Аталмыш жарыс сегіз салмақ категориясы бойынша ұйымдастырылып, оған 11 мемлекеттен 130-дан астам балуан қатысты. Сонымен қатар әр салмақтың жеңімпазына 1000, келесі орындарға 500 және 300 АҚШ доллары сыйланса, чемпионатты өткізушілер көрермен қауымды ынталандыру үшін су жаңа «Toyota prius 30» маркалы жеңіл көлігін «Бақытты билет» иесіне табыстады.
«Бұл шара жарыс маңызын арттырумен қатар, көрермендердің көп келуіне айрықша ықпал етті», дейді аталмыш елдегі Қазақ күресі федерациясының президенті, дзюдо күресінен әлем жеңімпазы және Олимпиаданың қола жүлдегері, ересектер арасында самбодан екі дүркін әлем чемпионы, атақты балуан Сағанбатыр Қашбатыр мырза.
Құрлық чемпионатының қорытындысы бойынша, 5 алтын, 6 күміс, 6 қола медальға ие болған моңғолиялық балуандар командалық есепте топ бастаса, келесі орынға 3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізген қазақстандық спортшылар ие болып, 55 кило салмақта Нариман Тұтқышев, 60 килода Еламан Қуанбай, 100 килода Мақсат Исақабыловтар жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыстың «Үздік балуаны» ретінде 74 кило салмақта жеңімпаз атанған жапон жігіті Сато Иуяа танылса, «Үздік төреші» атағы Украина елінің маманы Виктор Куропиотикке бұйырды.