Қазіргі уақытта таудың етегінде жаңбыр толастамай тұрса, жоғары жағында қар жаууда. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарын бірлесіп жүргізу үшін қырғыз альпинистерінің тобы жасақталды. Н.Нұрахмет жоғары мамандандырылған қазақстандық құтқарушылар тобы Алматы облысының «Қарқара» базалық лагеріне 19 тамыз күні түс әлетінде, сағат 13.20-да жеткенін хабарлады. Альпинистерді әрі қарай Қырғызстанға жеткізу үшін Қазәуеқұтқарудың Ми-171 борты дайын тұр.
Еске сала кетейік, 4 тамызда «Ақсай Тревел» туристік компаниясы Жеңіс шыңына шығуды ұйымдастырған болатын. Бұл таудағы жорыққа үш адамнан тұратын қазақстандық альпинистер де қатысып, 14 тамызда аталған шыңға шыққан болатын. Алайда сол күні жергілікті табиғат райы күрт бұзылды. 15 тамыз күні таңғы сағат 08.15-те топ мүшелері радиобайланыс арқылы соңғы рет байланысқа шығып, альпинистердің бірі Александр Чечулиннің өкпе қабынуынан қаза болғанын хабарлады. Ал шатырлар мен құралдарды жел ұшырып кеткен. Топтың қалған мүшелерінің өмірін сақтап қалу үшін Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев қардан үңгір қазып, бой тасалаған көрінеді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та әлеуметтік желідегі парақшасында алматылық альпинистерді іздеу-құтқару жұмыстары басталғанын, Хан Тәңірі жағынан құтқару тікұшағы ұшқанын жазған болатын. Алайда тікұшақтың ең жоғары көтерілетін биіктігі 4500 метрден аспайтындықтан, әрі қарай іздеу жұмыстарын еріктілер мен құтқару тобы жалғастыруға тура келеді.
Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың хабарлауынша, Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Жеңіс шыңына шыққан үш қазақстандықтың жоғалғаны туралы ақпарат Бішкектегі Қазақстан консулдығына 17 тамызда келіп түскен. Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин есімді Қазақстан азаматтарының үшеуі де кәсіби әрі тәжірибелі альпинистер.
Дипломаттар аталған оқиға туралы Қырғызстан мен Қазақстанның төтенше жағдай құрылымдарына жедел хабарлаған. 18 тамызда осы сапарды ұйымдастырған туристік компанияға тиесілі тікұшақ альпинистер болуы ықтимал аумаққа екі мәрте көтерілгенімен жоғалған адамдарды таба алмады. Оның үстіне бұл аумақта қар көшкіні жүрген екен.
Қазақстан елшілігінде жоғалған альпинистерге барынша көмек көрсету мақсатында жедел штаб құрылды. Елшілік қызметкерлері альпинистердің жақындарымен және тиісті құзырлы органдармен әлсін-әлсін сөйлесіп отыр. Мәселен, М.Өтепбаевтың туыстары түні бойы елшілікте болып, іздеу жұмыстарын үйлестіру мәселелеріне қатысты. Қазір Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден шақырылған кәсіби альпинистер тобын жеткізу үшін Қазақстан тікұшақтарының Қырғызстан аумағымен ұшуына рұқсат алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іздестіру топтарының біріне белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев жетекшілік жасайды деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге дипломаттар Thuraya спутниктік телефон байланысы операторына жоғалған альпинистерден берілген белгі аумағын анықтауға қолдау көрсетуін сұраған хат жіберді.