіндеп мұнай бағасы қалпына келе бастағанда Ұлттық банк ақша-несие саясатын нарықтық «өркениетті» түрде басқарып, біртіндеп базалық мөлшерлемені азайтып, былтыр жыл соңына дейін 9,00 пайызға дейін түсірген. Артынша мөлшерлеме 9,25 пайызға қайта көтерілді. Жаздың басына таман Президент Қ.Тоқаев базалық мөлшерлемені енді қайтып көтерсе экономиканы несиелендіру азайып кететінін айтып, Ұлттық Банкке мөлшерлемені қайта түсіруді тапсырды. Нәтижесінде қазір бас банк теңгенің базалық мөлшерлемесін +/-1 дәлізімен 9,00 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Бірақ Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияны белгіленген 4-6 пайыз дәлізінен шығарып алмау үшін базалық мөлшерлеменің жыл соңына дейін қайта көтерілуі мүмкін екенін айтып қалды.
Осы орайда Президент пен Ұлттық Банк төрағасының сөзі бір жерден шықпай тұр. Е.Досаев экономикалық көрсеткішке емес, ең алдымен инфляция күшейіп кетпеуіне жауап беретіндіктен базалық мөлшерлемені өсіруге мүдделі. Ал Президенттің пікірінше, экономиканы жандандырып, бизнесті «арзан ақшамен» қамтамасыз ету үшін теңгенің мөлшерлемесін төмендету керек. Бұл тұрғыда үшінші бір үлкен мәселе бар – халықтың тұтыну несиесі көбеюінің әлеуметтік мәселеге айналуы. Осы орайда, Президенттің алдында былай тартса өгіз өлетін, былай тартса арба сынатын диллема тұр. Егер несиенің пайызын азайтса, халықтың қарыздануы қазіргіден де күшейіп кетуі мүмкін. Ал несие шарттарын қатаңдатып жіберсе, халық алған несиесін төлей алмай қалуы ықтимал.
Дегенмен Мемлекет басшысы бұл мәселенің шешімін тапқандай болды. 300 мың теңгелік несиелік ауыртпалықты азайту туралы Президент Жарлығы жарты миллион қазақстандықтың әлеуметтік мәселесінің шешімін тапты. Екінші жағынан банктер де қайтпай қалу қаупі бар несиелерін бірден Үкімет арқылы қайтарып алды. Ал бұдан былай айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтарға несие беруге тыйым салу кей банктер үшін жағымды жаңалық бола қоймағаны да анық. Өйткені елдегі бірді-екілі банктердің негізгі тұтынушылары басқа банктерден қарыз ала алмайтын азаматтар екені белгілі.
Банктердің бизнесті қаржыландыруын көбейту үшін қолға алған бір шарасы – «қарапайым заттар экономикасын» қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 600 млрд теңге бөлу. Бюджет пен Ұлттық қор ақшасын банктер мен бизнеске бөліп беру Қазақстанда бизнесті, тиісінше экономиканы қолдаудың классикалық үлгісі. Салық төлеп, бюджетті толтыруы тиіс бизнес қайтадан Үкіметтен бірде қайтарымды, бірде қайтарымсыз қаражат алады. Банктердің бизнеске берген қарызы қазір 7 трлн теңгенің үстінде десек, Үкімет алдағы үш жылда шағын және орта бизнесті 600 млрд теңгеге қаржыландырмақ. Оның сыртында «ҚазАгро», «Қазақстанның даму банкі» тарапынан, салалық бағдарламалар бойынша және микронесиелеу бағдарламалары бойынша да жылына миллиардтаған қаражат Үкіметтен бөлінеді. Яғни, банктер тәуекелді өзіне алып бизнеске инвестор болып отырған жоқ, оның орнына мемлекеттен бөлінген қаржыны бөліп беретін оператор ретінде қызмет етіп отыр. Әрине мұндай кезде қаржының қайтарымына банктер бас қатырмайды. Жыл сайын салтанатты түрде ашылатын түрлі инвестициялық жобалар: зауыттар мен кәсіпорындардың жыл өтпей жабылып қалатыны осы себепті.