Жуырда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орталықта көпбалалы аналармен кездесіп, олардың көкейтесті мәселелерін тыңдаған болатын. Оның барысында бизнес бастағысы келетін әйелдерге барынша қолдау көрсету мақсатында, «Іскер ана» бағдарламасын бір ай ішінде іске қосу бойынша тапсырма берілген-ді. Қазіргі кезде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында «Іскер ана» жобасының тұжырымдамасы жасалып, жүзеге аса бастады. Кез келген кәсіп бастағысы келетін азамат нақты сала бойынша білімін жетілдіргеннен кейін «Бақытт отбасы» мамандырының көмегімен бизнес жоспарын дайындап, «Атамекен» ҰКП білімін жетілдіруге барады. Арнайы комиссия сараптамасынан өткеннен кейін шағын кәсібін ашу үшін 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болады. Орталық мамандары қазіргі кезде төрт мыңнан астам аналарды қабылдап, әртүрлі мәселелер шешімін тапқан. Орталық мамандары әлеуметтік жәрдемақы алу үшін қандай құжаттар рәсімдедеуі қажеттігі, баспана кезегіне тұру, біліктілігін арттыру сияқты көптеген көкейкесті мәселелері бойынша аналарға қолдау көрсетуде.
Арнайы мамандардың кеңесін алған аналардың басым көпшілігінде жағдай күрделі. Тіптен, өз денсаулығының, балаларының жағдайының күрделілігін мойындағысы келмейтін аналармен психологтар және дәрігерлердің ұзақ жұмыс істеуіне тура келеді. Орталықтағы дәрігерлер кабинеті анасына да, баласына да алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қажет болса, тиісті мамандар шақырып кеңес берумен қатар, тұрақты бақылауға алып, ары қарайғы сауығып кетуіне де ықпал етуді жолға қойған. ҚР Денсаулық сақтау саласынына еңбегі сіңген балалар педиатры Тоты Кабдрахманқызының айтуынша, қоғам назарынан тыс қалған жандармен сөйлесу, оларға денсаулығындағы кілтипандарға қатысты ескерту жасап, ендігі кезекте қандай көмек алатындығын түсіндірудің өзі қиын. Ал балалар педиатры Айна Әбдірахманқызының айтуынша, дәрігер үшін ондай азаматтармен сөйлесу аса шыдамдылықты талап етеді. Олардың көңілін тауып, емделуге, жағдайын дұрыстауға кеңес берудің өзіндік қиындығы бар.
Орталық менеджері Жұмагүл Қуатбекқызы орталықтағы жұмыс барысымен таныстырып, «Шырақ», «Уық» кабинеттерімен қатар заңгер, психолог кеңесі мамандарының жұмысынан да хабардар етіп өтті. Қазіргі сәтте орталықта аналар қосымша мамандықтарды игеріп, Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев интеллектуалды мектебінің қолдауымен ағылшын тілі де оқытылуда. Ал компьютерлік орталықта арнайы курстар жүргізілсе, балаларымен келген аналар үшін арнайы бөлмелер қарастырылған. Онда курс уақыты біткенше тәрбиешілер балаларды сурет салып, желіммен түрлі пішімдер жасауға баулиды.
Қазіргі кезде жекелеген аудандардағы орталықтар жұмыстарын жетілдіруге байланысты тиісті мамандар осы орталықтан тәжірибеден өтуде.