Қоғам • 19 Тамыз, 2019

Жетістік формуласы

747 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Байсерке-Агро» агрохолдингінің басшысы Темірхан Досмұхамбетов айтқандай, «Білім, ғылым және өндіріс бірлігі – ауыл шаруашылығы өндірісін көтерудің негізі және кәсіпорын жетістігінің формуласы».

Жетістік формуласы

2002 жылы құрылған «Байсерке-Агро» агрохолдингі бүгін­ге дейін жер­гілікті климатқа бейімделген мал шаруашылығын жедел дамыту ісі бойынша ең алдыңғы қатарлы ин­вестициялық технологияларды шаруа­шылыққа енгізді. Сондай-ақ білім алу, ғылыми жұмыстар жүргізу және экологиялық мал шаруашылық өнім­де­рін сапалы түрде өндіру жолға қойылды. Шаруашылықта малдың 16 тұқымы өсіріледі. Атап айтқанда, ірі қараның бес тұқымы, оның ішінде бір тұқым – сүт бағытында (голштин қара-ала сиы­ры – 1500 бас) және төрт тұқым – ет бағытында (қазақтың ақ бас сиыры, әулиекөл, абердин-ангус және герефорд тұқымдары – 2500 бас). Сонымен қатар екі қой тұқымы (қылшық жүнді, құйрықты еділбай қойы – 5100 бас, қазақтың биязы жүнді қойы – 950 бас), жеті жылқы тұқымы, оның ішінде бес таза қанды мініс жылқылары (ағылшын, араб, қостанай, орлов, ақалтеке – 200 бас) және екі өнімді бағыттағы (жабы және көшім – 180 бас) жылқылар, сондай-ақ екі түйе тұқымы (дромедар және бақтриандар – 210 бас) бағылады. Бүгінде «Байсерке-Агро» ЖШС Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында АӨК инновациясын енгізу және тарату бойынша көшбасшы саналады. Мал шаруашылығы саласын табысты дамытудың негізгі бағыттарына сай бағып, селекция, дұрыс тең­дес­­тірілген азықтандыру, күту және ұстау, пайдалану техно­ло­­­гиясы жүргізілуде. Мал шаруа­­­шылы­ғының табысты
дамуы, азық-түлікке қатысты сапа­­лы және қауіпсіз өнім алу вете­ри­на­риялық игіліксіз мүмкін емес екенін ерекше атап өткен жөн.

Ветеринарияның негізгі қыз­ме­ті – биоқауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Се­бебі жануарлардан шыққан патогендер адамға жұғ­уы әбден мүмкін. Жалпы, рес­публика бойынша сырттан әкелген сүт бағытындағы ірі қара  малдың (голштин) ішінде кетозбен ауруы орын алса, ет бағытындағы мал (абердин-ангустар) ішін­де көздің моракселлездік этиоло­гия­ның жұқпалы керато­конъюнк­­тивиті­мен зақымдануы жиі бай­қал­ға­нын айту жеткілікті. Шар­уа­шылықта эпизоотиялық са­ламаттылықты сақтап, жан­уар­­лардың ауруларына қарсы кү­­рес шаралары мен жұқпалы ау­ру­ларға қарсы қолайлы жағдай жа­сау қам­тамасыз етілгендіктен мал ауруы тіркелген жоқ.

«Байсерке-Агро» агро­хол­дингі Қа­зақстанда алғаш­қы­лар­дың бірі болып жоғары сани­тариялы сапалы сүт алу кезін­де барлық технологиялық тәсіл­дер­ді автоматты түрде орындау­ды қамтамасыз ететін DeLaval сауу аппаратының көмегімен ерікті сауу жүйесін енгізді. Сүт өнімдерін алу, жем-шөп тұтыну, сауу және т.б. еселігі туралы бар­лық дерек компьютерде тіркеліп, мониторға шығарылады. Екін­ші автоматтандырылған сауу қон­дырғысы – италиялық Nutriservice өндірушісінен алын­ған «шырша» түрі бойын­ша сауу жүйесі. Бұл жүйе сома­ти­калық жасушалардың санын бақылау арқылы маститтің субклиникалық нысандарын дер кезінде диагностикалауға және жоюға мүмкіндік береді.

Агрохолдингтің әр сиырынан алынатын сүттің тәуліктік өнімділігі орташа есеппен 40 килодан асады, ал жеке­леген сиырларда тәулігіне 80 кило­ға дейін жетеді. Бұл – отандық сүт­ті мал шаруашылығы тари­хын­дағы рекорд­ты көрсеткіш. Табынның өсімін молайту көр­сет­кіші 100 сиырға 90-95 бұ­зау мөлшерінде айналса, ал төл­дің шығымы 90 пайыз­дан кем емес. Осы қысқа мәлі­меттер­дің өзі «Байсерке-Агро» ЖШС табы­ны­ның әлеуе­тті мүмкіндіктерін көрсетіп тұр. Бұл сүтті мал шаруа­­шылығымен айналысатын басқа шаруа­шы­лық субъектілері үшін үлгі боларлық нәтиже.

