Руханият • 16 Тамыз, 2019

Ақжүрек азамат

533 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлекең – Әлисұлтан Құланбайдың өмірден өткеніне де бір жыл бо­лып қалыпты. Жымия күліп жанымызда жүргені күні кеше ғана сияқ­ты еді – зымыраған уақыт. Ал оның аяқ астынан болған қазасы үй-іші, жақын-туыстарымен қатар, «Егемендегі» қанаттас үлкен-кіші әріп­тестерінің де қабырғасын қайыстырды. Жаны жайсаң аптал­дай азаматтан тосыннан айырылып қалу кімге де болса ауыр тиіп еді.

Ақжүрек азамат

Алғаш таныстығымыз Әле­кеңнің сонау 1996 жылы  «Егеменге» қызметке келген кезінде басталды. Оған дейін сырттай сәлеміміз түзу болғанымен, жақын араластығымыз жоқ еді.  Көп уақыт өтпей әңгімеміз жарасып бір-бірімізді жақын тарта бастадық. Оған арамыздағы алты жас айырмашылық та кері әсер ете қойған жоқ, құдды бір құрдас сияқты едік. Бір күні отбасымызбен араласайық деген ұсыныс жасады. Қызметтес әріптестердің бәрі бірдей үй-ішімен араласып жатпайтыны белгілі. Бұл екеуміздің арамыздағы өзара түсіністіктің, сыйластықтың, жан дүниеміздің  жақындығының нәтижесі екені анық-тын.

Жұмыста да өте сыйлы болды. Үлкен де, кіші де Әлекең дейтін. Өзі де сондай құрметке лайықты еді. Ағаны аға деп, ініні  іні деп сыйлайтын. Өзінен бар-жоғы бір жарым жастай ғана үлкендігі бар Сүлеймен Мәмет әріптесімізді де бар ықыласымен «аға» деуден танған жоқ.  Біреумен жаға жыртыспақ түгілі, дауыс көтеріп сөйлегенін көрген де, естіген де емеспіз. Тұрмыста болсын, жұ­мыста болсын кездесетін қандай да бір күрделі мәселені  өзіне тән са­бырлы қалпымен шешуге тырысатын.  Орынды-орынсыз біреуге реніш білдіріп жатқан кезін де байқамаппыз.

Осындайда  еске түседі. «Еге­мен» елордаға көшіп келгеннен көп уақыт өтпей, басылымның сол кездегі Ақмола облысы бо­йынша меншікті тілшісі Бақберген Амалбекпен бірге соның көлігімен өңірге іссапарға аттанып бара жат­­қанда жолай жол-көлік оқиға­сына ұшырап, құдай сақтап же­ңіл жарақат алып кері оралған ке­зінде  де біреуді кінәлап, кейістік білдіргенін көрмедік. Бір аптадан соң  сол сабырлы қалпында жылы жымиып жұмыс орнына келіп еді.

Әлекең еңбекқор еді. Редакция  тарапынан  берілетін қандай тапсырманы да тап-тұйнақтай етіп уақтылы орындайтын. Сабырлы мінезіне сай  ешқашан асығып-аптықпайтын, бірақ мақаласын немесе  түрлі жиналыстардан жазылатын есептерді, оқиға орындарынан  жазылатын репортаждарды  уақытынан кешіктірмейтін. Айтпақшы, ол компьютер тілін мең­гермей кетті. Үйрене алмады ма, үй­ренгісі келмеді ме, оны қазбалап сұрамайтын едік. Мақалаларын ақ қағазға көк сиямен маржандай етіп  түсіретін. Сөйтіп терімші қыз­дардың қызметіне жүгінетін.

Қол тигізбейтіндей етіп сапалы жазатын. Зерттеген тақырыбын илеуін  қандырмай жариялауға ұсынбайтын  нағыз кәсіби маман еді. Ол осындай нағыз журналиске  тән қасиеттерінің арқасында еліміздің жоғары билік өкілдерінің ресми сапарларын ақпараттық қолдау үшін жиі-жиі шетелдерге іссапарларға жіберіліп тұрды. Оның майын тамызып  жазған есептік материалдары мұрты бұзылмастан газет бетіне топ етіп түсе қалатын, ешкім түзеп, күзеп әуре болмайтын. Сөйтіп редакциядағылар уақыт жағынан да  ұтысқа шығып жататын.

Әлекеңнің достыққа адал­ды­ғын, сөзіне беріктігін,  өзіндік бұлжы­майтын қағидатты  көзқарасы бол­ғандығын да атап  көрсеткен жөн. Өмірді түсіне білетін.  Оны­кі кейбіреулердікі секілді «қа­шанда менікі жөн» дейтін қыңыр-қисық ұстаным емес еді. Өмірге түзу көзбен қарайтын және көз­қарасынан айнымайтын. Талай бір­ге жүргенде біреудің сыртынан ғай­бат сөз айтқанын да құлағымыз шалмапты. Мұндай оңды қасиеттің жүрегі ақ азаматқа ғана тән болатыны түсінікті. Айтары да бар еді, айтары жоқ адамнан жақсы маман шықпайтыны белгілі жайт. Әлисұлтан Құланбай өз ісінің майталман маманы болатын.

Туған жеріне әрқашан жанашыр­лықпен қарайтын. Ауылындағы  түйткілді жағдайлар жанын ауыртып, мазалайтынына талай куә де болдық. Солардың оң шешілуіне қолынан келгенінше үлес қоссам дейтін. Сол себепті газетімізде бір­­неше сын мақала жазғаны бар. Жаз­ғандарынан нәтиже шығып жатса, балаша қуанатын.

Үлгілі отағасы болғанынан аттап кетсек, ол да оған жасалған қия­­нат болар еді. Үйінде әрқашан жылылықтың лебі есіп тұратын. Жары Керімжан екеуі сөзбен емес, көзбен ұғынысатын. Балаларын да  жанындай жақсы көрді. Әсіре­се ұлы Бекжанды қатты еркелетті. Қыздары Жадыра мен Ғалиябанудан да ештеңесін аяп көрген емес. Орнында бар оңалар  деген, бүгінде ұлы ержетті, қыздары бойжетті. Балаларының тойларын елорданың төрінде барлық ағайын-тумасын, әріптестерін, дос-жарандарын ша­қырып дүркіретіп өткізді. Сөйтіп әкелік парызын орындады.

Жадырасы редакцияға жақын маңда тұрды. «Қызым түскі асты үй­ден ішіп кетіңіз деп шақырып жатыр», деп қызының үйіне қарай марқайып кетіп бара жататын...

Әлисұлтан Құланбай қандай жақ­сы сөз арнаса да соған лайықты аза­мат еді. Жатқан жері жарық болып, жанына жәннаттан орын тисін, нұры пейіште шалқысын дей­міз. Әлекеңді білетіндердің есінде жаны жайсаң, еңбекқор, ма­мандығына адал, жұмысына бе­рілген, үлкенге лайықты іні, кішіге құрметті аға бола білген азамат ретінде сақталатыны күмәнсіз.