Қоғам • 20 Тамыз, 2019

Масыл болғаннан мамандық меңгергенім жақсы – дейді көп балалы ана Зағипа Абдуллаева

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бел­гілі бір кәсіпті игеріп, еңбегіңнің зейнетін көрсең, татқан дә­міңнің де тәтті бола түсетіні бар. Бұл үшін әрине, уақытша жұмыс­­сыз жүрген адамдарды бағыттап, оң жол сілтеудің маңызы зор.

Масыл болғаннан мамандық меңгергенім жақсы – дейді көп балалы ана Зағипа Абдуллаева

Шалғайдағы Астрахан ауда­нында жұмыс көзі көп емес. Халқы сирек қоныстанған бұл өлкеде жұрт негізінен мал сүме­сімен күнелтеді. Ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатын серік­тестіктерде еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргендер де аз емес. Ал көп балалы отбасылар мемлекет қамқорлығын көруде. Атап айтатын болсақ, бүгінгі таңда ауданда 200-ге жуық көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие. Солардың ішінде өз алдына мамандық игеріп, шағын да болса шаруасын дөңгелетуге ұмтылып отырғандарды көргенде разы боласың. Былтыр көп балалы екі ана үш айлық курсты оқып, кәдеге жарайтын кәсіп игеруде. Биыл үш бірдей ана талпынып отыр.

– Ілгері ұмтылғандардың бірі – Зағипа Абдуллаева, – дейді аудан­дық жұмыспен қамту орта­лы­ғының директоры Жанар Мұха­мед­­­жанова, – сегіз бала тәрбиелеп отырған ана. Бұл отбасы ай са­йын 140 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алып отыр.

Алдынан жұмыс үркіп отыратын ананың үйдегі шаруасы да шаш-етектен. Әйтсе де қарап отырғаннан қарекет еткен жақсы. Осы бір ой қысқа мерзімді курсқа же­тектеп әкелген. Сөйтіп нау­бай­ мамандығын игеріп шықты. Нарттай қызыл, дәмі тіл үйіретін нан пісіру таңсық жұмыс емес. Онсыз да сегіз баланың ас-суын дайындауға әбден үйренген көп балалы ана енді ас атасымен тәмам жұртты қамтамасыз етпек.

– Тұңғышым 23-те, кенжеміз бір жастан жаңа асты, – дейді Зағипа Абдуллаева, – жолдасым жергілікті шаруашылықтардың бірінде от жағушы болып жұмыс істейді. Табысымыз аз болған соң, мен де бір жағынан шығысып, қарап отырғанша қаражат тап­қа­ным жақсы емес пе? Күз де келіп қалды. Білім ошағына баратын балаларды киіндіруіміз керек. Өз қолдары өз ауыздарына жеткенше көмектеспесе болмайды ғой.

Ананың айтуына қарағанда, атаулы әлеуметтік көмек тарыққан жан­дар­дың қос қолтығынан демей­тін періштедей. Қазір олар бар тап­қан­дарын баспана салып аламыз деп құрылысқа жұмсап жатыр екен.

Жеткіншектерінің ертең-ақ азамат атанып кететініне күмән жоқ. Сегіз бірдей перзентін өбек­теп бағып отырған ана­ла­ры­ның жанын жалдап наубайханада жұмыс істегенін көріп өскен бала­лар да ана дегеннің қандай құді­рет екенін саналарына сіңіріп өспей ме?!

 

Ақмола облысы