Қоғам • 23 Тамыз, 2019

Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған

1263 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ата-ана құқығынан айыру бойынша жыл сайын 2 мыңға жуық іс қаралады. Нәтижесінде бұл құқықтан айырылатындардың саны мыңға жететін көрінеді. Ал балалар үйіндегі 31 725 тәрбиеленушінің 464-нің ата-анасы қайтыс болса, қалғандары түрлі себептермен осы мекемеге өткізілгендер.

Баланың бәрі бақытты  болу үшін жаралған

Елімізде 5 460 449 баланы бағып отырған 4 млн-ға жу­ық отбасы бар.Ста­тис­ти­каға сүйен­сек, олардың
13 173-і аз қам­тыл­ған отбасы ретінде тір­­келген, 34 700 отбасы кедейлік ше­гінде. 72 мың бала некесіз туған,
400 мың баланы жалғызбасты аналар тәр­биелеуде. Еліміздегі жал­ғызбасты әке саны – 60 мың. Балалар үйіндегі тәрбие­ленушілер саны жылдан-жылға 10-12 пайызға азайып келеді. 2015 жылы республика бойынша 188 балалар үйі болса, бүгінде олар едәуір қысқарған. Қазіргі таңда елімізде балалар үйінің саны – 140.

Әлбетте, ата-аналарды құқы­ғы­нан айыру – соңғы қадам.  Өз міндетін орындамаған, бала­сын қылмысқа мәжбүрлеген, ден­саулығына бейжай қараған, моральдық не физикалық қы­сым көрсеткен, жәбірлеген, бала өміріне қауіп төндірген, ішім­дікке, нашақорлыққа салынған ата-аналарға алдымен сынақ мерзімі тағайындалып, сот органдары бақылауға алады. Егер қараусыз қалған балаларды асырап алушылар мен бас-көз болатындар табылмаса, олар балалар үйіне тапсырылады. Бұдан кейін бала мен ата-анасының көрісуі тек сот органдарының рұқсатымен жүзеге асады. Өз баласынан көзі тірісінде айырылу ата-ана үшін оңай емес. Бірақ жоғарыдағы сандардан түсінгеніміздей, балаларынан бас тартушылар саны азаймай тұр.

Кәмелетке толмағандар іс­тері жөнін­дегі мамандан­ды­рылған сот өкіл­дері мен кәсі­би психологтардың айтуын­­ша, ата-ананы құқығынан айы­руға негіз болатын әрі жиі кез­десетін фактор – маскүнемдік пен нашақорлық.  Отба­сы мә­селелері бойынша кәсіби психо­лог Юлия Спиридонова «Ішім­дікке әуес­тік бар жерде жұ­мыссыздық болады. Екі күннің бірінде ішетін азамат­тың баласын асырау туралы ойы да, жұ­мысы да болмайды. Бұл – үлкен мәселе.

Өйткені ата-анасы есірт­кі мен ішімдікке тәуелді бол­ған бала әлгіндей жағым­сыз қасиеттерді бойына жұқ­тырады. Деструктивті отбасы­дан шық­қан балалардың қыл­­мысқа баратыны да осыдан. Ата-анасы баға алмаған бала көбіне ұр­лық жасайды. Сондықтан ең алдымен баланың ата-анама ұқсамасам деген тілегі мен кәсі­би пси­хологтардың қолдауы да аса маңызды», дейді. Сарап­шы­лар осы санаттағы ата-ана­лардың бұл дерттен арылу ние­ті болмайынша, оларды түсіндіру жұмыстары немесе емдеу шаралары арқылы жаман әдеттен арылту қиын екенін айтады. «Әрине алдымен көмек көрсетуге, баласы­ның болашағын ойлауға ша­қы­рамыз. Бірақ адамның өзі қаламайынша, жақсы нәти­женің болуы екіталай», дейді псих­олог.

