Экономика • 23 Тамыз, 2019

Банкроттық экономикалық және әлеуметтік ахуалға қалай әсер етеді?

567 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басында Елбасы Ұлттық банкке бәсекеге қауқарсыз бизнес нысандарды банкрот етуге рұқсат беруді тапсырған болатын. Қазір Ұлттық Банк осы бағытта жоспар дайындап жатыр. Бизнесті банкрот қылудың ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайына қандай әсері болуы мүмкін?

Банкроттық экономикалық және әлеуметтік ахуалға қалай әсер етеді?

Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті қаржыландыру мәселесін көтеріп, елде бәсекеге қабілетті компаниялар мен тиімді жобалардың кешенін айтып, банктердің несие бере қоятын компанияларының аздығын сынағаны белгілі. Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев банк секторындағы «тазалау» сияқты бизнес нысандарын банкроттық жасауға да рұқсат беруді ұсынған болатын. Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевқа несие алып, қайтара алмай жүрген компания­ларды банкрот ету керектігін айтты.

Банктердің несиесін менсінбейді

Ұлттық банк осы бағытта жұмыс істейтін болса, бірқатар компания жабылып қалатыны сөзсіз. 2016 жылғы дерек бойынша, елімізде шамамен 133 мыңдай бизнес субъектісі болған. Жыл сайын олардың 1-1,5 мыңы банкроттық жағдайда болады екен. Ал қалған компаниялардың 93 пайызы Елбасының мәліметінше, жеткілікті деңгейде несиелендірілген. Қаражат керек емес. Бұл – бір жағынан банктердің не себепті экономиканы қаржыландыруды азайтқанының жауабы.

Ұлттық қор мен республикалық бюд­жеттен стратегиялық маңызды жоба­ларға деп бөлінетін миллиардтаған «арзан ақша» мен жергілікті бюджеттің шағын несиелері тұрғанда кәсіпкерлер банк­терден несие сұрамайтыны түсінік­ті де. Қалай дегенмен, кей компания­лар мемлекеттік бағдарламалар арқы­лы бөлінген ағыл-тегіл ақшаға кене­ліп жатса, енді бірі өздерінің қауым­дас­тырылған банктері арқылы тегін қаржыны игеріп отыр.

Ұлттық банк бизнесті бан­крот­тауға рұқсат етсе, жылына шамамен компа­ния­лардың 1 пайы­зы ғана жабылуы мүмкін. Мұны статистикаға сүйеніп айтуға болады. Бұл – экономика үшін анау айтқандай қауіп емес, қалыпты нәрсе.

Дегенмен, Ұлттық банктің мәліметінше, банкроттыққа жатпайтын, бірақ қаржыландырудан таршылық көріп, дами алмай отырған компаниялар нарықтың жартысын құрайды. Бұл енді алаңдатарлық жағдай.

Компаниялардың үштен біріне қаражат жетіспейді

2016 жылғы дерек бойын­ша республикада ірі және орта бизнеске жататын 7,9 мың кәсіп­орын болған. Соның ішінде экономиканың негізгі салалары: тау-кен, өңдеу, құрылыс, сауда, көлік және қоймалау салаларында жұмыс істейтін ірі және ор­та компаниялар саны шамамен 5,7 мыңды құрайды. Ұлттық банк сарапшылары таяуда осы қатар­дағы 3 217 компанияның қаржы­лық көрсеткіштеріне талдау жасап, төмендегідей қорытын­ды жасап отыр. Бас банктің мә­лі­ме­тінше, тау-кен саласындағы ком­паниялардың көпшілігі инвес­тиция тартуға ешқандай кедергі жоқ екенін айтса, сауда сала­сындағы кәсіпкерлер саладағы бәсекелестіктің жоғарылығынан қаражаттан қиналып отырғанын жеткізген. Ал құрылыс, көлік және қоймалау мен  өңдеу өнер­кә­сібіндегі компаниялар тікелей қаржыландырудың жоқтығына шағымданады. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өнімдеріне сұраныстың аздығы да саланың дамуына кедергі келтірсе, көлік және қоймалау саласында айналымдағы ақшаны арттыруға таза пайда жетпейді.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы бір жылда барлық сала бойынша қаржыландыру деңгейі өзгеріссіз қалмақ. Дегенмен өңдеу саласында қаржыландыру ай­тар­лықтай өсіп, саудада кері­сінше құлдырау басталады деген жорамал бар. Ал құрылыста не­гізгі капиталға салынатын инвес­ти­цияның азаю қаупі байқалуда. Жалпы, елдегі ірі және орта кә­сіпорындар қаржыландыру бойынша пессимистік кейіп танытып отыр. Бұл тұрғыда олар кәсіпорынның өзіндік қаражатына ғана арқа сүйейтінін алға тартады.

