Өйткені... Иә, өйткені биылдың өзінде ғана Еділ мен Жайықтың балықтарының қырылуы, орман алқаптарындағы өрт, өзен-көлдеріміздің одан әрі ластануы, даланың ерке елігі – киіктерді заңсыз атудағы бір емес, екі бірдей қорықшының жазым болуы сияқты жағдайлар, бәлкім, біздің елімізде өз жерінің қоршаған табиғи ортасына немқұрайлы қараушылық етек ала бастаған жоқ па екен деген ойға жетелейді.
Және де еліміздің шығысындағы Марқакөлден заңсыз түрде көп мөлшерде уылдырық алу мақсатында майқан (ленок «ускуч») балығын аулап келген ұйымдасқан қылмыстылар тобының әрекетінің алдын алуға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда тағы да тікелей өзінің нұсқау беруі елдегі табиғат байлығын ешбір қымсынбастан, қаймықпастан тонау жүріп жатқандығының бір өрескел әрекетіндей көрінгендігі де бар.
Елорданың іргесіндегі атақты Қорғалжын қорығының еншісіндегі көлдердің табанынан, яғни түбінен әлдебір дәрі жасауға аса қажетті бір құрттарды қазып алып, шет мемлекетке өткізу де орын алған-ды. Көл түбіндегі бұл құрттар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген атақты қоқиқаздар (фламинголар) қауырсындарының түрлі түске боялуына әсер ететін бірден-бір қосынды екен. Күнкөрістің қамымен жергілікті тұрғындар көл түбінің ойран- асырын шығарып, күрекпен, техникамен қазып тастағандарын көз көріп еді. Ал табиғатты аяусыз әрі бақылаусыз тонаудың біз білмейтін қаншама әрекеттері орын алып жатқаны күмәнсіз деген ой да мазалайды.
Даламыздың табиғи байлығы сұраусыз қалып бара жатқан жоқ па? Әлемнің бірде-бір жерінде кездеспейтін, қазақ жерінде ғана өсетін емдік шөптерімізді кімдер келіп, кімдер қазып және теріп алып кетіп жатыр? Байтақ даламыздың қайталанбас табиғи байлығын игеруге келген жатжұрттықтар тарапынан шынайы жанашырлық бар ма?
Кең-байтақ Ұлы даланы мекендеп отырған өз халқы өз туған жерінің табиғаты тоналып, қоршаған ортасының ластанып жатқандығына неге осыншалықты селқос екендіктеріне былайғы жұрт, бәлкім, таңырқап та қарайтын болар?! Бұл сұраусыз ел ме, жоқ әлде иесіз ел ме? Жоқ, бұлай деп еш айта алмас едік. Ұлы даланың иесі де, киесі де болған, әлі де бар!
Бұған дәлел Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы өткен Nur Otan партиясының ХV съезінде «Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде «Жасыл ел» жобасы жүзеге асырылып жатқанын сіздердің бәріңіз жақсы білесіздер. Біз негізінен шөлейтті және жартылай шөлейтті болып табылатын, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы аумаққа иеміз, орманды бөлік 10 пайыздан аз жерді алады. Сондықтан елді жасыл желекке бөлеу –қоршаған орта мен азаматтарымыздың денсаулығы үшін маңызды, бұл – үлкен парасатты іс. Бұл жоба жалғасын табуы керек және партия оған қолдау көрсетуі тиіс», деген аталы сөзі есімізде әлі.
Міне, осы пайымды ұстана отырып және де Елбасының бүкіл Қазақстанды жасыл елге айналдыруды мақсат етіп отырған жағдайда орман-тоғайымыздың қорын молайту және өзіміздің кең-байтақ жеріміздегі сан түрлі өсімдік әлемін қорғау, оларды аса ұқыпты пайдалану мәселесі бізді алаңдатуға да, ойландыруға да тиісті еді. Сол бір оймен Парламент Сенатының депутаты болған жылдарымда сол кездегі Үкіметтің назарын осы бір өзекті мәселеге аударып, «Өсімдік әлемі туралы» заң қабылдау керек деп 2014 жылғы 16 мамырда сауал да жасаған болатынмын.
Біз емдік шөп жайлы оны осы күндері пайдалана алып жүрміз бе деген мәселеде ой айту үшін әңгімені әріден бастағанды жөн санадық. Өйткені, расын айтқанда, өз жеріміздегі және өзге ешбір елде кездесе бермейтін емдік шөптерді, жалпы Қазақстанның өсімдік әлемін мемлекет тарапынан дұрыс қорғай алып отырмыз ба деген мәселені тағы бір жаңғыртсам деп едім.