Психологтар қоғамда отбасы институты туралы түсініктің дұрыс қалыптаспағанын жиі қозғап жүр. Мамандардың пікірінше, ата-анадан еркін болу, қаржылық тәуелділіктен құтылу сияқты себептермен құрылған отбасы көп жағдайда баянсыз болады. Ал олар бала­ларын жетімдер үйіне тап­сыруға алып келуі мүмкін. «Көп үйде отбасы құндылығы туралы айтылмайды, кейбір отбасылар бұл түсініктен тіпті алыс. Ешқандай дайындықсыз отбасын құрып, қиындыққа төзбей, баласынан бас тартатындар соңғы кезде көбейіп кетті. Сондықтан бұл туралы мектеп қабырғасында да ай­тылуы керек. Балаға отбасы не үшін құрылатыны, оның маңызы мен қадірі туралы жиі айтып отырса, ол ақпаратты түпсанасына еріксіз жазып алады. Некеге тұруға ұсыныс білдірген жастармен де жұмыс істеу керек. Неке өтініш берілген күннен бір айдан соң тіркелетіні мәлім. Сол бір айдың ішінде неке қиюға ниет білдірген жас­тармен жеке жұмыс атқарылып, кеңес берілсе, көп жағдайдың алдын алуға болады», дейді Юлия Спиридонова.

Мемлекет қарауына өтудің балаға қандай әсері болады? Ата-анасының қарауынсыз қалған баланың өз үйінен кетуі оның санасына соққы болары түсінікті. Бұл – баладағы түрлі психологиялық комплекстер мен басқа да пробле­маларға түрткі болады. Анасы­ның мейірімі мен ыстық ала­қанын, әкесінен қолдау көр­меген баланың болашақта қандай азамат болары белгісіз. Ақпарат көздерінде жетімдер үйінен шыққан балалардың көбі қылмыспен ұсталатыны туралы айтылып келеді.  Ста­тис­тика да мұны дәлелдеді. 2013 жылғы дерекке қарасақ,  балалар үйі түлектерінің 70 пайызының үстінен қылмыс­тық іс қозғалған. Балалар үйі – мемлекет үшін де үлкен шығын. Жыл са­йын балалар үйін қамтамасыз етуге мем­лекеттік бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бір баланы асырау үшін мемлекет ай сайын 150 мың теңге жұмсайды. Яғни, бір баланы бағу үшін Үкімет жылына 1,8 млн теңге бөледі. Оның үстіне балалар үйінің ғимараты, жөндеу жұмыстары, керек-жарақ, қызметкерлердің айлығы да мемлекет мойнында.

Осы ретте жоғары санатты психолог Наталья Крас­ни­кова балалар үйіндегі тәрбие­ленушілердің көбінің мейірімі, қоршаған ортаға сенімі аз болатыны, адами қасиеттерді ұмы­татынын айтады. «Олар көп жағдайда қоғамға сенбейтін агрес­сивті болып өседі. Сондықтан оларды туыстарымен араластырып тұру керек. Ата-әжесінің қамқорлығына беру тәжірибесі де болды. Бірақ жақсы нәтиже аз», дейді маман. Психологтың айтуынша, мемлекет үшін де, балалар үшін де ең тиімді әрі нәтижелі шешім – фостер отбасы. «Бұл жүйе шетелде жақсы дамыған, Ұлыбританияда кеңінен қол­даны­лады. Аталған отбасы мү­шелері арнайы оқытылады, бұл қызметі үшін айлығын да алады. Мұндай жағдайда тәртіптің бұзылуы, баланың құқы­ғын шектеу сияқты қате­ліктер болмайды. Бала қалыпты отбасындағыдай өмір сүреді. Отба­сы деген түсініктен алыс­тамайды. Бұл бір жағынан ба­ланың биологиялық ата-ана­сы үшін де мүмкіндік. Бас­қа отбасында ба­ласының мәз-мейрам халін көрген ата-ана ойланып, өз жағдайын түзеу­ге ниеттенуі де мүмкін. Ең маңыз­дысы – баланың психикасына әсері. Бала өзін қоғамның толық мүшесі сезінеді, орта мек­тепке барады, ел қатарлы өмір сүреді», дейді Наталья Красникова.