16 Қаңтар, 2013

Елдіктің ерен жеңісі

545 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдіктің ерен жеңісі

Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:15

2017 жылы Халықаралық көрмелер бюросының басшылығымен айшықты Астананың төрінде бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өтетіні белгілі. Әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа технологиялар, ақыл-ой парасатының көрсеткіші саналатын бірегей ғылыми жобалар, мәдени-гуманитарлық өрістердің өзгеше үлгілері, ірі компаниялардың брендіне айналған тауарлар Қазақстанның бас қаласында үш ай бойы көргендердің көз жауын алып тұратын болады.

 

Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:15

2017 жылы Халықаралық көрмелер бюросының басшылығымен айшықты Астананың төрінде бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өтетіні белгілі. Әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа технологиялар, ақыл-ой парасатының көрсеткіші саналатын бірегей ғылыми жобалар, мәдени-гуманитарлық өрістердің өзгеше үлгілері, ірі компаниялардың брендіне айналған тауарлар Қазақстанның бас қаласында үш ай бойы көргендердің көз жауын алып тұратын болады.

Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы кездейсоқ емес деп ойлаймын. Бұл елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны ла­йықты өткізе алатын орталық ре­тінде қалыптасқанының белгісі. Таңдаудың басқа елге емес, Қа­зақстанның пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоға­­ры баға­­лан­­ғанын білдірсе керек. Елбасының өзі Парижге барып, айтулы сәтті тағатсыздана күт­­­кен­дігі анық. Біздің ынтамыздың қайырымы да жеңіске себепші болды. Ең бастысы, Қазақ­стан­ның беделі, Елбасының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазір тә­уелсіз Қазақстан Орталық Азия­ның басқа елдерімен салыстыр­ғанда, жаһанда өзіндік ұстанымы мен пікірі, өзгеге өнеге болар­­­лы­қ­­­­­тай жолы бар елдердің сапында. Әрі біздің осы көрмеге ұсынған жалпы тақы­ры­бымыз да өзге­­­­­лер­­­ді қызықтырды. Еліміздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсы­нуы жеңіс­ке жетуімізге көмек­тесті. Ең бас­тысы, Астананың таңдалуы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі деп білемін.

Қазақстан Президенті Нұр­­­­сұл­­­тан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын иеленген еліміздің құрметіне орай Халықаралық көрмелер бюросы­­ның қабылдауында сөйлеген сө­зінде: «ЭКСПО көрмесі кең-бай­тақ Еуразия құрлығының жүрегі іспеттес қалада алғаш рет өтеді. «Болашақтың энергиясы» атты бүкіләлемдік көрме жаһандық энергетиканың жаңартылуына қуатты серпін береді деп сенемін. Еліміз көрменің жоғары деңгейде өтуі үшін бар күш-жігерін салатын болады», деп атап өтті.

Жалпы, «ЭКСПО-ны Қазақ­станда өткізудің маңызы не?» деген сауалдың көлденеңдейтіні де мәлім. Ең бастысы, әлемнің жүз­деген елінен энергия, қуат көз­­дерін алмастыратын энергияны із­­дестіру тәжі­рибе­лері өзара орта­ға салынады, демек тә­жі­ри­­­бе алмасу ең басты олжамыз болмақ. Ек­іншіден, ин­­­­фра­құрылымдардың дамуы: жолдар, қоғамдық көлік, комму­нал­­дық ша­­руашылық, әуежай, вокзал, ЭКСПО объектілерінің құр­ы­лы­­­сы жүргізіледі, бір сөзбен айт­­­­қан­­да, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Көрме ішкі-сыртқы туризмнің дамуына үлкен септігін тигізбек. Көрмеге әлемнің жүздеген елінен 5 миллион адам қатысады деп есептелінуде. ЭКСПО-ға арнал­ған объектілерді салуға инвестиция тартылады, бұл объектілер ЭКСПО өткеннен кейін де Қазақ­станды ірі халықаралық көрме және ақпараттық-презентация­лық алаңы бар мемлекет ретінде айғақтайтын болады. Туған елі­міз­дің сыртқы имиджі жақса­ра­ды, мемлекетаралық мәдениет­тер­дің тоғысы елдің рухани әле­уетін арттырмақ. Яғни Астана бұл көрмені ұйымдастырудан зор пайда түсіретіні әркімге аян.