Кезінде қазақ әдебиетінің дуалы ауыз ағалары «Руханият бұлағы» деп бағалаған көрнекті ақын Қасымхан Бегманның «Этнографпен әңгіме» кітабын жиі ақтарып, оқып отырамын. Бұл кітап қазір қолға түсе де бермейді. Қай жерде болсам да кітап дүкендеріне соғып, әуелі осы кітапты іздеймін. Қолыма түскенін сатып аламын да, өзім деген азаматтарға сыйлап жүремін. Өйткені өз түсінігімде бұл кітапты Ұлы даланы сан ғасырлар бойы мекен етіп келе жатқан қазақ деген халықтың түрлі революциялар мен эволюциялар жағдайында ұмыт болып кеткен бай тұрмысы мен қажырлы тіршілік қарекетінің шағын да болса құнды бір энциклопедиясы деп білемін.
Бұл кітапқа кезінде 1917 жылы Қытайда туып, Шыңжаң ұлттық автономиялық республикасы Тарбағатай аймағының әкімі және бұдан да өзге көптеген лауазымды қызметте болып, кейін «ұлтшыл, оңшыл, социализм мен коммунизмге қарсы» деген айыптаулармен Қытай лагерінде тұтқын болып, содан босағаннан кейін, яғни 1961 жылы Қазақстанға өткен Жағда Бабалықұлы деген өте білгір ақсақалдың аузынан жазып алынған қазақ халқы үшін аса құнды мағлұматтар бар. Бүгінгі күні соларды жаңғыртуға, тірілтуге әбден болар еді. Мәселен, қазақ даласындағы емдік қасиеті бар өсімдік шөптер және оларды пайдалану жайында Жағда ақсақал былай депті:
«Қазақ – алтынды табанына басып тұрып, оған көңіл аудара қоймайтын ел, – дейді Жағда ақсақал ақын Қасымханмен сұхбат кітабында. – Жалпы, шөппен емдеу – өте керек, қажет нәрсе. Өйткені біз медицинада бір апатты тауып алдық. Ол – химиялық дәрілерге тым арқа сүйеп кеткендігіміз. Ал шөп дәрілерге мұрнымызды шүйіре қараймыз. Көптеген шөп адамның, хайуанның ауруына ем болады. Мен өзім Қытайда жүргенде мынадай бір сұраққа жауап іздедім. Қытайлармен бір ауамен тыныстап, бірге жасап жатырмыз ғой. Біз өспейміз, олар күн санап көбейіп жатыр. Мен әрі ойланып, бері ойланып, мынадай қорытындыға келдім. Қытайдың кемпірі мен шалы жүздеген шөпті жинайды. Ананың баласы ауырып қалыпты десе, мына шөпті беріңдер, іші ауырып жатыр екен десе, онда мынаны пайдаланыңдар, суық тиіп қалыпты десе, мына шөпті ішкізіңдер дейді екен. Көрдің бе, жүздеген шөпті жинайды. Әр шөп әртүрлі ауруға шипа. Біз шөпті табанымызға басып жүріп, соны жинамаймыз. Соның пайдалы екенін біле тұра, мән бермейміз. Жалпы алғанда, шөпке көңіл аудару қажет. Менің өзімнің ойым, біздің медицинаға қосымша екі факультет керек екен. Шөп дәрілермен айналысатын және қазақтың көне сынықшылығымен айналысатын екі факультет ашылса, құба-құп болар еді».
Емдік шөп жөнінде айтып қана кетпей, ол кісі кезінде талай бір дәрілік шөптердің бірсыпырасын Қазақстанның дәрі-дәрмек жасау орындарына өткізген де екен. «Иә, бір кездері осы емдік қасиеті бар бірнеше шөптің түрін ұсынған едім. Қабылдап алғанмен, кейін олардан жауап болмады. Мен де қазбаламадым («Этнографпен әңгіме», 427-бет). «Бұлардың бәрін «Қазақ дәрі-дәрмек жасау» орындарына бердім. Олар бұған көңіл бөлген жоқ. Жауап та қайырмады. Осыларды қайталап, тағы да ұсыну керек секілді» (осы кітаптың 428-беті). «Қазақтың жерінде көптеген шөптің түрі бар. Бәрі дәрі. Барлығының өзіндік емдік қасиеті бар» (437-бет).
