Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Маңғыстауда аймақ басшысы ауыл шаруашылығы нысандарын аралады

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Қарақия ауданына келіп, ауыл және егін шаруашылығы бойынша бірнеше нысанның жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда аймақ басшысы ауыл шаруашылығы нысандарын аралады

Айта кетейік, «Қазақстан ет одағы» қоғамдық бірлестігі Қарақия ауданы арқылы айына 5000 мүйізді ірі қара малын шет елден Қазақстанның ішкі нарығына тасымалдау орнын салу жобасын қолға алған болатын.
Аймақ басшысы сапарын алдымен осы нысан жұмысымен танысудан бастады.

Аудан орталығы - Құрық ауылының Сарша жерінде 2019-2020 жылдары салынып, іске қосылатын нысанның меншік иесі – «Бреск» ЖШС-і. 
Онда серіктестіктің өкілі жаңа нысанды салуға 20 га жер телімі берілетіндігі туралы шешім шығарылғанын, кешікпей құрылыс жұмыстары басталатындығын айтты. 

Аймақ басшысымен бірге өңірдің ауыл шаруашылық саласына жауапты барлық қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аталған басқарма басшылығы болды. Серікбай Өтелгенұлы бұл жобаның экономикалық тиімділігі мен өзектілігіне тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. «Құрық» портына жақын аумақта салынып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын бұл нысан арқылы 5000 басты мүйізді ірі қара яғни сиыр малы тасымалданып, карантиндік-ветеринариялық тексеруден өтпек.

Бұдан соң жұмыс тобы Қызылқұм жеріндегі егін шаруашылығымен танысты. Ондағы егін шаруашылығымен айналысатын отыздай егіншінің бірі – Төлеген Жалмұратов, 1995 жылдан бері егін шаруасымен айналысып, бау- бақша өсірген «Жанбыршы» шаруа қожалығының иесі. 152 га жерге алма, жүзім ағаштарын, қызанақ, қияр, баклажан, қауын, қарбыздың түрлі сорттарын өсіреді. Өнім тұтынушылары - Жетібай, Мұнайшы, Құрық және Ақтау қаласы тұрғындары. Айта кетейік, «Жаңбыршыда» алма мен өріктің де неше түрлі сорты өседі. Егіннің жайын ерте меңгерген бағбан Т.Жалмұратов өңірге танымал кәсіпкер. Қызылқұмдағы сапар ары қарай Жақсылық Ибадуллаевтың шаруа қожалығында жалғасты. 32 га егіс алқабында алма, жүзім ағаштары мен қызанақ, қияр, баклажан, қауын, қарбыз түрлері өсірілген. Бағбан, ауданның бірнеше ауылы және Ақтау қаласының тұрғындарына өз өнімін өткізетіндігін айтты. 

Ауыл шаруашылық саласы бойынша жауапты өкілдердің басын Қызылқұмда қосқан бейресми жиында өңірдің ауыл және егін шаруашылығына қатысты тың жобалар мен өзекті пікірлер ортаға салынды.

 

 

Маңғыстау облысы