Жалпы, дүниежүзілік көрме – ЭКСПО-ның мағынасын индус­трияландыру мен техникалық және технологиялық жетістіктер жария етілетін ашық алаң деуге болады. Британдық қолөнерші­лердің бастамасымен дүниеге келген көрме өткізу үрдісін ке­йіннен өнеркәсiпшілер мен бизнесмендер қолдап кеткен дейді тарих беттері.

Зерттеушілердің айтуынша, осы ұлы көрме халықаралық сауда мен туризмнің кең қанат жа­юына мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әлемде дизайн мен өнер­кәсіптік өнер мектебін құруға ықпал жасады. ЭКСПО-ға мемлекеттер алдымен өзгелерді де, өздерін де көрсету үшін қатыса­ды. Өйткені, экспозицияларда әлем­дегі ең озық технологиялар мен өнеркәсіптің ең соңғы жетіс­тіктері қойылады. Адамдар ең алғаш рет Хьюга телеграф аппаратымен, электр фарлары және су асты кабелі, гидравликалық лифт, тағы басқа да мыңдаған жетістік­термен әр жылдары өткізілген осындай көрмелерде танысқан. 1878 жылы Парижде өткізілген көрмеде әлем бу дәуірінен электр дәуіріне өту кезеңінің басталға­нын пайымдады. Онда қойылған экспонаттар энергия­ның жаңа түрінің қандай мүм­кіндіктерді паш ете алатынына көз жеткізіп, адамдар санасына жаңа леп сыйлады. Еліміз ұсы­нып отырған тақырып «Бола­шақтың энергиясы» деп аталатынын жоғарыда айтып кеттік. Ендеше, 2017 жыл­ғы бұл көрме қуаттың жаңа балама түрлеріне жан бітіріп, әлемді таза да залалсыз энергия көзде­ріне бет бұрғызатын дәуірдің та­бал­ды­рығын аттатуға ықпал ете­ді. Энергия – әлем экономика­сы­­ның өзекті мәселелерінің бірі.

«Болашақтың энергиясы» та­қы­ры­­бы әлем елдерінің өте үлкен проблемасы. Соңғы жылдары дү­ниежүзінде энергияның жаңар­ған балама көздеріне мән бері­луде. Себебі мұнай және басқа энергия көздері ауаға үлкен кө­лем­де зиянды газдар бөледі. Ол экологияға зиян. Әрі энергияның бұл көздері ескіріп барады, сар­қылып, таусылады. Ал, энергия­ның жаңарған балама көздерінің артықшылығы – сарқылмай­тын­дығында және экологиялық жа­ғынан тазалығында. Энергияның балама көздерін пайдалану жер бетіндегі энергетикалық баланс­ты өзгертпейді.

Қазақстан Солтүстік жарты шар­дағы 40-шы ендікте орна­ласқан. Жердің негізгі ауа ағым­дарының қозғалысы осы ендіктен өтеді. Қазақстанда болашақ ұр­пақ үшін энергетиканың балама көздерін, соның ішінде жел энергиясын пайдалану мүмкіндігі орасан зор. Өкінішке орай, жел энергиясын пайдалану туралы айтқанымызға жиырма жыл бол­ғанмен, ештеңе өзгерген жоқ. Ал негізгі энергетика қорлары ескіре бастады. Кен байлықтарының сарқылатын кезі бар. Тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Болашақ энергиясы – адамзат болашағы. Көрмеге қатысатын мемлекеттер өз жетістіктерін алып келеді. Біздер де барымызды жайып саламыз. Қазақстан жел, күн, био­энергия көздерін пайдалануда мүл­­­­­дем кенже қалып отырған­мен, айтып отырғандай, бізде бо­­­лашақ энергиясының көздері бар. Соның бірі – жел. Жыл он екі ай бойы Қазақстанда жел соғады.

Қазір электр қуаты шикіза­тының азайып бара жатқандығы әлем халқын кәдімгідей алаң­да­тып отыр. Адамзат бұл тығы­рық­тан шығудың жолын іздестіре бастағанына да біраз жылдың жүзі болды. Барлық саналы тір­шілік иесін алаңдатып отыр­ған осы бір жаһандық зор проблеманы шешуде Қазақстанның үні де айрықша шығуда. Енді адамзат жарық күннен, өкпек желден, тасқын судан энергия қуатын өндіруге көшеді. Ендеше, «Бола­шақ­тың энергиясы» атты Қазақ­станның бұл бастамасы барлық адамзат болашағына деген толға­ныстан туындап отыр.

Отандық өнеркә­сіп орталық­тары бұл көрмеге барынша зор дайындықпен және жауапкер­ші­лік­пен келеді деген ойдамын.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.