25 Қаңтар, 2013

Дариядан қауіп бар ма?

401 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дариядан қауіп бар ма?

Жұма, 25 қаңтар 2013 7:11

Қаңтардың қырық құбылған күнінде Сарыағашта қызыл су арнасынан асып кетті. Әдетте көктемге қарай аспанға атылатын судың қыстың көзі қырауда бұлай әбігерге салатынын кім білген?! Ақмешіт атырабы да оңтүстіктегі көршісіне қарап елеңдеп отыр. Себеп те жоқ емес. Сырбаз Сырдың бойын сағалағаннан кейін секемденбеуге болмайды. Сондықтан бүгінгі сөзді судың арнасына қарай арнағанды жөн санап, мән-жайды білмек болдық.

 

Жұма, 25 қаңтар 2013 7:11

Қаңтардың қырық құбылған күнінде Сарыағашта қызыл су арнасынан асып кетті. Әдетте көктемге қарай аспанға атылатын судың қыстың көзі қырауда бұлай әбігерге салатынын кім білген?! Ақмешіт атырабы да оңтүстіктегі көршісіне қарап елеңдеп отыр. Себеп те жоқ емес. Сырбаз Сырдың бойын сағалағаннан кейін секемденбеуге болмайды. Сондықтан бүгінгі сөзді судың арнасына қарай арнағанды жөн санап, мән-жайды білмек болдық.

Бір кездегі Сейхұнның басым бө­лі­гі Қызылорда облысынан өтеді. Ай­мақтың оңтүстік-шығысынан басталып солтүстік-батысына дейін сылаңдап ағып жатқан дарияның жалпы ұзындығы 1276 шақырым. Ал дарияның бойынан  тұрғызылған қорғаныс бөгеттерінің барлық көлемі 519,4 шақырым. Егер осы деректі ау­дан­дарға бөлер болсақ, онда: Жаңақорғанда – 45, Шиеліде – 71,6, Сырдарияда – 76,7, Жалағашта – 62,0, Қармақшыда – 60,4, Қазалы ауданында – 115,7 және Қызылорда қаласында  88 шақырым болып шығады. Ал дария жағалауына жақын аумақтағы ықтимал су басу аймағы 1,07 мың шаршы шақырым екен. Онда облыстың 51 елді мекені орын тепкен. Осы тұрғын-жайларда 199,175 мың адам өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар, 10 автожол, 11 темір жол учаскелері, 10 автожол және 16 темір жол көпірі, 800 шақырымға созылған электр қуатын беру желілері, 25 шақырымдық байланыс желісі тағы бар. Осының бәрі қауіпті аймаққа жатады. Биыл қар жылдағыдан қалың түсті. Оның үстіне күннің райы да бір суып, бір жылып тұр. Кей кездері маңдайдан шым-шым тер шығатындай жылымық болады. Ал маңдайды терлеткен жылу, мұзды ерітпейтініне кім кепіл? Ой осылай өріс алғанда «апат айтып келмейді» деуге болмайтындай. Өйткені, су тасыса салдарының қандай болмағын жоғарыда біз айтқан сандардан-ақ біле беріңіз.
«Аттың сыры иесіне мәлім» дейді қазақ. Сондықтан облыста жыл сайын дарияның жағдайы жіті назарда болады. Мысалы, 2010-2011 жылдардың қысқы-көктемгі мезгілінде облыс көлеміндегі су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық қон­дыр­ғылардың жағдайына тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Тексерудің қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 88,7 шақырымды  құ­райтын 60 аса қауіпті учаске анықталды. Со­лайша, оның алдын алу шаралары қолға алынды. Осыған орай, дария жағалауын күшейту, жөндеу жә­не қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гізу үшін 613,815 теңге бөлінді. Бұл қаржыға 63,55 шақырымдық 43 учаскеде жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, 2011 жылы Үкіметтің резервінен қосымша 289,146 миллион теңге және берілді. Оған 17 учаскеде қорғаныс бөгеттері, 7 гидротехникалық қондырғылар жөнделді. Мұнан бөлек былтырғы қаңтарда дария мәселесіне орай арнайы алқа мәжілісінің болғаны есте. Онда облыстағы бірнеше мекеменің өкілдерінен құрылған жұмыс тобы сең жүру кезеңінде Сырдариядан мол суды өткізу қабілеттілігін анықтаған, қорғаныс бөгеттерінің жағдайына зерттеу жұмыстары қаралды. Жұмыс тобы 19 аса қауіпті деген учаскелерді анықтапты. Мәселе бар. Оның алдын алу керек. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 103,0 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 82,171 миллион теңгеге дариядағы судың денгейін түсіру мақсатында өзеннен бастау алып жатқан каналдар арқылы бөгеттерді жығып, артық суды көлдер жүйесіне және ой жерлерге жетелеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетерлігі, бұл әдіс облыс бойынша бірінші рет қолданылды. Күдіксіз дүние болмайды ғой. «Бұл қалай?» деген сауалдың болғаны анық. Дей тұрғанмен, су тасқынының алдын алуда осы тәсіл жақсы нәтиже берді. Оған қоса облыстағы көлдер жүйесін толтырып алуға мүмкіндік жасалды. Осының арқасында кейбір елді мекендердің шаруашылығын түзеуге септігін тигізді. Мәселен, Шиелі ауданында ұзындығы шамамен 40 шақырымға жететін көлдер жүйесі суға толды. Сол себепті көктің көп шығып, шаруаларға біршама шыр біткені жасырын емес. Алдағы су тасқыны кезінде де бұл әдісті қолдану керек.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Осындай ауқымды қаржы мен қажырлы жұмыстың арқасында былтыр дария­дан қауіп болмады. Ел-жұрт Сырға қарап алаңдамай, қамсыз тіршілік кеше берді. Бұл бөлінген қаржының бекер болмағанын білдірсе керек.
Енді биылғы жағдайға келейік. Қолымызда Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азамат­тық қор­ғаныс, апаттар мен дү­лей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының деректері тұр. Мәлімет 17 қаңтар күні жасалған. Сол бойынша сөйлейік. Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 500 текше метр су көлемі жіберіліп жатыр екен. Егер былтырғымен салыстырар болсақ, биыл судың көлемі аз. Өткен жылы осы уақытта секундына 1000 текше метр су аққан екен. Ал қоймадағы жинақталған судың көлемі былтыр 4149 текше шақырым болса, биыл 2448 текше шақырым. Яки былтырғыдан 1701 текше шақырымға аз деген сөз. Бұл тек Шардара қоймасы бойынша ғана. Көксарайдағы жағдай қандай деңіз. Айтайық. Көксарай су реттегішінде жиналған су көлемі 1562 текше шақырым көрінеді. Былтыр бұл 1245 текше шақырым болған. Сонда былтырғыдан 317 текше шақырымға артық екенін байқаймыз. Дегенмен, мамандар бұдан қауіптенудің қажеті жоқ екенін айтып отыр. Желтоқсанның ортасына қарай Сырдарияда то­­­лықтай мұз қатты. Бүгінде оның қа­лыңдығы солтүстік аудандарда 50-60 сантиметрге, оңтүстік аудандарда 20-30 сантиметрге жетіп отыр.
«Қыс қамыңды жазда ойла» дегендей, былтыр қараша айында алдағы қыс пен көктемде дарияға келетін мол суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстары қаралды. Облыстық әкімдікте. Сол жерде дайындық жұмыстарын жасау үшін барлық аудандар және Қызылорда қаласының әкімдеріне, жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Осы мақсатта жеті аудан мен қалада алдағы су тасқынына дайындық жұмыстарын қамтамасыз ететін арнайы штабтар құрылды. Ықтимал су тасқынына дайындық денгейін анықтау үшін Қызылорда қаласы мен аудандардың қаржылай мүм­кіндігіне және материалдық-тех­никалық жабдықталуына мониторинг жасалды. Барлық жерде су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын қаптар, пашын және қарабура қорлары жасақталған болып шықты. Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзенінің арнасы 68 учаскеге бөлініп, оған 115 жауапты мекемелер бекітілген. Жауапты мекемелерде 238 арна­йы техника, жүк тасымалдауға арналған 337 техника бар. Су тас­қыны қаупі төнген жағдайда осы мекемелерден барлығы 2548 адам жұмысқа шығуға тас-түйін дайын отыр. Сондай-ақ, қазіргі уақытта қауіпті аймақтардан су тасқыны кезеңінде халықты көшіруге ар­налған 75 эвакуациялық жинақтау және 84 қабылдау пункттерін дайындыққа келтіру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек «Қазсушар» РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесіп Сырдария өзенімен келетін мол суды канал­дарға қабылдаудың жобалары да әзірленіп қойды.
– Облыста төтенше жағ­дай­лар­дың алдын алу және жою жө­ніндегі облыстық комиссиясы жұмыс істейді. Осы комиссияның шешіміне сәйкес құзырлы органдар өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылып Сырдария өзені бойындағы қауіпті учаскелерге мо­ниторинг жүргізілді. Зерттеу жұ­мыстарының қорытындысы облыс бойынша 49 қауіпті учаске бар екенін айтып отыр. Осы орайда, аймақтағы аса қауіпті саналатын 23 учаскеде шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, гид­­ротехникалық құрылыстар қай­та реттеліп жатыр, – дейді об­лыс­тық жұмылдыру дайындығы, аза­­­­­­­­­­маттық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру бас­қармасының бастығы Марат Бәйімбетов.
Қауіп қашанда бар. Күн жылынып, тоң жібіп, көктемнің соңғы күндеріне аяқ іліктіргенге дейін бейқам болуға болмайды. «Сақтансаң – сақтаймын» деген ғой. Сол себепті облыста ықтимал тасқынның алдын алу шаралары жүйелі жұмыс істеп жатыр. Ал ол өз нәтижесін беруі керек.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.