Қазақтан шыққан Стив Джобс
Бейсенбі, 24 қаңтар 2013 7:19
Санкт-Петербургте тұратын бауырымыз Серікбай Бисекеев Ресейдің «Жыл кәсіпкері» атанды
«Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс.
Бейсенбі, 24 қаңтар 2013 7:19
Санкт-Петербургте тұратын бауырымыз Серікбай Бисекеев Ресейдің «Жыл кәсіпкері» атанды
«Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады. Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз. Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз», деген еді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты елімізді дамытудың түбегейлі мақсаттарын көздейтін айрықша Жолдауында.
Елбасының осы сөзінің заманауи шындығын дәлелдей бастаған қазақ азаматтары қазірдің өзінде жоқ емес екен. Сол жағдай біздің осы мақаламызға жоғарыдағыдай тақырып қоюға түрткі болды.
Тақырыпты осылай қойғаннан соң ең алдымен қазақтың қалың оқырманы үшін Стив Джобс кім деген сұраққа жауап бере кетейік.
Стив Джобс адамзат қауымының даму бағытына үлкен әсер еткен қазіргі замандық технологиялық жетістіктерді өмірге енгізген ұлы кәсіпкер. Былайша айтқанда, дербес компьютерлер жасау саласында революция жасаған адам. Ол қазіргі күні өнімдерін күллі адамзат қауымы үлкен сұраныспен пайдаланып отырған Apple корпорациясын құрды. Сөйтіп, планшеттік компьютерлер жасау саласында Американы ең алдыңғы қатарға шығарды. Қазіргі күні Стив Джобстың есімі Америка автомобиль өнеркәсібінің атасы Генри Форд пен компьютерлік бағдарламалар жасаудың дүниежүзілік пионері Билл Гейтстің қатарында аталады. Өкінішке қарай, Стив Джобс өткен жылы қайтыс болды. Оның қазасын әлемде көптеген адамдар аза тұтты.
Ал енді осы әлемдік деңгейдегі кәсіпкер Стив Джобсқа ұқсататындай біздің қазақта азамат бар ма екен? Иә, ондай азамат бар екен. Ондай азамат біздің халқымыздың арасынан да топ жарып шығып келе жатқандығына куә болып отырмыз. Мұны бізге әлемдегі аса ірі «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясының ұйымдастыруымен Ресейде өткен ең үздік кәсіпкерлерді айқындау жөніндегі конкурстың қорытындысы әйгілеп берді. Осы конкурстың «В2В» номинациясы бойынша бас жүлдені Санкт-Петербург қаласындағы кәсіпкер Серікбай Бисекеев жеңіп алды. Ол жүлде бизнес саласындағы Оскар деп аталады.
Сонымен, Серікбай Бисекеев ие болған бұл сыйлықтың мәні мен маңызы зор. Бірақ ол қазақтан шыққан Стив Джобс дейтіндей бұл өмірде не тындырды?
Серікбай Бисекеев өнеркәсіп саласындағы мобильдік байланыс құралын шығаратын және оны әлемдік деңгейде саудалайтын дүние жүзіндегі бүгінгі таңдағы ең үздік холдингтік корпорацияны құрды және оны тақыр жерден дүниеге әкелді. Міне, осы үлкен жетістікті қазақтың қарапайым жігіті жасады.
Сонымен, адамзат өміріндегі жаңа сала – ақпараттық технологиялар саласында әлемдік деңгейдегі бәсекеде топ жаратын жаңа бизнестік құрылымды посткеңестік елдерде де құруға болады екен. Серікбайдың «Арман» атты корпорациясының қызметі осының жарқын дәлелі. Бұл жағдайды қазіргі күні Ресей бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Серікбайдың ісін бүкіл Ресей кәсіпкерлерінің алдында үлгі етіп көрсету үстінде.
Серікбай Бисекеев бұл корпорацияны қалай құрды? Және аз жылдың ішінде осы құрылымды қалайша әлемдік көшбасшылардың біріне айналдыра білді? Бұл ұзақ әңгіме.
