12 Қаңтар, 2013

Баға және пайым

341 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баға және пайым

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:56

Өткен жылғы бағалар өсуіне көзқарас

Халықты қашанда күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің бағасы алаңдататыны белгілі. Олай болса, өткен 2012 жылы жоғарыда аталған тауарлар бағаларында нендей өзгерістер орын алды? Осы сауалға жауап беру үшін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметтеріне көз жүгіртіп көрейік.

 

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:56

Өткен жылғы бағалар өсуіне көзқарас

Халықты қашанда күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің бағасы алаңдататыны белгілі. Олай болса, өткен 2012 жылы жоғарыда аталған тауарлар бағаларында нендей өзгерістер орын алды? Осы сауалға жауап беру үшін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметтеріне көз жүгіртіп көрейік.

Сонымен аталған агенттік кел­тірген деректерге жүгінер болсақ, 2012 жылы азық-түлік өнімдері бағасы 5,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 3,5 пайызға, ал ақылы қызметтер бағасы 9,3 пайызға өскен.
Егер өткен жылдың соңғы айында бағалар нендей өзгеріске ұшырады екен деген сауалға келер болсақ, мынадай цифрларды көреміз. Яғни 2012 жылдың желтоқсан айында алдындағы 2011 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бағалар: ұнға – 7,6, макарон өнімдеріне – 7,5, ба­лық және теңіз, тоқаш және ұн өнімдеріне –5,7, кофе, шәй және какаоға –5,5, кондитерлік бұйымдарға – 5, алкогольді ішім­діктерге – 4,9, жемістер мен көк­өніске – 4,8, сүт өнімдеріне – 3,8, нанға 2,5 пайызға өскен. Осы аталған кезеңде ет және ет өнім­де­рі бағасы 9,5 пайызға өскен. Ба­ғаның төмендеуі тек жарма (27%), өсімдік майы (2,6%) және қантқа (2,1%) қатысты ғана орын алған.
Сонымен бірге, өткен айда темекі өнімдері бағасының – 1,6, қатты отын бағасының – 0,9, киім және аяқ киім, газеттер мен мерзімді басылымдар бағасының – 0,5, тұрмыстық тоқыма өнімдері бағасының 0,4 пайызға өскенін де айта кету қажет.
Өсу көрсеткіші қызмет көрсету саласында да бар. Мәселен, өзіміз айтып отырған кезеңде  жолаушылар темір жол көлігі қызметтерінің бағасы – 1,7, қонақ үйлер бағасы – 1,1, шаштараз бен жеке қызмет көрсету орындары қызметтерінің бағасы 1 пайызға көтерілген.
Сөз соңында тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтердің  тарату желілері бойынша тасымалданатын газға – 2,8, канализацияға – 2,5, суық суға – 1,2, ыстық суға және орталықтан жылытуға 0,8 пайызға артқанын да айта кеткен орынды.
Бір қарағанда бұл цифрларда тұрған таңқаларлық ештеңе жоқ сияқты. Өйткені инфляция бар жерде бағаның соған ілесіп өсіп отыруы заңды құбылыс. Ал инфляция өткен жылы елімізде 6 пайызды құраған.
Біз бұл жерде тіпті, инфляция бар жерде халықтың қиналмай өмір сүрулері үшін жалақыларға, зейнетақылар мен жәрдемақыларға индексацияның да қоса жүруі тиіс екендігін де айтқалы отырған жоқпыз. Бізді таңғалдырғаны, егер осылай айтуға болатын бол­са, өзіміздің Қазақстанда өнді­рі­летін ұн, макарон өнімдері және кондитерлік бұйымдар баға­ларының шарықтап өсуі. Ет және ет өнімдерінің басым денінің сырт­тан әкелінетінін ескергенде, олардың бағасының өсуін түсінуге де болады. Ал ұн мен ұннан жасалатын өнімдер өзімізде жеткілікті емес пе? Бір қызығы, алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағалары онша көтеріле қоймаған. Мұны қалай түсінуге болады? Әлде олардың бағаларын өсіруге деген мүдделілік жоқ па? Былайша айтқанда, арақ-шарап пен темекі бағасының өсуінен ешкімге пайда келмей ме? Біздің бұлай деуімізге себеп, егер алкогольді ішімдіктер мен темекі бұйымдары бағасы ұнның бағасы сияқты 7,6 пайызға қымбаттап, өзімізде өндірілетін ұн бағасы темекі бағасы сияқты 1,6 пайызға ғана өсіп жатса, еш таң қалмауға болар еді. Сөз ретінде Қазақстанның әлемдегі астық экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында тұрғанын да еске сала кеткен артық емес.
Осы орайда кешегі кеңестік кезеңде арақ-шарап бағаларының азық-түлік бағаларынан әлде­қай­да қымбат болғанын да ұмытпағанымыз орынды. Ол кезде бір шөлмек, яғни жарты литр арақтың бағасы бір кило еттің бағасынан әлдеқайда қымбат болатын. Бүгінде жағдай мүлде керісінше, 1 кило еттің бағасы 1-1,5 мың теңге тұрса, 1 шөлмек арақты 280 теңгеге сатып алуға болады. Неге?  Мәселенің шындығына келсек, шетелдерде де солай – оларда да алкогольді ішімдік бағалары өте қымбат. Оны түсінуге де болады. Өйткені, адамның тіршілігі арақ-шарап пен темекіге тіреліп тұрған жоқ. Ал ішімдік ішіп, денсаулықтарын бұзғысы келгендер болса, қымбат бағаға сатып алсын да іше берсін.
Міне, статистика агенттігі келтірген мәліметтерге көз сала отырып біз осындай ойларға келдік. Арақ-шарап пен темекі бағаларының салыстырмалы түрде алғанда онша қатты өспегеніне қарап елімізде ішімдік пен темекіге салынушылар азайып келеді, соған сәйкес сұраныс та төмендеуде деп қуануға да болар еді. Бірақ олардың халық үшін қажеттілігі аз болса, бағаларын неге өсірмеске деген сауал тағы мазалайды. Қалай дегенде де, осы мәселеде бір түсінбестік бар…

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20