Әлем • 23 Тамыз, 2019

Трамп Гренландияны меншіктеуге құлықты

199 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жерлерді сатып алып, аумағын кеңейту – алпауыт елдің тәжірибесінде бар дүние. Кейінгі күндері БАҚ беттерінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Данияға қарасты Гренландияны меншіктеп алуға ниетті екенін аңғартқаны қызу талқыланып жатыр.

Трамп Гренландияны  меншіктеуге құлықты

Өткен аптада The Wall Street Journal газеті АҚШ-тың Грен­лан­дияны меншіктеп алуға мүд­делі екенін хабарлаған. Алды­мен мұндай пиғылдың барын Ақ үй­дің экономика жөніндегі кеңес­шісі Ларри Кудлоу растады. Ке­йінірек АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі журналис­термен сөйлескенде Гренлан­дияға стратегиялық жағынан қызы­ғушылық танытып отырған­дарын, сатып алуға әрекеттеніп көретіндерін, бірақ бұл кезек күттірмейтін мәселе емес екенін айтқан.

Алпауыт елдің ең алып аралға көз алартқаны туралы ақпараттар әлемдік баспасөз беттерінде желдей есті. Мұндай идеяны сан­дыраққа балап, Гренландия мен Дания наразылығын білдірді. Аталған аралды автономды аймағы деп білетін Данияның пре­мьер-министрі Метте Фре­дериксен бұл ұсыныстың ойға қонымсыз екенін айтып, Д.Трамптың жай әзілі болар деп үміттенетінін жеткізді. Бұған қоса Данияның бел­сенді азаматтары Ақ үй иесі­нің ақылынан адасқанын, аралды сатып алу жос­пары орынсыз бас­тама екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Гренландия билігі де қағыс қалмай, мұндай ұсынысты қабыл алмайтындарын ашық білдірді. Гренландияның премьер-министрі Ким Кильсен аралдың сатылмайтынын, бірақ басқа елдермен, соның ішінде АҚШ-пен де экономикалық ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты. Аралды сатып алу төңіре­гін­дегі осындай қызу талқылау­лардан соң тараптардың арасында сал­қындық пайда бола бастады. Алдағы 2 қыр­күйекте Дания ханшайымы ІІ Мар­гретенің шақыруымен Д.Трамп­тың Копенгагенге ресми сапары жоспарланған еді. Бірақ Да­нияның дәмесі зор қонаққа аралды беруге құлықты емес екенін аң­ғарған АҚШ президентінің арқасы құрысып қалды. Сөй­тіп Д.Трамп Twitter-дегі парақ­ша­сында Данияның ерекше ел екенін айта келе, премьер-министр М.Фредериксеннің Гренландияны сатып алу жа­йын­да талқылауға ниет таныт­па­ғанын ескеріп, екі аптадан соң жоспарланған кездесуін кейінге шегеретінін жазды. Ал мұны Дания үкіметінің бас­шысы таңданыспен әрі өкініш­пен қабылдап, ортақ қызығу­шы­лықтарын талқылау үшін ұйымдастырылған бұл шақырту әлі де күшінде екенін мәлімдеді. Сон­дай-ақ Данияның бұрынғы сырт­қы істер министрі Уффе Элле­ман-Йенсен АҚШ пре­зиден­тінің бұл әрекетін хан­шайымға құрмет көрсетпеу деп бағалады.

Гренландияны сатуға үзілді-кесілді қарсылық білдіргенге қы­рын қабақ танытқан Д.Трамп мұнымен қоймай, Данияның бай ел бола тұра НАТО шығын­дарының 1,35%-ын ғана өтей­тінін, 2% деңгейінде емес екенін айтып, қатты сынға алды.

Мұның алдында АҚШ прези­денті Дания Гренландияны қам­тамасыз ету үшін жыл сайын 700 млн доллар шығындайтынын, бірақ бұл аралдың жағдайын оңалтуға жеткіліксіз екенін, оны сату біраз жүгін жеңілдететінін айтқан. Оның бұлай сөй­леуіне негіз бар. Өйткені «The Was­hing­ton Post» газеті Д.Трамптың Да­нияға Гренландия үшін жылына 600 млн доллар төлеуге дайын екенін хабарлады. Алайда, жалға алудың мерзімі нақты көрсетілмеген.

АҚШ-тың Гренландия қой­науындағы табиғи ресурстары үшін қызығып отырғаны айтылады. 2018 жылы америкалық инженерлер аралда зерттеу жүр­гізіп, шамамен 50 млрд бар­­рель мұнай тапқан. Бұған қоса арал көмір, мырыш, мыс және темір сияқты пайдалы қазба­ларға бай. «Financial Times» газеті Грен­лан­дияның минералды және қор­ғаныс активтерінің жалпы құнын 1,1 трлн долларға бағалаған.

Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, АҚШ Атлант және Сол­түстік Мұз­ды мұхит арасын­да орналас­қан аралды сатып алуға бірінші рет талаптанып отырған жоқ. Бұ­ған дейін 1946 жылы мемлекет бас­шысы Гарри Трумэн Гренлан­дия үшін Данияға 100 млн доллар ұсынған екен. Ал 1967 жы­лы Да­ния тарапы АҚШ-тың Мемле­кеттік департаментінің осы іспет­тес ұсынысынан бас тартқан. Ол кезде бұл мәмілеге көрші Ис­лан­дияны қосып алу да кірген еді.

Жаңа жерлерді сатып алу арқылы аумағын кеңейту Құрама Штаттардың тәжірибесінде бұ­рын­нан бар. Сол Даниядан 1917 жы­лы Вир­гин аралдарын 25 млн дол­ларға са­тып алған. Одан әрірек 1867 жылы Ресейден 7,2 млн дол­ларға Альясканы, 1803 жылы Фран­циядан 15 млн дол­­ларға Луизиана аумағын меншік­теді.