Серікбай Бисекеев Қостанай облысының Қамысты ауылынан. Осы ауылда мектеп бітірген. Сабақты өте жақсы оқыды және спортпен беріле шұғылданды.
Осы мақаланы жазу барысында біздің Қостанай облысындағы меншікті тілшіміз Нәзира Жәрімбетова Серікбайдың анасымен және ұстаздарымен тілдесіп, бізге мына хабарларды жеткізіп үлгірді.
Қазақтың «үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» дегеніндей, Бисекеевтер әулеті де осал емес екен. Серікбайдың әкесі Жолдыбайдың туыстары арасында оқыған, елге қызмет істеген, елеулі азаматтар жетерлік. Дегенмен, анасы Жамалдың ұлы атасы Дербісалды Беркімбаевтың есімі бүкіл қазаққа мәшһүр. ХІХ ғасырдың ортасында патшаның аса маңызды тапсырмалар жөніндегі шенеунігі болған ол, Мәскеуге Торғай қазақтарының делегациясын бес рет басқарып барады. Кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқанда көмек қолын созған адамның бірі де Дербісалды Беркімбаев болатын. Осындай текті атадан тараған Қонысбай Жаманбалин Ұлы Отан соғысы кезінде Иранда болды, шекараны күзетті. Оның елге өлеңмен жазған сағынышқа толы хаттарын жары Ұлтай бір жолын қалдырмай жаттап алып, кейін де айтып отыратын. Қонысбай соғыс аяқталған соң елге аман-есен оралып, шаруашылық ұйымдастырды, есепші болып істеді. Ұлтай әжеміз екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Серікбай – сол бес баланың бірі Жамалдың тұңғышы. Жолдыбай мен Жамал Қамыстыдан 1978 жылы Қостанай қаласына көшіп келді. Бірі инженер, бірі бухгалтер болып қызмет етті. Бір ұл, екі қыз тәрбиеледі.
Серікбай Қостанай қаласындағы №3 орыс орта мектебіне 4-сыныпты аяқтағанда келген болатын. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Людмила Петровна Сторожева сынып жетекшілігіне тағайындалды. Ол сынып сағатында балалармен түрлі шаралар өткізетін. Сонда Людмила Петровнаның көбіне арқа сүйенері Серікбай болатын.
– Мен 4-8 сынып аралығында сынып жетекшісі болдым. Әдетте 7-8 сыныптар баланың жасөспірім жасқа келген, ауыр кезеңі болып саналады. Бірақ мен осы сыныптан бір ескерту, бір жаман қылық көрмедім. Серікбайды және оның достарын әлі күнге дейін тек жақсы жағынан ғана еске алып отырамын. Әсіресе, Серікбайдың адамгершілігі биік азамат болып өскені мен үшін үлкен мақтаныш! Олар мектепті 1988 жылы бітіріп кетті. Содан бері Серікбайдың мені мерекелермен, туған күніммен құттықтамаған кезі болған емес, – дейді Людмила Петровна.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген ғой. Людмила Петровна қария аңқылдаған, әңгімешіл, қарапайым кісі екен. Ол бала тәрбиені алдымен отбасынан алатынын айта келіп, арада жиырма бес жылдай өтсе де Серікбайдың ата-анасының да түр-тұлғасын ұмытпағанын айтты.
– Серікбай өте еңбекқор болатын. Сынып сағаттары болғанда тапсырманы көбіне соған беретін едім. Өйткені, жанымды тындырып, өзімнің айтқанымнан артық етіп жазып, сызып келетін. Кәдімгідей көмекшім еді. Сонда ойын баласы сабаққа, спортқа, менің тапсырмаларыма қалай үлгереді деп іштей сүйсініп қоюшы едім. Оның ата-анасы мектепке ылғи келіп тұратын, баласының сабағын, спортын қадағалайтын. Ал баласы бітіргенше мектептің бетін көрмейтін ата-аналар да болады, – деп әңгімесін жалғайды ұстазы.
Спорт демекші, Серікбай Бисекеев
№3 мектептегі спортқа мамандандырылған сыныпта оқыды. Баскетболдан жаттықтырушысы Сергей Худанко болатын. Әрбір ата-ана баланың жолында жақсы адамдарды жолықтыр деп тілесін деңіз. Сергей Николаевичтің тәрбиелеген балаларының жерде қалғаны жоқ шығар. Ол сыныптағы баламен бала болып өмір сүретін. Ол балаға ұрыспайтын, дүрсе қойып, бұйырмайтын. Жаттықтырушылық, тәрбиелік жұмысының барлығын адамгершілік қатынасқа құратын.
– Мен 1988 жылы бітірген баскетбол сыныбының балаларымен осы күнге дейін қарым-қатынасымды үзіп көрген емеспін. Әсіресе, Серікбаймен туған бауырдаймын. Екінші қызы туғанда оның шақыруымен сонау Санкт-Петербургке арнайы барып, немере қызымның шілдеханасына қатысып қайттым. Жолымды, қонақ үйімді, бәрін өзі көтерді. Алдағы жазда мен алпысқа толамын, Серікбай мен оның достарының барлығы да тойыма келеді, – дейді дос-ұстаз масаттанғанын жасыра алмай.
Ұстаздарының айтуынша, Серікбай өжет бала болатын. Айтқанынан өмірі қайтпайтын. Ал істеймін деген ісін тындырмай тыным таппайтын. Жаттықтырушысы да шәкірттерін үнемі қадағалап отыратын, қатаң тәртіпте ұстады.
– Ол кезде де Ресейдің жоғары оқу орындарына түсу жеңіл болмайтын. Бір сыныптан Серікбай, Ахмеров Александр және Петряков Игорь үшеуі бірдей Ленинградтың политехникалық институтына түсті. Серікбайдың сыныптас достарының да көпшілігі бизнесте. Олардың арасында қазір ірі зауыт, фабрикаларды басқаратындар бар. Қостанайға келгенде олардан «мықтыларың қайсысың?» деп әзілдеп сұрап қоямын. Барлығы да «Мықтымыз да, мақтанышымыз да Серікбай ғой» деп жауап береді. Ол – менің де мақтанышым! – деген Сергей Николаевич.
Міне, Серікбайдың өскен ортасы туралы мәліметтерді бізге әріптесіміз Нәзира осылайша жеделдетіп жазып берді.
Енді әңгімемізді одан әрі жалғайтын болсақ, Серікбайдың өзі сол кезде спортпен бірге шұғылданған сыныптастарымның барлығы да сабаққа алғыр болғандығын айтып, осы үшін өз ұстаздарына деген алғыс сезімін жеткізді. Артынан бірге оқыған сол жігіттердің барлығы Мәскеу мен Санкт-Петербургтің, Екатеринбургтің жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бүгінгі күні олардың барлығы өмірдегі табысты адамдарға айналды. Белгілі компанияларда жұмыс істейді. Ал қайсыбірі өзінің жеке бизнесін құрды.
Серікбай да мектеп бітіргеннен кейін осылардың қатарында Санкт-Петербургтің политехникалық институтына қабылданады. Оның студенттік шағы Кеңес одағы тараған аса ауыр кезеңге тап келеді. Яғни, өзін өзі асырауға, оқи жүріп кәсіппен де айналысуына тура келеді. Студенттік құрылыс отрядтарына барып жұмыс істеді. Өзінің құрбы-құрдастарымен бірге көршілес Балтық жағалауы елдеріне барып, сөмкемен тауарлар сатып әкеліп, соларды өткізу ісімен шұғылданады. Серікбай ТМД елдерінде енді ғана қолға алынған кәсіпкерлік ісінің әліппесін осылайша игере бастайды.
– Мұнан кейін біз биржаларда жұмыс істедік. Өйткені, сол кезде валюта операцияларына қатысу жеке адамдар үшін табысты саланың біріне айналған болатын. Мұнан кейін мобильді байланыс құралдары шыға бастады. Кезінде әлем бойынша осы істің көш басында Финляндияның тұрғандығы белгілі. Ал Финляндия Питерден соншама қашық емес. Былайша айтқанда, бір сағаттың ішінде жетіп баруға да болады. Сөйтіп, ол жерден ұялы телефондар сатып алып, оны Питерге әкеліп саудалау ісіне кірістік. Бизнестің келесі бір сатысына міне, осылайша шықтық, – дейді Серікбай.
Ол журналистерге берген сұхбатында посткеңестік елдеріндегі бірінші GSM операторы көптеген адамдардың ойлағанындай Мәскеуде емес, Санкт-Петербург қаласында пайда болғандығын айтыпты. (Қазір бұл оператор «Мегафон» деп аталады).
– Қалада мен міне, осы бизнестің көш басына шықтым. Сөйтіп, алғашқы ұялы телефондарды ТМД бойынша басқа операторларға жеткізіп беру ісімен шұғылдандым. Солардың арасында қазіргі күні аты жер жарып тұрған К Сеll-де бар. Бұл іспен заман талабына сай шұғылдану үшін білім қажет болды. Сөйтіп, Стокгольм қаласындағы бизнес мектебіне оқуға түсіп, оны бітіріп шықтым. Менің диплом жұмысымның өзі «Қоғамдық орындарда ұялы телефон желісін құру» деп аталды. 1998 жылы мұндай байланыс құралдары негізінен тұрмысы жақсы адамдардың, көбінесе бизнесмендердің қолында ғана болды. Ал мұндай адамдардың көпшілігі дерлік жеке автокөліктермен жүретін. Сонымен қатар, олардың арасында метро көлігін пайдаланушылар да аз емес еді. Мен өз бизнесімді құрғанда осындай адамдар тобын есепке алдым, – дейді Серікбай.
Сонымен, Санкт-Петербург қаласындағы қазақтың кәсіпкер жігіті көпшілік шоғырланатын жерлерден бар-жоғы 5-6 шаршы метр тұратын орын-жайларды жалға алып, оларға ұялы телефондар жеткізіп, саудалау ісін қолға алады. Әрине, ол кезде ұялы телефондарды партиясымен топтап сатып әкелетіндей қаражат қайда? Дегенмен, бизнес дегеніміз тек ақшалылардың ғана емес, ең алдымен істің көзін таба алатындардың ғана қолынан келетін шаруа ғой. Серікбай ұялы телефон шығарушылардың өздерімен тікелей байланысқа түсіп, тауарларды олардан қарызға алып отырады. Және өзінің қарыздарын да тауарларды саудалап болысымен, жүйелі түрде жеделдетіп қайтару ісін жолға қояды. Ұялы телефон саудасындағы дилерлік қызметті осылайша жандандырады.
Мұнан кейін бұл рынокқа «Евросеть» секілді аса ірі компаниялар келе бастайды. Қазақтың жас кәсіпкер жігітіне еуропалық мұндай магнаттармен бәсекелестікке түсетіндей қауқар қайда? Ниет, ынта, жігер қаншама күшті болғанымен миллиардтаған доллармен ойнайтын ірі компаниялар Серікбай Бисекеевтің жолын кесе бастады. Сөйтіп, ол өзінің қаладағы құрған сауда желілерін сатты да, енді ақпараттық технологиялар саудасының әлі көп ешкім аяқ баса қоймаған жаңа бағыттарын қарастыру ісіне кірісті.
– Маған сол кезде өз бизнесімді одан әрі дамыту үшін алпауыт компаниялардың аяғы әлі бара қоймаған, яғни іс тетігі үлкен ақша емес, адамның өз ерік-жігері, ақылы мен қайратына, ілкімділігіне қатысты шешілетін салаға бару қажет болды. Яғни неғұрлым жаңа салаға барып, оны көтеруді жөн көрдім. ТМД кеңістігінде ірі кәсіпкерліктің аяғы баса қоймаған мұндай салалардың бірі – өнеркәсіптік байланыс болатын. Сол тұста ТМД-дағы ірі кәсіпорындар өз технологияларын жаңарту үшін көбінесе өндірістік құрал-жабдықтар, станоктар мен техникалар сатып алу ісімен айналысып жатты. Ал мұның ақыры түптің-түбінде зауыттарда жаңа инфрақұрылымдар құруға әкелетіндігін алғашқылардың бірі болып түсіндім. Бірақ неге екенін білмеймін, дәл осы мәселеге сол кезде көп ешкім мән бере қоймады. Мен міне, жоғарыдағыдай өнеркәсіптік кәсіпорындарға осы істі жандандыратын құрал-жабдықтарды, атап айтқанда, ақпараттық байланыс құрал-жабдықтарын жеткізу ісін ойластыра бастадым, – дейді Серікбай.
Сөйтіп, Серікбай Бисекеев ТМД елдеріндегі заман талабына сай жаңғыртылу үстіндегі кәсіпорындарды өндірістік мақсаттағы байланыс құралдарымен қамтуға бағытталған жаңа істі бастады. Осы істі ұйымдастыруға оған Стокгольмдегі бизнес мектебінде бірге оқыған азаматтар көмекке келді. Бисекеевтің құрған компаниясы бастапқыда неміс құрал-жабдықтарының дистрибьютері ретінде қызмет етті. Бірте-бірте ол құралдарды жасап шығудың көп қиындығы жоқ екендігін де түсіне бастады. Өйткені, Серікбайдың компаниясына тапсырыс беретін кәсіпорындардың, басқа да ірі көлемдегі тұтынушылардың барлығының бірдей неміс жерінен шығатын байланыс құрал-жабдықтарына қоятын талаптары бірдей болмай шықты. Олардың қызметтерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан «бұл құралдың мына жері мынадай болса» деген талаптар айтылады. Сондықтан ол құралдарға аз да болса өзгерістер енгізуге, тіпті кейбір жағдайда оларды жаңа бағдарламалармен қамтамасыз етуге тура келетін. Сөйтіп, бірте-бірте Серікбай құрған «Арман» компаниясының жаңа ізденістерінің нәтижесінде жаңа өнімдер де пайда бола бастады.
– Біз ақпараттандыру саласындағы жаңа технологиялар, жаңа үдерістер, жаңа чиптер әрбір жарты жыл сайын өзгеріске түсуге тиіс екендігіне көз жеткізе бастадық. Ал бұл сәтте біздің негізгі бәсекелестеріміздің бәрі бұл жаңалықтардың барлығын өз қызметтеріне тым баяу енгізіп жатты. Бір есептен алғанда мұны түсінуге де болады. Өйткені, біздің рыногымыздың өзі сол тұста консервативті болатын. Ал батыстағы оның негізі ойыншылары уақыттан біршама ілгері кетіп отырды. Олар әр жыл сайын жаңа өнімдер шығара бастады. Біз міне, осы үдерістердің алдына түсуді ойластырдық. Өнімдеріміздің қызметтеріне жаңалықтарды жиі қосып отырдық. Яғни өнімдерді жетілдіретін жаңа мүмкіндіктерді ұдайы қарастыру үстінде болдық. Сөйтіп, көп өтпей, осы рыноктың көшбасшыларының біріне айналдық, – деген жерлесіміздің алғырлығына шынымен сүйсіндік.
Заман талабына сәйкес Серікбай Бисекеев басқаратын «Арман» компаниясы холдингтік корпорация ретінде құрылды. Оның штаб-пәтері Санкт-Петербург қаласында орналасса, өкілдіктері Қазақстанда, Германияда, Үндістан мен Сингапурда ашылды. Олар мұнай-газ секторының, металлургияның, энергетиканың ірі кәсіпорындарына қызмет ете бастады. Сондай-ақ, бірқатар елдердің метро, әуежай, теңіз порттары бұл күндері «Арман» корпорациясының өнімдерін тұтынады. Корпорацияның алдында ендігі кезекте Бразилия мен Араб елдері, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан өз өкілдіктерін ашу міндеті тұр. Серікбай осы өңірлерде өз корпорациясын көшбасшыға, яғни №1 компанияға айналдыру мақсатын алға қойып отыр.