Етті бағытқа тоқталсақ, етке өсі­рілетін мал тәулігіне 1,5 кило қосып, 15-16 ай болған қа­шар­лар­дың салмағы 380-400 килоға жетеді. Жыл сайын «Байсерке-Агро» агро­хол­дингін­де 500 тонна ет өндіріліп, сонымен қатар 600 бас асыл тұқым­ды ірі қара мал төлі, 3 мың бас қой және басқа да түлік түрлері Қазақстанның шаруа­­шылықтарына мал асылдандыру үшін сатылады. Серік­тес­тікте еділбай тұқымды қой төлінің тез өсуін арттыруға бағыт­­талған селекция әдістері әзір­­леніп енгізілді. Бұл бойын­ша енелерінен 4 айлық жас шама­сын­дағы қозыларды айыр­ған­да, оның тірі салмағын 8-10%-ға немесе 42-48 килоға, ал жеке дарақтарын 54 килоға дейін ұлғай­туға мүмкіндік берді. Атал­ған нәтижелер әлемдік қой шар­уа­­шылығының ең үздік көрсет­кіштерінің бірі болып отыр.

Мұнда сондай-ақ алғаш рет түйе ке­лесінің оңтайлы құрылымы ұсы­ныл­ды және жылқыларды асырау­дың, азықтандырудың, өсіру­дің технологиялық тәсілдері оңтай­лан­дырылды. Бұл аталған түлік түрлерінен тиісінше 45%-ға және 80%-ға дейін төл алуға мүмкіндік берді. Бүгінде агрохолдинг «Қазақстанда жасал­ған» брендін дамыта отырып, өз өндірісінің табиғи өнім­дерін белсенді ілгерілете бас­та­ған кәсіпорындардың бірі. «Байсерке-Агро» сүт зауыты мен ет комбинатының Ал­ма­ты нарығында «Разия» сау­да мар­касымен ұсынылған және табиғи азық-түлік өнім­де­­рінің сапалық көр­сет­кіш­тері бойынша бәсе­ке­лес­тері жоқ.

Агро­хол­динг әлемнен серіктестер тарта отырып, инвес­ти­циялық қызметті белсенді жүр­гізу­де. Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ инвесторларын бірдей жауапкершілік дәрежесі және шығындар мен пайданы тең бөлу іспетті тең құқықты қатынастары қызықтырады. «Байсерке-Агро» ЖШС америкалық Trans Ova және Interxon компанияларымен бірлескен кәсіпорын құру және селекциялық-генетикалық орталық салу туралы келісімге қол қойды. Бұл орталық эмбрион­дардың және суррогат ана тех­но­логиясының көмегімен ет және сүт бағытындағы жоғары гене­тикалық тұқымды алуға мүм­кін­дік береді. Бұдан басқа, агрохолдинг негізінде оқу ғылыми-өндірістік орталығы («Байсерке-Агро» ОҒӨО) ұйымдастырылды. Бұл ғалымдарға ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының өнім­ді­лігін арттыру, малдардың өнім­ді­лігі мен асыл тұқымды сапасын арттыру, ветеринарлық саламат­ты­лық­ты қамтамасыз етудің кешенді жүйесін әзірлеу, сондай-ақ «Байсерке-Агро» ЖШС үлгісінде мамандардың біліктілігін арттыру және өнді­ріс­ке ғылым жетістіктері мен озық тәжірибелерді енгізуге мүм­кін­дік береді. Дәл осы ғылым мен өндірістің тығыз байланысы кәсіпорын алаңдарындағы нақты өндіріс жағдайында технологиялар мен техниканың дұрыс трансфертін әзірлеуге және жүргізуге жол ашып, іс жүзінде Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы өндірісінің жоғары нәтижелерін алу мүм­кін­дігін дәлелдеп, көрсете алды. Мұндай білім, ғылым және прак­ти­каның байланысы сапалы жас мамандарды дайындауға ғана емес, сонымен қатар жоғары өнді­рістік көрсеткіштерге қол жет­кізуге мүмкіндік берді.

Ветеринария саласындағы ғылыми қызметі «Байсерке-Агро» ЖШС үлгісінде Халықаралық эпизоотиялық бюроның білім, ғылым және өндіріс байланысы номинациясы бойынша марапатымен атап өтілді. Сонымен бірге мұнда өз қызметін жүзеге асыратын ғалымдар республиканың ауылшаруашылық бейіндегі тәжірибелі мамандарының бі­лік­­тілігін арттыру бойынша қо­сым­ша сабақтар өткізеді.

Қорытындалай келгенде, Темірхан Мыңайдарұлының шаруа­шылығы ауылшаруашылық сала­сында, әлемдегі ғылыми жаңа технологиялық жетіс­тік­терді шаруашылыққа енгіз­у­де, білім және ғылыми зерт­теу жұмыстарына көп мән беруін­де жоғары сатыға жеткені дәлел­де­ніп тұр. Осы еңбегі бағалауға және еліміздегі мемлекеттік сыйлық­қа ұсынуға лайық деп білеміз.

 

Ербосын ЧИНДАЛИЕВ,

Қазақ мал шаруашылық және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері