Қоғам • 22 Тамыз, 2019

Ең көп зардап шеккен – қазақ

734 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясы 2009 жылы бекіткен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» 29 тамызда атап өтіледі. Бұл күнді белгілеу Қазақстан тарапының ұсынысымен қабылданғанын еске сала кетейік. Биыл соған 10 жыл толып отыр.

Ең көп зардап шеккен – қазақ

Ядролық қаруды сынаудан әлемде ең көп зардап шеккен халық біз. Халқымыздың Абай мен Шәкәрімдей ғұламалары туған Семей өңірінде 1949 жылдан 1989 жылға дейін 40 жыл бойы 468 ядролық сынақ өткізіліп, 616 ядролық және термоядролық мина жарылды. Осыншалық аждаһадан ауаға тараған радиация­ны қазақтар жұтты. Соның кесірінен 1,5 миллионнан артық адам зардап шегіп, жазылмайтын сырқаттарға ұшырап, өмірден ерте кетті немесе әлі күнге дерттерінен арыла алмай, ауру-сырқаулы болып жүр. Мыңдаған сәби мүгедек болып туды немесе тумай жатып, шетінеп кетті. Ал оның ішінде ұлтымыздың атағын аспанға шығаруға тиісті қаншама дарынды жас өмірге келер еді. Полигонның зардабынан мүгедек болып туған Кәріпбек Күйіков қолы болмаса да, аузымен салған тамаша суреттерінің өзімен-ақ дүниені таңғалдырып, қазақ атын аспанға шығарды емес пе? Ал егер қолы аман болғанда, Кәріпбектің атағы жер жарған болар еді. Осындай Кәріпбектердің ондаған мыңы шейіт болды ғой...

Еліміз өз билігін өз қолына алып, тәуелсіздік жариялаған жылдан бастап ядролық сынақтардан зардап шеккен осы өңірдің халқын қолдау, олардың емделуіне жәрдемдесу, өтемақы төлеу, еңбекақыларын көтеру сияқты шаралар қолға алынған еді. Бұл туралы арнайы заң да қабылданған. Алайда Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған сол заңының алғашқы талаптары көп өзгерістерге ұшырап, экономикалық дағдарыс жылдарында көптеген жеңілдік берілмей қалды. Қазір ол заңның әлеуметтік қолдау қауқары мардымсыз болып қалды. Радиациялық қауіпті аймақтар төрт категорияға бөлінеді. Соның ішінде ең қауіптісі «төтенше радиациялық қауіпті аймақ» болса, сонда тұрып 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққандарға 2,09 АЕК көлемінде үстемеақы төленеді. Бұл бүгінгі өлшеммен 5 мың теңгеден сәл ғана артық деген сөз. Қалған қосымшалар бұдан да төмен, айтуға ауыз толмайды. 1965 жылға дейін осы аймақта тұрған жұмыс жасындағы адамдарға жыл сайын 5,23 АЕК көлемінде бір реттік өтемақы төленеді. Бұл 13 мың теңгеден сәл ғана асады. Қалған категорияларға берілетін төлемдер одан да төмен. Тек қосымша, ақылы демалыс күндерінің берілетіндігі ғана біршама ықпалды. Соның ішінде төтенше радиациялық қауіпті аймақта тұрғандарға – 14, ең жоғарғы радиациялық қауіпті аймақта тұрғандарға – 12, жоғарғы радиациялық қауіпті аймақта тұрғандарға – 10 календарлық күннен ақылы демалыс беріледі.

Бүгінгі күннің талабымен, емделіп, сауықтандырудың қымбаттауын ескеріп, бұл ақыларды қайта қарайтын мезгілдің жеткені айқын. Өткенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездескенде осы мәселеге назар аударып, «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізу керектігін айтты. Бұл өңірдің халқы қазір осыдан бір нәтиже болар деп елеңдеп отыр. Сонымен бірге Президент Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты да пікірін білдірді. Оны тұрғызу жөніндегі мәселе 2012 жылдан бері айтылып келе жатса да әлі күнге іске толық қосылмай отыр. Сөз көп болғанымен, нақты істер әлі күнге мардымсыз.

2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанада болған аса ірі Халықаралық парламенттік конференцияда «АТОМ» жобасын іске асыруды ұсынды. Бұл ағылшын тіліндегі «Біздің миссиямыз сынақты тоқтату» (Abolish testing our mission) деген сөз. Оның мақсаты – Ядролық қаруды сынауды бүкіл әлемде жаппай тоқтатып, соңынан аждаһаның өзін де жоюды қолдау. 2018 жылдың аяғындағы мәліметке қарағанда, қазір оны 100-ден артық мемлекеттен 300 мыңнан артық адам қолдап, қол қойды. Тамыздың 29-ы күні күндізгі сағат 11.05-те әлемнің көптеген елінде ядролық сынақтар құрбандарын еске алып, адамдар бір минут үнсіздік жариялайды. Бұл уақыттың не себепті алынғаны туралы айтатын болсақ, нақ осы уақытта сағаттың тілі ағылшынша «V» әрпін көрсетеді. Ал ол «жеңіс» (victory) деген сөздің бас әрпі... Демек, біздің бастамамыз орындалады, біз жеңеміз, жарылыстар енді болмайды деген сөздердің символы. Аждаһаға қарсы бүкіл әлем болып осылай қарсы тұрмаса ол адамзатты қауіп-қатердің астында ұстауын жалғастыра бермек. Бір өкініштісі, ядролық қаруға қол жеткізіп, «күшеюді» ойлайтын, алысты болжай алмайтын саясаткерлер әлі де көп.