Міне, сөйтіп күллі әлемнің жартысын жаулай бастаған холдингте қанша адам жұмыс істейді екен деген ой басыңызға келер. Бар болғаны 180 адам ғана. Сонда олар өз өнімдерін қалай шығарады деп ойларсыз. Серікбайдың бұған беретін жауабы да дайын. Өндіріс түрлері әбден дамыған қазіргі заманда жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ деп есептейді ол. Бұл өмірде бар және әбден қалыптасқан дүниелердің мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білу қажет. Әйтпесе, жаңадан пайда болған бір өнеркәсіптік ұтқыр байланыс құралын одан әрі жетілдіру үшін жаңа өндіріс ашып жатудың қазіргідей мың құбылған заманда әбден артық шаруа екенін түсінуге болады. Тіпті мұндай жағдайда ақшаны былай қойғанда, алтынға бағаланатын уақыттың өзі зая кетеді. Сондықтан Серікбайдың корпорациясы өз өнімдерінің кейбіріне өзгеріс енгізу қажет болса, оны жасап шығаруға осы істі жүзеге асыруға әбден шеберленген батыстық өндірісшілердің бірін жалдайды. Яғни оларға тапсырысшы есебінде әрекет етеді. Жоба авторы ретіндегі идеяларын ешкімге бермей өздері жүзеге асырып шығады. Осылайша көп артық қаржы да, артық уақытты да шығындамастан жаңа өнімге қол жеткізеді. Оның үстіне енді біраз уақыт өткеннен кейін осы өнімнің өзіне қайтадан өзгерістер енгізуге тура келеді. Сол кезде жаңағы тәсіл қайтадан қолданылады.
Оның үстіне Серікбай құрған холдингтік корпорацияның атқаратын негізгі қызмет – софт. Софт дегеніміз – ең қысқаша тілмен айтатын болсақ, ақпараттық технология құралын әртүрлі салалар немесе жекелеген қызмет түрлері бойынша бағдарламалық қамту. Яғни, «Арман» корпорациясы тұтынушыға қажетті жаңа өнімді жасау ісіне қатысады және оны қажетті мақсатқа сәйкес тиісті бағдарламамен қамтиды. Серікбай корпорациясының осындай өнімдерін бүгінгі күні біздің елімізде «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомпром» АҚ-тар және Астана әуежайы, бірқатар электр стансалары пайдаланатындығын айта кетсек артық болмас.
Серікбай өз корпорациясының ұдайы түрде өсіп, дамып отыруын көздейді. Ол үшін ең алдымен корпорацияда қызмет ететін адамдар өз білімдерін тыңғылықты түрде жетілдіріп отыруы, жаңа идеялар бойынша жұмыс істей алуы, корпорация қызметіне ой-азық бола білулері қажет. Міне, сондықтан да корпорация қызметкерлерінің білімдерін жетілдіріп отыру, оларды әлемдегі жаңалықтармен үздіксіз таныстырып отыру үшін оқыту тренингтері жүйелі жолға қойылған. Қысқасын айтқанда, корпорацияның басты қазынасы білім болып табылады. Біздің Елбасымыздың Қазақстан халқының бәсекелестік қабілетін арттыру бағытында алға қойып отырған көкейкесті мақсаттарының бірі де нақ осы мәселе емес пе. Міне, осыған Санкт-Петербург жеріндегі қазақ жігіті жақсы қол жеткізіп отыр. Соның арқасында ол қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша бәсекелестік қуаты мол ең үздіктер қатарындағы аса ілкімді де икемді компанияны құра білді. Серікбайдың бұл ізденісі текке кеткен жоқ. Әңгімеміздің басында айтып кеткеніміздей, 2012 жылдың қорытындысы бойынша оған «Ресейдің үздік кәсіпкері, яғни «Жыл кәсіпкері» деген атақ берілді. Ал бұл атақ оған елдер бойынша осындай конкурс өткізудің шебері атанған әлемге танымал «Эрнест энд Янг» компаниясы мамандарының бағалауы бойынша берілгендігін есепке алатын болсақ, Серікбай Бисекеевтің кәсіпкерлік саласындағы тың табыстары халықаралық деңгейде мойындалып отырғандығына көз жеткіземіз.