Жоғарыда айтқанымыздай, өз ғұмырының ұзақ жылын Қытайда өткізген Жағда Бабалықұлы емдік шөптермен сол елде жүрген кезінде айналысса керек. Этнографтың айтуынша, жер бетінде өсімдіктің 500 мыңдай түрі өссе, солардың 220 мыңдайы суда, 280 мыңдайы құрлықта, яғни жерде өседі екен. Ал қазақ жерінде өсімдіктің 6 мыңнан астам түрі болса, дәріге солардың 500-ге жуығын пайдалануға болады. Тағы бір маңызды мәлімет, осы 6 мың өсімдіктің 760-ы тек қазақ жерінде ғана өсетін көрінеді.
Әлем бойынша соңғы жылдары орман өртінің өршіп бара жатқандығы алаңдатады. Ресей жеріндегі соңғы сұрапыл орман өрті әлемдік экологиялық қатер есебінде танылды. Орман өртінің алаңдатарлық жағдайы Қазақстан бойынша да бар екендігі белгілі. Қазір жыл сайын республикада 18 мың орман өрті орын алып келе жатса, мұның 14 мыңы немесе 78 пайызы далалы аймақтар өртінің үлесінде. Өрт сәуір айында басталып, қазан айының орта шеніне дейін жалғасады. Әсіресе ауылдық әкімдіктердің өрт сөндіру құрал-жабдықтарымен және арнайы техникамен қамтамасыз етілулері сын көтермейді.
Жыл сайынғы өрттің 15-18 пайызы найзағай түсуден болып жатса, 80 пайыздан астамына адамдардың өздері себепкер екен. Әсіресе шаруашылық нысандары мен шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстары басталар алдында және орақ науқаны аяқталғаннан кейін егістіктегі сабан мен топан қалдықтарын өртесе, оның соңы көбінесе орман өртіне ұласып кетіп жүр. Ал мұндай әрекетке тыйым салу заң жүзінде қарастырылмаған.
Біздің ғалымдарымыздың тағы бір деректері бойынша қазір Қазақстан аумағында өте сирек кездесетін, болмаса жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған 387 өсімдік түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген екен. Бізде жиі орын ала бастаған орман және далалы аймақ өрттерінің кесірінен және де дәрілік өсімдік түрлеріне деген әлемдік нарықтағы сұраныстың жыл сайын күрт өсе түсуіне қарай алдағы уақытта жойылып кетер өсімдік түрлері көбеймесе, азаймасы тағы да анық жайт.
Осыған қарамастан Қазақстан Республикасында күні бүгінге дейін өсімдік әлемін қорғау және оларды сақтау мен өсіріп-өндіру, табиғаттың өсімдік ресурстары мен генетикалық қорын тиімді әрі өлшемді пайдалану, халықтың өсімдік әлеміне деген сұраныстарын, өсімдік әлемінің ресурстарын пайдаланушы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін анықтайтын заңдылықтары мен құқықтық тәртібін нығайту жөніндегі «Өсімдік әлемі туралы» («О растительном мире») заңның жоқтығы ойлантарлық мәселе болса керек-ті.
Сонымен бірге, соңғы жылдары Қазақстан аумағынан аса бағалы дәрілік өсімдіктер мен шөптерді жинау және оларды шетелге шығару бақылаусыз кетіп жатқандай. Мысалы, кедендік статистика бойынша 2011 жылы Қазақстаннан тыс жерлерге бір ғана мия тамырының (солодковый корень) 4 мың 220,7 тоннасы, ал 2012 жылы 17 мың 121,7 тоннасы, 2013 жылдың алты айында 9 мың 932,8 тоннасы экспортқа шығарылған (ескерту: бұл депутаттық сауал жасалған кездегі дерек. Жаңа деректі еш жерден таба алмадым – автор) Мия тамырын 2012 жылдан бастап Қазақстан жерінен жаппай терудің басталуының басты себебі, бұл өсімдікке деген әлемдік нарықтағы сұраныс күрт өсе түссе, бұрынғы негізгі өндіруші Қытай, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан жерлерінде мия тамырының қоры мүлдем азайып кеткен көрінеді. Бұл біздің білетініміз ғана. Алайда сол кездегі депутаттық сауалға орай Үкіметтің берген жауабында «Өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар экологиялық, жер, орман, су кодекстерімен реттелгендігі» айтылып қана қойған-ды.
Міне, жаңа министрлік осы мәселеге келгенде ешқандай инвестордың да, басқалардың да көңіліне қарамауға тиісті. Біз ендігі арада ел, халық, Үкімет болып Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту және табиғат байлығын қорғау мен оны неғұрлым тиімді де ұқыпты пайдалану үшін шырылдауға тиістіміз және де жаңа министрлік Қазақстанға «Өсімдік әлемі туралы» заң қажет пе деген мәселені де қайтадан сараптап, ой елегінен өткізер деген үміттеміз.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
КӨКШЕТАУ