Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Моңғолиядан Павлодарға 13 отбасы көшіп келді

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев шет елде жүрген қандастар тағдырынан бір сәтте қол үзбей, тікелей араласуының негізінде бауырларымыздың туған жеріне қоныс аудару легі жалғасуда.  Осыған байланысты Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның қанатқақты жобасы аясында Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгей аймақтарынан Қазақстандағы туыстарына қосылып, ұрпақтарын атамекенге жеткізу мақсатында Павлодар облысына көп балалы 13 отбасының 80 адамы көшірілді. Көшіп келген әр отбасы  тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние  мүлік, 800 кг  жеке үй жүгімен  атамекенге біржолата қоныстануға келді. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Моңғолиядан Павлодарға 13 отбасы  көшіп келді

Айта кетерлігі, Қазақстанға біржолата көшіп келуге ниет білдірген қандастарымыз негізінен әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына байланысты өздігінен көшіп келе алмайтын еді. Сондықтан, бұл игі шара «Отандастар қоры» КЕАҚ–ның қолдауымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен іске асырылды.

«Көшіп келген қандастар арасында 13 баланы өмірге әкеліп өсіріп,  жеткізген ардақты ана Қайша апамыз өзінің қолындағы кенже ұлы мен келінінің 6 баласымен бірге атамекенге келіп отыр. Сондай-ақ, жасөспірім оқу жасындағы 46 бала, 4 студент, 1 зейнеткер, еңбек жасындағы 29 азамат көшіп келді. Олардың ішінде ағылшын тілі, бастауыш сынып мұғалімдері, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері, медицина саласының маманы, басқада арнайы оқу орталықтарын бітірген тәжірбиелі мамандық иелері бар» делінген баспасөз баянында.  

Моңғолиядан көшіп келуші отбасылар мүшелерін және отбасының тұрмысқа қажетті қолданыстағы мүлік, жеке үй жүктерін Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің Ташанта кеден бекеті арқылы шекарадан алып өтуіне байланысты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас менеджері Алтай Алмат Тұрсынбекұлы және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ-нің Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы мен «Отандастар қоры» РФ Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы Консулы қызметкерлерінің көмегіне жүгінген болатын. Осындай бірлескен шаралардың нәтижесінде қандастарымыз аман-есен елге жеткізілді.

Көшіп келушілер Павлодар қаласындағы «Қоныстанушылар мен оралмандарды уақытша бейімдеу орталығында» бір апта тұрады, осы куақытта  Павлодар қаласының тарихи орындары, мұражайларымен танысып, бірқатар құқықтық кеңес алып, құжаттарын рәсімдеп, медициналық тексеруден өтеді. Одан кейін, Екібастұз қаласының, акедемик Әлкей Марғұлан атындағы ауылына 9 отбасы, Павлодар ауданына 2 отбасы, Ақсу қаласының Достық, Ақжол ауылдарына 2 отбасы,  Тереңкөл, Май аудандарына қоныстанады деп жоспарлануда. Көшіп келген отбасылары түгелдей биылғы жылғы оралмандардың өңірлік квотасына еніп, мемлекет тарапынан әр адамға 88 375 теңгеден бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат беріледі. Балалары оқу орындарына, еңбек жасындағылар жұмысқа орналасады.