Әңгіме түсінікті болу үшін «Эрнест энд Янг» компаниясы мұндай конкурстарды өткізуді 1986 жылдан бастап қолға алғандығын айта кетейік. Әуелгі кезекте компанияның ұйытқы болуымен бұл конкурс АҚШ елінде жүргізілген болатын. Мұнан кейін осындай жарысқа Канада, Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Швеция, Дания, Франция, Германия, Италия, Испания, Бразилия, Жапония, Үндістан, Австралия, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Украина, Қазақстан елдері қосылды. Қазіргі күні «Эрнест энд Янг» компаниясы ұйымдастыратын конкурстардың географиялық аумағы 50-ден астам елді қамтып отыр. Соның ішінде Ресей осы үдеріске 2003 жылдан бастап қосылған болатын. «Эрнест энд Янг» компаниясының негізгі штаб-пәтері мен оның әлемнің көптеген елдерінде орналасқан өкілдіктерінде қазіргі күні 4000-нан астам маман қызмет етеді. Яғни бұл компанияның кәсіпкерлік қызметке қатысты берген бағалаулары бүкіл әлем бойынша ең білікті деп есептеледі. Оның бизнес саласында өткізген конкурстарының маңызы өнер саласындағы «Оскар» сыйлығымен теңелетіндігі де осы себептен.
Осындай биік марапатқа ие болып отырған Серікбай бауырымыз біз онымен телефон арқылы тілдескенімізде Қазақстанда жүріп жатқан қазіргі үдерістерді үнемі назарында ұстап, соған үлкен қуанышын да білдірді.
– Қазақстанда қазіргі күні Ресейге қарағанда, көптеген өміршең мәселелердің қолға алынып, жүргізіліп келе жатқандығына ерекше қуанамын. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елде жұмыс істейтін компаниялардың алдына Қазақстанда шығарылатын өнімдер мен қызметтерді тұтыну көрсеткіштерін мүмкіндігінше арттыру мәселесін қойды. Бұл дегеніңіз елде жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, отандық орта және шағын бизнесті талабы қатаң тұтынушының көңілінен шығатын деңгейде жетілдіру деген ұғымды білдіреді. Былайша айтқанда, әрі жұмыс болады, әрі компаниялар да заман талабына сай дами түседі. Ресей болса бұл іске әлі кіріскен де жоқ. Жалпы, кәсіпкерлікті қолдау мәселесінде Қазақстан қазір алға шығып отыр. Ал мұның нәтижесі жылдар өткен сайын барынша жарқырап көріне бермек және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, адам ресурсының дамуына қолайлы әсерін тигізбек, – дейді Серікбай Бисекеев.
Ресей секілді алып елде жүріп, миллиондаған кәсіпкерлердің ортасынан жарып шығып көзге түсіп отырған жерлесіміз өзінің осы салада жинаған білімі мен тәжірибесін туған Отаны Қазақстан жастарымен бөлісуге де дайын. Еліміздегі ірі оқу орындарында жастар алдында тегін лекциялар оқуға әзір екендігін білдірді. «Қазіргі жас ұрпақ – алғыр әрі батыл, тек оларға дұрыс білім беріп, заман талабына бағыттау қажет. Атам қазақ айтатын «тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деген сөз бар емес пе. Егер өзіңнің білімің мен білігіңе, ойлаған ісіңнің дұрыстығына сенетін болсаң тәуекелдерден, әсіресе, бизнес саласындағы тәуекелдерден қорқуға болмайды. Жалпы, бәсекелестікке толы қазіргі заманда тәуекелсіз іс бітпейді», дейді кәсіпкер бауырымыз.
Бұл сөздің дұрыстығына оның осы уақытқа дейін атқарып келе жатқан істері жақсы дәлел бола алады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».