Моноқала Құлсарыға кешенді келбет керек
Сенбі, 19 қаңтар 2013 8:02
Атыраудағы ең ірі ауданның бірі де бірегейі – Жылыой. Халқының саны өзгелерінен едәуір көп ауданның экономикасы мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуімен кең қанат жайып келеді. Ал жалақы мөлшері мұнайшылар табысының есебінен басқа аудандарға қарағанда әлдеқайда жоғары саналады. Аудан орталығы – Құлсарыға аудандық маңыздағы қала мәртебесі берілгеніне биыл он екі жыл толмақ. Шағын қала болғанмен, Құлсарының өз бюджеті қалыптаспаған. Аудандық бюджет арқылы қаржыландырылатын қалалық әкімдік аппаратында 10 мемлекеттік қызметкер бар.
Сенбі, 19 қаңтар 2013 8:02
Атыраудағы ең ірі ауданның бірі де бірегейі – Жылыой. Халқының саны өзгелерінен едәуір көп ауданның экономикасы мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуімен кең қанат жайып келеді. Ал жалақы мөлшері мұнайшылар табысының есебінен басқа аудандарға қарағанда әлдеқайда жоғары саналады. Аудан орталығы – Құлсарыға аудандық маңыздағы қала мәртебесі берілгеніне биыл он екі жыл толмақ. Шағын қала болғанмен, Құлсарының өз бюджеті қалыптаспаған. Аудандық бюджет арқылы қаржыландырылатын қалалық әкімдік аппаратында 10 мемлекеттік қызметкер бар. Қалалық әкімдік деген атауы ғана болмаса, ауылдық округтерден еш айырмашылығы жоқ. Дегенмен, аудан орталығы, оның үстіне аудандық маңыздағы қала мәртебесі бар Құлсарыға қоныстанушылар қатары өсіп келеді. Қала әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері Құлсарының тұрғындары 30 мыңнан 53 мыңға дейін көбейген.
Дәл қазір Құлсары қаласын 54 мың тұрғын мекендейді. Бұл Жылыой ауданы тұрғындарының 73 пайызын құрап отыр. Осылардың арасынан 9301 адам 5278 шағын және орта бизнес субъектісінде жұмыс істейді. Қолдағы мәліметке қарағанда, 2011 жылы Құлсары қаласының 1483 адамы жұмыссыз ретінде тіркеуге алынған. Нақ сол жылы 372 адам 46,2 миллион теңгені құрайтын шағын несиеге ие болған. Ал өткен жылдың бірінші жартысында 9 шағын кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік табылыпты. Жалпы, былтыр Құлсарыда 1241 жұмыс орны ашылған.
Әрине, қай өңірде де халық саны көбейген сайын мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың қажеттігі сезіліп тұрады. Құлсарыда да «Балапан» бағдарламасымен бой көтерген 3 балабақша іске қосылған. Бұған қоса 250 адам қабылдайтын емхана, 624 оқушыға арналған мектеп пен 280 орындық балабақша құрылысы салынып жатыр. Өткен жылы Құлсарыны дамыту үшін 210 миллион 389 мың теңге бөлініпті. «Бұл қаражат қаладағы 6 мектептің жылу қазандарын ауыстыруға, 5 мектептің, сонымен бірге, көп қабатты 87 тұрғын үйдің жылу жүйесін жөндеуге жұмсалды», дейді Шәкір Кейкин.
Енді, міне, биыл еліміздегі өзге де шағын шаһарлар секілді Құлсары да моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізіліп отыр. Осыған орай 2013-2015 жылдары Құлсары қаласының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне 8 миллиард 762 миллион 742 мың теңге бөлінетіндігі жоспарланыпты. Осынау мол қаражаттың 7 миллиард 408 миллион 824 мың теңгесі республикалық бюджеттен босатылатын болса, ал 839 миллион 418 мың теңге облыстық бюджеттен қарастырылмақ. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бөлінетін мол қаржы нендей жұмыстарға жұмсалады? Үш жылдық бағдарламада Құлсарының келбетін өзгерту үшін нендей мәселелер ескерілгені жөн?
– Моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша Құлсары қаласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді, – дейді қала әкімі Шәкір Кейкин. – Осы жоспарға сәйкес биыл 2 миллиард 306 миллион 592 мың теңге бөлінеді. Кешенді жоспарда 12 спорттық, 20 балалар алаңын салу, 45 аялдама сатып алып, орнату, сонымен бірге, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Қаладағы бес шағын ауданның электр желісін жаңғыртуға, трансформаторлар орнатуға 407 миллион 410 мың теңге қарастырылды. Сонымен бірге, 2014-2015 жылдары республикалық бюджеттен бөлінетін 65 миллион теңге қаланың өз бетімен ағатын лас су құбырын күрделі жөндеуге жұмсалады. Осы жұмысқа жергілікті бюджеттен қосымша 6,5 миллион теңге бөлінеді.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың қатарында 2015 жылы 2 балабақшаның ғимаратын салу жоспарланған. Өйткені, қазір Құлсары қаласында 10 балабақша бар. Бұл, балабақша кезегіне тіркелген балалардың 54 пайызын ғана қамтып отыр. Сонымен қатар, Құлсарыдағы 184 шақырым жолдың 27 шақырымын жөндеуге республикалық бюджеттен 2 400 миллион теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұлардан өзге қатты қоқыс полигонын, ішкі істер бөліміне жедел басқару орталығын, өрт сөндіру депосын, судан құтқару стансасын салуға, білім беру және денсаулық сақтау салаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат қарастырылмақ екен. Алайда, Құлсары қаласын кешенді дамыту жоспарына енгізілмеген, әлі де ескерілуі тиіс мәселелер бар.
Осыған орай Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин өз ұсыныстарымен бөлісті. Оның пікірінше, қазір Құлсары қаласында өткен ғасырдың 50-жылдарында бой көтерген екі және үш қабатты 78 үй бар. Қазір бұл тұрғын үйлердің әбден тозығы жетіп, енді оларды күрделі жөндеу жүргізу арқылы жаңарту мүмкін еместігі анықталып отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, Құлсары қаласының экологиялық ахуалы нашарлап барады. Климаттың құрғақтығы мен жаздың аптап ыстығына ұдайы болып тұратын шаңды қосыңыз. Аудан жұртшылығы арасында экологияның нашарлауын «Теңіз» кенішінің қарқынды игерілуімен байланыстыратындар да бар. Сол себептен Құлсары қаласының экологиясын жақсарту үшін «Қамыскөл» аталатын көлді сумен толтыру қажет, деп есептейді қала әкімі Ш.Кейкин. Ал «Қамыскөлге» толтырылатын су Жем өзенінен «Құрсай» өзегі арқылы құйылады. Әрине, мұны іске асыру үшін көл мен өзектің ішін қамыстан тазартып, «Құрсайдың» табанын тереңдетіп, жағалауын бекіту қажет. Жем өзені бойынан су сақтау қоймасы мен Құлсарыдан демалыс паркін салу да кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
– Моноқалаларды дамыту бағдарламасымен Құлсарыдағы тозығы жеткен үйлерді бұзып, тұрғын үй құрылысын жүргізу кешенді дамыту жоспарына енгізілгенін қалаймыз, – дейді қала әкімі. – Өйткені, кешенді дамыту жоспарында тұрғын үй құрылысы қарастырылмаған. Егер осы ұсынысымыз жоспарға енгізілсе, салынатын тұрғын үйлер үш қабатты болуын ойластырып отырмыз. Ал экологиялық ахуалды жақсарту мақсатындағы жұмыстар осы кезге дейін аудандағы кәсіпорындардың демеушігімен ғана атқарылып келеді. Демеушілік жасап отырған кәсіпорындар ұдайы қолұшын соза береді деу қиын. Сол себептен, осы мәселеге де кешенді дамыту жоспарымен қаржы бөлу шешімін тапқаны жөн. Бұған қоса қалаға мұражай, АХАЖ, мұрағат ғимараттарын салу жоспарланса, нұр үстіне нұр болар еді.
Құлсарының келбетін кешенді өзгерту үшін шешімін табуы тиіс және бір мәселе бар. Мұны Құлсарыға қала сипатын беріп тұрған бес қабатты 87 үйдің сұрықсыз келбетіне байланыстыра айтып отырмыз. Әрине, 87 үйдің келбетін жаңарту терможаңғыртусыз мүмкін емес. Алайда, қала әкімі Ш.Кейкиннің айтуына қарағанда, бес қабатты үйлерде тұратын тұрғындар әзірге терможаңғыртуға келісімін бере қойған жоқ. Демек, Құлсарыдағы осынша биік үй баяғыша жанынан өткен адамның еңсесін езіп, көңілін құлазытатын сұрықсыз кейпінде тұра беретіні анық.
Қалай дегенде де, моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілген Құлсарыда жол, электр, су жүйелері секілді өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдардың жаңғыртылатыны құптарлық жайт. Дегенмен, Құлсарыда тұрмасақ та көп қабатты үйлерінің үлкен шаһарлардағыдай жарқырап тұрғанын көргіміз келеді. Өйткені, мұндағы көп қабатты үйлердің келбеті жаңғыртылса, бұл тұрғындардың көңіл-күйіне оң әсер етер еді. Құлсарыға кешенді келбет керек деуіміз де сол себептен.
Үкімет моноқалаларды дамыту бағдарламасының шарапаты Құлсарыға кешенді түрде тисін десе, жоғарыдағы ұсыныстарды ескереді деп сенеміз.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.