Қай салалар девальвациядан ұтылып отыр?

Талдау жасалған компа­ния­лардың 70 пайыздан астамы шетелдік серіктестермен жұ­мыс істейді. Шетелдік әріп­тес­термен тікелей жұмыс істейтін компаниялардың үлесі сауда саласында, өңдеу және тау-кен өнеркәсібінде шамамен орташа 80 пайызды құраса, көлік және қоймалау саласында 66 пайыз, құрылыс саласында 61,8 па­йызды құрайды. Бұл өз кезегінде шетел валютасының да қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ететіні белгілі. Мәселен, шетелдік серіктестермен есеп айырысарда кәсіпорындардың 52,9 пайызы Ресей рублін, ал 45,8 пайызы АҚШ долларын пайдаланады екен. АҚШ долларын көбірек қолданатындар – тек тау-кен өндіру өнеркәсібі. Саладағы кәсіпорындардың 65,1 пайызы доллармен сауда жасаса, қалған салаларда рубль көбірек қолданылады. Ал шетелдік серіктестермен есеп айырысуда кәсіпорындардың 14,3 пайызы ғана теңгені қолданған.

«2019 жылдың 2-тоқсанында АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының өзгеруі тау-кен өнеркәсібі мен саудаға ай­тарлықтай әсер етті. Есесіне көлік және қоймалау бизнесі де­вальвацияға төзімдірек болды. Ал рубльдің теңгеге шаққандағы ба­ғамының көтерілуі сауда және құрылыс салаларына кө­бірек ықпал етсе, басқа сала­лар­ға айтарлықтай кесірі тие қой­мады», деп жазады бас банк. Жалпы, бағам өзгерісінің әсері­нен зардап шеккен саланың бірі өңдеу өндірісі, көлік және қой­малау салалары болса, тау-кен өнеркәсібіне ұлттық валютаның әлсіреуі кері әсерін тигізбеген.

Өңдеу өнеркәсібі мен сауда несиеге мұқтаж

Ұлттық банктің мәліметінше, 2019 жылдың 2-тоқсанында банк­тердің несиелеу шарттары кен өндіру, өңдеу салалары кәсіпорындары үшін жақсарып, құрылыс саласы үшін нашарлады.

«Теңгемен алынған кредиттер бойынша ең төменгі орташа пайыздық мөлшерлеме, яғни 11,6 пайыз өңдеу өнеркәсібінде болғанына қарамастан, өңдеу өнеркәсібінде несиелендіру шарттары тиімсіз деп бағаланып отырған. Ал кредиттеу шарттарына көңілі толатын компаниялар негізінен тау-кен өнеркәсібінде», деп жазады Ұлттық банк.

2019 жылдың 3-тоқсанында несие алуға ниетті кәсіпорындардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласына тиесілі. Бұл салаларда несие рәсімдеуге өтінім бергендер саны шамамен тиісінше 22,8 пайыз және 20,3 пайыз. Ал көлік және қоймалау бизнесіндегі кәсіпорындардың бар болғаны 7,0 пайызы ғана несие алуға талаптанған.

Банк секторынан тыс фир­ма­аралық борыш құрылыстан басқа барлық салада жақсарғаны байқалады. Қазіргі таңда ірі және орта бизнес субъектілерінің 27,4 пайызында 90 күннен асып кеткен фирмааралық дебиторлық берешек болса, компаниялардың 21,3 пайызының мойнында мер­зімі өтіп кеткен несиелік қарыз бар екен. Соның ішінде деби­торлық берешегі бар кәсіп­орындар негізінен құрылыс сала­сында болса, көлік және қой­малау саласындағы компания­ларда дебиторлық берешек айтар­лықтай аз. Ал мерзімі өтіп кет­кен несиелік берешегі бар кәсіп­орындардың дені құрылыс және тау-кен өнеркәсібінде.

Қорыта айтар болсақ, эконо­ми­каның негізгі салаларындағы ірі және орта кәсіпорындардың дамуына негізінен қаражаттың тапшылығы, өнімге сұраныстың төмендігі мен пайданың аздығы кедергі келтіріп отыр. Егер Ұлттық банк алдағы уақытта бизнесті банкроттауға рұқсат етсе, ірі және орта кәсіпорындардың үштен бірі жабылып қалуы ықтимал. Өйткені жоғарыда аталғандай, бұлар – бизнестерін «плюске» шығара алмай отырған кәсіпорындар. Бір қызығы, мемлекеттік бағдарламалардың бизнесті қаржыландыруы күшейген кезде кәсіпорындар қаржыдан таршылық көріп отыр.